114 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылды
Тәуелсіздік жылдары бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Атап айтқанда 2005-2011 жылдары тұрғын үй құрылысын дамыту, «Қолжетімді баспана-2020», «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламалары. Осы кезеңде 114 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.
«2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама іске қосылған 3 жылдың ішінде 36,8 млн шаршы метр немесе 330 мың тұрғын үй салынды. Қолжетімді тұрғын үй және жеңілдетілген несие беру арқылы мемлекеттік қолдау шараларымен 89 мыңға жуық отбасы қамтылды», деді М.Жайымбетов.
Бұл жылдар аралығында тұрғын үй құрылысына 3,6 трлн тенгеден астам жеке инвестиция тартылды. Комитет басшысының айтуынша, салынған мемлекеттік инвестициялардың 1 теңгесіне жеке инвестициялардан 6 теңгеден келеді.
Ведомствоның ақпаратына сенсек, Қазақстанда тұрғын үйге қолжетімділіктің сатылы жүйесі қарастырылған.
«Мемлекет басшысы тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін нақты бағалауды қарастыруды тапсырды. Биылдан бастап бағдарлама бойынша әрбір отбасы мүшесінің табысын ескере отырып, тұрғын үйге қолжетімділіктің сатылы жүйесі қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын әлеуметтік осал топқа жататындар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй – 32 700 теңге. Табысы екі АЕК-тен аспайтын көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасылар үшін жылдық 2%-бен жеңілдікті несиелер, табысы 3,1 АЕК-тен асатын кезекте тұрғандар үшін «5-10-20» бағдарламасы, «7-20-25» бағдарламасы және банктер мен тұрғын үй жинақтау жүйесінің өзге де нарықтық бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі бар. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларды сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етеміз», деді комитет төрағасы.
Бағдарламаларды іске асыру кезеңінде 30 мың отбасына тұрғын үй беру көзделген, оның ішінде биыл 4 835 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Баспана қоры жеткілікті
Құзырлы органның мәліметіне сәйкес, елімізде баспана қоры жеткілікті. Сондықтан тапшылық болмайды деп сендірді министрлік өкілдері.
«Жаңа тұрғын үй қорын құруымыз керек. Мемлекет бөлген қаражатты тиімді пайдалану керек. Осы арқылы жаңадан құрылыс саласын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға басымдық берілуі тиіс. Сондықтан бағдарлама жаңа тұрғын үй алуға бағытталып отыр. Пәтер жеткілікті» деді спикер.
Жауапты ведомствоның ақпараты бойынша «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы 390 млрд теңге бөлініп, оның 180 млрд теңгесі несиелік пәтерлер салуға әкімдіктерге берілді. 210 млрд теңге 17 мың жеңілдетілген несие беруге бағытталды.
Биыл бас шаһарда 5 мыңға жуық, Алматыда шамамен 4 мың, сондай-ақ өңірлерде 200-600 пәтер тапсыру жоспарланған.
Мемлекеттік қолдау 1,5 есеге өсті
Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда осы жылы тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау көлемі 1,5 есеге өсті.
«2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу бойынша міндеттеме алдық. Бұл 150 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, 40 мыңға жуық отбасы мемлекеттік инвестициялар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қолдау көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып отыр», деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша шалғай елді мекендерге де назар аударылып, ауылшаруашылық саласының қызметкерлерін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі әзірленіп жатыр.
«Жұмыс беруші белгіленген жобаға сәйкес, өз қаражаты есебінен тұрғын үй салады. Мемлекет өз тарапынан үйдің тіркелген құнының 50%-ын республикалық бюджеттен субсидиялау міндетін алады. Бұл ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға және еңбек ресурстарын сақтап қалуға мүмкіндік береді», – деді М.Жайымбетов.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың айтуынша, нарықтық экономикада тұрғын үй бағасын сұраныс пен ұсыныс реттейді. Сол себепті, қайталама нарықта баспананың құнын белгілеу мүмкін емес. Ал мемлекеттің есебінен салынып жатқан үйлердің шаршы метріне нақты бағалар бекітілді.
«Алматы жастары» сынды мемлекеттік бағдарлама аясында қайталама нарықтан баспана алуға рұқсат берілген кезде бағалар шарықтап кетеді. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үйдің шаршы метрі үшін бағалар бекітілген. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында – 220 мың теңге, Алматы қаласында – 240 мың теңге, Шымкентте – 200 мың теңге және өңірлерде 160 000-180 000 теңге аралығында», деді Ж.Матаев.