Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, спорт саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін өңірде біршама жұмыс атқарылған. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жас ұрпақ тәрбиесіне, бұқаралық спорт пен дене шынықтыру, әсіресе балалар спортына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқанын еске салды.
Қазір спорт саласындағы өзекті мәселенің бірі – аудандарда спорт инфрақұрылымын дамыту. Ауылдық жерге спорт мамандарын, әдіскерлер мен жас жаттықтырушыларды тарту да қиын. Шынында да ауылдарда спорт залдары тапшы, спортпен айналысу үшін қажетті жағдай жоқ екені, спорттық құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі рас. Осы олқылықты жою үшін 2020-2021 жылдар ішінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының инвестициясы есебінен облыстың 7 ауданында 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген еді. Қазірдің өзінде бұл кешендердің біразы пайдалануға берілді. Биылғы 22 мамырда Жаңақала ауылында 160 көрермендік орны бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені тапсырылды. Орал қаласында да спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі оң шешіліп жатыр. Биыл мемлекет есебінен қала бойынша 6 спорттық алаң салынып, іске қосылды. Жалпы облыс бойынша 32 спорттық алаң салынған.
Бір қуанарлығы, облыста жеке кәсіпкерлердің спорттық нысандар салуы көбейді. Мысалы, биыл қыркүйек айында кәсіпкер Алпамыс Қамалов Орал қаласының «Құс фабрикасы» аумағында жаңа спорт залын ашты. Кәсіпкер Төлеген Досболатов 10-шағынауданда жаңа спорт ғимаратын іске қосты. Грек-рим күресінен балалар тәрбиелейтін бұл спорт клубына Қазақстан Республикасына еңбегі сінген жаттықтырушы М.Жұмашевтің есімі берілді. Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі федерациясының президенті, «Медициналық орталық» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Рафхат Истаев «Омега» шағынауданында спорт залын салды. Кәсіпкер Данияр Ғабдуллин де көлемі 3 мың шаршы метр құрайтын Omega Sports заманауи спорт кешенін салып жатыр. Жеке кәсіпкер Қ.Рахметованың Атоян стадионы жанынан салған екі қабатты спорттық нысаны да биыл аяқталды. Қазір мұнда «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» мүшелері жаттығып жүр. Спорттық ғимаратта жеңіл атлетика, қол күресі, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, пауэрлифтинг, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Бұған дейін олар азып-тозған, жылыту жүйесі істен шыққан «Зенит» зауытының залында жүрген еді.
– 2019 жылы Батыс Қазақстан облысында 181 мыңға жуық адамның қатысуымен 3 993 іс-шара өтті. Биыл, әрине карантин өз әсерін тигізді. Дегенмен 8 ай ішінде 50 289 адамның қатысуымен 984 іс-шара өткіздік. Соның 726-сы ауылдық жерде өтіп, оған 21 581 адам қатысқан. Бұған қоса 307 шара онлайн режімде қашықтан ұйымдастырылған, – дейді Қ.Есендияров.
Басқарманың есебі бойынша 2019 жылы өңірде дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың жалпы саны 204 968 (31%) адам болса, 2020 жылдың соңына дейін олардың санын 32%-ға жеткізу көзделген.
Батыс Қазақстан облысында күні бүгін балалар мен жасөспірімдердің 23 спорт мектебі бар. Мұнда 12 674 жасөспірім 49 спорт түрімен шұғылданады.
2019 жылы Жапонияның Номи қаласында өткен спорттық жүрістен Азия чемпионатында оралдық Георгий Шейко күміс жүлдені иеленіп, қазақстандық спортшылар арасынан бірінші болып Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарына жолдама ұтып алды. Су добынан Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының қақпашысы, оралдық Павел Липилин де – жолдама иегері.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылған игі істің бірі – Жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі жаңа қонысқа көшті. Бұл спорт ұйымында күрестің сан түрі бар. Мұнда самбо күресінен әлем чемпиондары Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серіков, Темірлан Ихсанғалиев, жастар арасында Ерасыл Бақыт, грек-рим күресінен жастар арасында Артур Үмбетқалиев және басқалары тәрбиеленген. Жақында осы мекеме бұрынғы «Арман» спорт кешеніне көшіріліп, жас спортшылардың толыққанды жаттығуына жағдай жасалды.
– Келер жылы спорт саласын цифрландыру мақсатында «Метеор» электронды спорт бағдарламасын енгізу қарастырылып жатыр. Бағдарламада спорт нысандарының, жаттықтырушылардың, федерациялардың, төрешілердің, балалар контингентінің, барлық іссапар туралы ақпараттың бірыңғай есебі жүргізіледі, – дейді Қ.Есендияров.