Қазталов ауданы әкімі Альберт Есәлиевтің айтуынша, бүгінде аудан аумағындағы 38 мектепте 5 306 оқушы білім алады. Биылдың өзінде ғана ауданға 46 жас мұғалім келген. «Карантин шектеулеріне сәйкес, 4 мектепте оқу қашықтан жүргізілуде. 34 мектеп оқытудың дәстүрлі форматына көшті. Аудан мектептерінің білім деңгейі жаман емес. Былтырғы оқу жылында мектеп бітірген 293 түлектің 102-сі жоғары оқу орындарының грантына ие болды. 28 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды», дейді А. Есәлиев.
Айта кетейік, ауданда ғимараты апат жағдайында деп танылған Алма Оразбаева атындағы мектеп ғимараты жаңадан салынып жатыр. Бұйырса, келер жылы пайдалануға берілмек. Ал Болашақ ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жасау үшін 396 млн 874 мың теңге беріліп, игерілді.