Қоғам • 06 Қараша, 2020

Қариялар мен балалар дәрігерге үйде қаралады

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниені дүр сілкіндірген қатерлі індет ең алдымен егде жастағылар мен балалар үшін қауіпті екені айтылып та, жазылып та жатыр. Індеттің алғашқы толқыны мұның негізсіз емес екенін дәлелдеді. Осы орайда індеттің алдын алу мақсатында алматылық қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізілетін болды.

Қариялар мен балалар дәрігерге үйде қаралады

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Маде­ева атап өткендей, Сovid-19-дың екін­ші толқынына дайындық аясында халықтың ең осал топтарына профилактикалық тексерулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданып отыр. Медициналық тексеру ең алдымен 65 жастан асқан тұрғындарға жасалады. Өйткені нақ осы жастағы аза­мат­тардың арасында артериал­ды гипертензия, созылмалы обструк­тивті бронхит, қант диа­бе­ті секілді созылмалы аурулары бар науқастар көп.

«Әрбір алғашқы меди­ци­на­лық-санитарлық көмек көрсету ұйымында жалпы тәжірибе дәрі­гері, невропатолог, кардиолог, отоларингологтан тұратын муль­ти­дисциплинарлық командалар құрылды. Олар қарт адамдар­ды үйде қарап, қант, холестерин деңгейін анықтайды, ЭКГ жа­сайды. Бұл қажет болған жағдайда емдеуді түзетуге немесе стационарлық емдеу үшін көрсеткіштерді анықтауға мүм­кін­дік береді. Бұл ретте 80 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Ж.Мадеева.

Елдегі ахуалға байланысты балалардың ұзақ уақыт бойы қашықтан оқып жатқанын ескер­сек, олардың көпшілігі жыл са­йынғы тексеруден өту үшін ем­ха­наларға бармаған. Алматы әкім­дігі осы ретте 16 жасқа де­йін­­гі жеткіншектерді профи­лак­тикалық тексеруден өткізу мә­се­лесіне де маңыз беріп отыр. алғашқы медициналық-сани­тар­лық көмек ұйымдарында балаларды профилактикалық тексеру үшін педиатр, невропатолог, окулист, отоларинголог, балалар хирургі дәрігерлерінен құралған мультидисциплинарлық ко­ман­­далар құрылған. Қажет бол­ған жағдайда талдау үйде жүр­гі­зі­ле­ді. Шамамен 100 мыңға жуық жасөспірім жан-жақты тексеру­ден өтеді деп жоспарланған. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүм­кін­дігі шектеулі балаларға баса назар аударылған. Қазіргі уақытта аталған ұйым­дар­­да нысаналы топ­тардың тізім­де­рі жасалып жа­тыр.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева нысаналы топтардың тізімі жасалып, профилактикалық тексеру жүргізу кестесі бекітілгенін, педиатр, невропатолог, отоларинголог, кардиолог, офтальмолог, балалар хирургінен құралған мультидисциплинарлық команда жасақ­талғаны хабарлады.

Қабылдау кезінде және аула­ларды аралау барысында учас­ке­лік дәрігерлер мен медбикелер жеке гигиена ережелерін қатаң сақ­тау, қолды жиі жуу, ме­ди­ци­налық масканы қолдану ере­же­лері, әлеуметтік қашықтық, балаларды адамдар көп жиналатын орындарға, үлкен ойын алаңдарына жібермеу туралы ақ­па­раттық-түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізеді.

«Емханада патронаждық қыз­мет көрсетудің әмбебап про­грес­сивті моделіне сәйкес мед­би­­кенің ерте жастағы бала­лар­­ға, оның ішінде босанғанға дейінгі кезеңде «үйге барып тек­серу» өткізу жүйесі енгізілді. Па­циенттің отбасымен оның жеке ортасында кездесу маманға проблемаларды түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға ерекше мүмкіндік береді», дейді бас дәрігер.

Осылайша, №36 емханада 2,5 мың адамды, оның ішінде 1,5 мың 16 жасқа дейінгі бала мен қалған диспансерлеуді қажет ететін 65 жасқа келген азаматтарды профилактикалық тексерумен қамту жоспарланған. Шаһардың Наурызбай ауданында орналасқан №36 емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген бұл процедура жыл бойы скринингтен өтпеген халықтың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«65 және одан жоғары жас­та­ғы тұрғындарды, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі балаларды жос­парлы диспансерлеуге байланысты учаскелік дәрігерлер мен арнаулы мамандардан тұратын 2 мобильді бригада құрылды. Бұл акция ерте бастан қандай да бір патологияны анықтауға, сондай-ақ коронавирус инфекциясын жұқтыру күдігі бар және онымен ауырғандарды анықтап, оларды үйде қарап, тиісті ем беріп, мониторингтік бақылауға алуымызға мүмкіндік береді», дейді Г.Тілеген.

 

АЛМАТЫ