Бизнес • 06 Қараша, 2020

Шекарадағы жаңа «бизнес»

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Науқастардың қауіпті вирусты қай­дан жұқтырғаны да тексеріліп жатыр. Көп жағдайда салғырттық салқыны сезі­леді. Мысалы, бір азамат Өскемен қала­сына садақа-жиынға барып, сол жақтан вирус жұқ­тырып келген. Тағы бір науқас Нұр-Сұлтан қаласында тұратын баласына барған. Сондай-ақ науқастардың көп­ші­лі­гі қоғамдық көлікпен жүргенін айтады. Кей зейнеткер дүкенге, дәріханаға ғана ба­рыпты.

Шекарадағы жаңа «бизнес»

– Науқастардың біразы вирусты қай­дан жұқтырғанын айта алмай­ды. Сон­дықтан көпшілік орындарда са­ни­тар­лық талаптарды сақтау қажет­ті­гін халыққа қайта-қайта ескерту қажет, – дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыста Сovid-19-ды ПТР-тестілеу арқылы анықтайтын 7 зертхана бар. Бір аптада осы зертханалардан 9 мыңға жуық адам өткен. Тестілеу құны Батыс Қа­зақстан облысы тауарлар мен көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау департаментінің арнайы зертханасында 8 220 теңге тұрады, жекеменшік зертханаларда 9 мың тең­ге­ден аспайды. ПТР-тест өтушілердің 70 пайызы жолдамамен, тегін өткізілген.

– Ресейдегі ахуалға байланысты шека­радағы бақылау күшейтілді. Біздің ма­мандар шекара бекетінде, төрт авто­өт­келде күні-түні жұмыс істеп жатыр. Соңғы бір аптада шекарадан 1 158 жаяу жүргінші өткен. Оның 1 044-інде ПТР-тестілеу анықтамасы болған. Ал анықтамасыз өткен 114 адам карантинге жатқызылып, оның үшеуінде ПТР-тесті­леу нәтижесі оң нәтиже көрсетті. Ресей Федерациясының 19 азаматын құжа­ты болмауы­­­­на байланысты шекарадан өткізбедік, – дейді облыстық бас сани­тар­лық дәрігері.

Штаб отырысында белгілі болған бір мәселе – облыс аумағына шекарадан өткен тран­зит­тік жүргізушілерге қа­­тысты. Халықаралық келі­сім­дер­ге сәй­кес, транзиттік көліктер шекарадан ке­дер­­гісіз өтеді. Соңғы бір аптаның ішін­­де 2 300-ге жуық транзиттік жүр­гі­зуші облыс арқылы өткен. Олар­дың ара­­сында вирус тасымалдаушылары да бол­уы мүмкін.

Шекарадан өтетін жүргізушілердің көпшілігі ПТР-тестсіз, анықтамасыз ке­ле­ді. Олардың ішінде 8 адамнан коронавирус анықталған.

– Біз 19 қазаннан бастап транзиттік кө­ліктерді шекарадан күтіп алып, поли­ция­ның жетегімен алып жүреміз. Ақтөбе, Атырау, Тасқала, Самара жағынан күн­діз төрт экипаж, түнде төрт экипаж осы қызметте жүр. Осы жерде бір мәсе­ле туындайды: кейбір транзиттік көлік­тер қала ішіндегі кемпингтерге аялдап, тоқтап қалады. Оларды қашан қала­дан шығып кеткенше бақылап жүру мүм­кін емес. Сондықтан қала ішін­дегі кемпингтердің транзиттік көлік­тер­­ге қызмет көрсетуін шектейтін тәр­­тіп керек. Облыстың бас санитар дә­рі­гері осы мәселеге арнайы қаулы шы­­ғарса, – деген ұсынысын білдірді Батыс Қазақстан облыстық Полиция де­пар­таменті бастығының орынбасары Жанболат Жаншин.

Ал Ғ.Есқалиев кейбір тұрғындардан арыз түскенін, шекарадан өтіп жатқан транзиттік көліктердің ішінде көлікке, жүкке қатысы жоқ ресейлік азаматтар болуы мүмкін екенін алға тартты.

– Мұндай арыз болғанымен, әзірге дә­лелденген жоқ. Ресейден келетін жүк көлі­гінде екінші жүргізуші болады. Олар­дың кейбірінде сол көлікті жүр­г­і­зуге рұқсат беретін тиісті категория бол­­­маған оқиға кездесті. Осыған қарап, ше­­карадан өтіп кету үшін олар жүр­гі­зу­ші­мен қандай да бір сомаға келісіп алуы мүм­кін деген күмән туады. Бірақ мұны тексеру қиын, – деді шекара қызметінің өкілі.

Ғ.Есқалиев бұл мәселені респуб­ли­ка­лық деңгейде көтеруді тапсырды.