Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Ауыл әкімі қызметінен кетеді

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирустың алдын алудың бір шарты – карантиндік шаралардың қа­таң сақталуы. Алайда жоғарыда айт­қа­нымыздай, бұл талаптар сақтала бер­мей­ді. Ел ішінде көпшіліктің жиын, той-то­ма­лақ өткізушілер әлі көп. Мұндай заң бұ­зушылардың арасында мемлекеттік қыз­­метшілер, әкімдер де кездесіп қала­ды.

Ауыл әкімі қызметінен кетеді

Бүгінде облыста карантиндік шара­лар­дың сақталуын бақылайтын мобилді 158 мониторинг тобы құрылған екен. Мұның 20-сы – облыс орталығында болса, 138-і аудандарда қызмет етеді. Осы топтар 2 қарашаға дейін карантин шектеу талаптарының 348 мәрте бұзылғанын ан­ықтаған. Полиция департаменті қыз­мет­керлері 2 534 заңбұзушылықты тір­ке­ген. Тәртіп бұзғандардың 2 578-і жеке адамдар болса, 304 заңды тұлға да шектеу талаптарын бұзып, көзге түскен.

Өткен аптада батысқазақстандық ауыл әкімі ұлының үйлену тойын Орал қала­сында мейрамханада тойлағаны тура­лы ақпарат жария болған еді. Штаб оты­рысында ауыл әкімінің мәселесі де қаралды.

– Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық ок­ругінің әкімі Тәтжан Өтемісов 9 қазан мен 9 қараша аралығында кезекті еңбек де­малысында болған. Лауазымдық мер­зі­мі аяқталуына байланысты ол 10 қара­шадан бастап қызметінен босатылады, – деді облыс әкімі аппаратының жетекшісі Берік Батаев.

Сондай-ақ Т.Өтемісовтің мәселесі «Мем­лекеттік қызметшілерді тәртіптік жауап­­кершілікке тарту ережелері туралы» Президент Жарлығына сәйкес Мем­ле­кет­тік қызмет істері депар­та­мен­тінің арнайы кеңесінде қаралмақ.

Батыс Қазақстан облыстық тұтыну­шы құқығын қорғау басқармасы каран­тиндік шектеу шараларын бұзғаны үшін Тәтжан Өтемісовке 41 670 теңге әкімшілік айып­пұл салғаны да белгілі болды.

Әрине, мұндай қатаң шаралардың бәрі де облыс тұрғындарының ден­сау­лығы үшін жасалып жатыр. Егер вирус жаппай тарап, карантин тәртібі қатаңдайтын болса, халыққа да, өңір экономикасына да ауыр тиетіні сөзсіз. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Ғиза­тул­ла Лямовтың айтуынша, соңғы аптада облыста ковидтық пневмония­мен ауы­ру көрсеткіші көбейген. Дәл қазір 148 науқас Сovid-19 дертінен ем алуда. Сондықтан сақтықты күшейтпесе бол­май­ды.