Жуықта ғана «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 2020 жылдың тоғыз айындағы өндірістік нәтижелерін жария етті. Компания есебінен аталған салдардың Қазақстан экономикасының басты тірегі болып отырған салаға, соның ішінде отандық компания көрсеткіштеріне қалай әсер еткенін аңғарамыз. Енді сол көрсеткіштерді талдап көрейік.
Есепте баяндалғанындай, 2020 жылдың тоғыз айында ҚМГ мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2019 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 6,6%-ға азайып, 16 423 мың тоннаны (тәулігіне 449 мың баррель) құрады. Ілеспе және табиғи газды өндіру деңгейі 0,9%-ға, яғни 6 173 млн текше метрге дейін төмендеді.
Осының ішінде Теңіз кен орнындағы компания үлесіндегі мұнай өндіру 2019 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 8,2%-ға қысқарып, 4 032 мың тоннаны (тәулігіне 117 мың баррель) құрады. Ал газ өндіру 6,9% -ға кеміп, 2 238 млн текше метрді құрады. Мамандардың айтуы бойынша бұған мұнай өндіру деңгейіне ОПЕК+ келісімінің шектеулері елеулі әсер етті.
Керісінше Қашаған кен орнындағы компания үлесіндегі мұнай өндіру деңгейі 13,8%-ға немесе 954 мың тоннаға дейін (тәулігіне 28 мың баррель) өскен. Табиғи және ілеспе газды өндіру 14,6%-ға ұлғайып, 576 млн текше метрді құраған. Мамандардың айтуы бойынша мұндағы мұнай және газ өндіру 2019 жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде артты. Бұл теңіз және жерүсті кешендерінің пайдалану коэффициентін ұлғайтуға, айдау қорын 4 ұңғымадан 6 ұңғымаға дейін көбейтуге, мұнай технологиялық желілерінде қосымша ребойлер қондырғыларын орнатуға, сондай-ақ жаңа ұңғымаларды қолданысқа енгізуге мүмкіндік тудырды. 2020 жылдың тоғыз айында Қашаған кен орнындағы орташа тәуліктік жалпы өндіру (шетелдік команиялар үлесін қоса есептегенде) 100% деңгейінде сақталып, тәулігіне 333 мың баррельді құраған.
Қарашығанақ кен орнында ҚМГ-ның мұнай және конденсат өндіру көрсеткіші тоғыз айда 7,4%-ға ұлғайып, 816 мың тоннаны (тәулігіне 23 мың баррель) құрады. Газ өндіру деңгейі 1 501 млн текше метрді құрап, 2019 жылдың тоғыз айындағы деңгейден 7,9%-ға жоғары болды. Бұған 2019 жылдың қыркүйек-қараша айларында нысандардың алдын ала жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін Қарашығанақ өңдеу кешенінің (ҚӨК) өндірістік нысандарын және Газды кешенді дайындау қондырғыларын (ГКДҚ-2 және ГКДҚ-3) жаңғырту ықпал етті.
Ал енді мұнай тасымалдау көлеміне келсек, мамандар мұндағы ҚМГ операциялық үлесіне қатысты әрбір жеке құбыр компаниясының тасымалдау көлемі ескерілетінін айтады. Өйткені мұнай көлемінің бір бөлігін екі немесе үш құбыр компаниясы тасымалдауы мүмкін және сәйкесінше бұл көлемдер мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемін ескере отырып есепке алынады. Осындай есеп бойынша «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдау көлемінде 90% мөлшерінде, нақты иелену үлесі кезінде 100% ҚМГ операциялық үлесі ретінде пайдаланылады.
Міне, осындай есеппен алғанда магистралды құбырлар бойынша мұнай тасымалдау көлемі сөз болып отырған тоғыз айда 4,6%-ға қысқарып, 48 015 мың тоннаны құрады. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштің төмендеуіне 2020 жылдың қаңтарында мұнай құрамында хлорорганикалық қоспалардың шамадан тыс мөлшерде анықталуының салдарынан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан мұнайды шектеулі жеткізу және мұнай құбырлары жүйесіне Құмкөл кен орындары тобының мұнай өндіру деңгейінің табиғи түрде кемуі салдарынан мұнай тапсыру көлемінің азаюы және ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнайды шектеулі өндіру әсер етті.
2020 жылдың тоғыз айында мұнайды теңізбен тасымалдау көлемінің 13,9%-ға, 7 210 мың тоннаға дейін төмендеуі жүк тиеу кідірісінің, сонымен қатар ауа райының қолайсыз жағдайлары салдарынан Жерорта теңізіндегі тасымалдау көлемінің азаюына байланысты болды.
2020 жылдың тоғыз айында ҚМГ магистралды газ құбырлары арқылы газ тасымалдау көлемі 14,7%-ға немесе 63 448 млн текше метрге дейін төмендеді. Оның төмендеуі негізінен Қытайға жөнелтілетін ортаазиялық газдың транзиттік көлемінің азаюына, Қазақстан аумағы арқылы «Газпром» ЖАҚ ресейлік газдың транзиттік ағындарының төмендеуіне және Ресейге газ өндіру деңгейінің кемуі себебінен Теңіз газы экспортының азаюына байланысты болды.
Жоғарыда сөз болған бұл жағдайлар көмірсутек шикізатын сату мәселесіне де әсер еткенін айтуымыз керек. 2020 жылдың тоғыз айында ҚМГ-ның өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға азайып, 17 011 мың тоннаны құрады. Ал оның 71%-ы экспортқа шығарылды. Өзі өндірген мұнайды ішкі нарыққа жеткізу көлемі 4 955 мың тоннаны құрады, соның ішінде мұнайды әрі қарай өңдеу және мұнай өнімдерін сатуға операциялық активтердің («Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз» және «Қазақтүрікмұнай») шикі мұнайының 2 500 мың тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) және Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) жеткізілді.
2020 жылдың тоғыз айында тауарлық газды сату көлемі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында сатылған көлеммен салыстырғанда 1,5%-ға қысқарып, 15 498 млн текше метрді құрады. Тауарлық газдың экспорты 5 936 млн текше метрге жетті, оның 88%-ы 2018 жылдың қазан айында Қытайға табиғи газды 10 млрд текше метр дейінгі көлемде жеткізу туралы қол қойылған келісімнің шеңберінде Қытайға экспортқа жіберілді. Пандемия салдарынан 2020 жылдың тоғыз айында Қытай бағытына жөнелтілген газ экспорты жоспарланған көлемнен төмен болды, бірақ өткен жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштермен салыстырсақ, нақты экспорт көлемі өзгермеді.
Сонымен, қорыта айтқанда, келтірілген бұл көрсеткіштер отандық мұнай-газ саласының дамуға бейім екенін, бірақ соған қарамастан, әлемді кернеген пандемия мен халықаралық кикілжіңдердің еліміздегі мұнай мен газ өндірісіне теріс ықпалын тигізіп келе жатқанын дәлелдей түседі.