Технология • 06 Қараша, 2020

STEM бағыты бойынша орталықтар керек

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Технологияның дамыған заманында сұранысқа ие мамандықтар тізімі ғана емес, адамның меңгеруі тиіс дағдылары да өзгеріске ұшырады. Цифрлы дәуірде ІТ саласының құлағында ойнаудың қаншалықты маңызды екенін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Әлемнің алпауыт компанияларында тәжірибе жинап, еліміздің цифрлы дамуына үлесін қоссам дейтін жандар көп. Соның бірі бүгінгі кейіпкеріміз – Айна Досмахамбетқызы. Ол TechWomen бағдарламасы бойынша Қазақстан атынан Сан-Франциско қаласына барып, тәжірибеден өткен.

STEM бағыты бойынша орталықтар керек

TechWomen бағдарламасы STEM саласында (ғылым, технология, инженер, математика) жұмыс істейтін әйелдерге арналған. Яғни STEM бағыты бойынша жұмыс істейтін әйелдердің жоғарғы технологиялардың көмегімен өздерінің мүмкіндіктерін барынша іске асыруға көмектесуге және олардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Биыл Қазақстаннан 300-ден аса үміткер өтінім жіберіп, тек 6 адам іріктеуден өтті. Іріктеу ашық түрде болады. Сайтта көрсетілген талаптар бойынша эссе жазу керек. Көшбасшы әйелдерді жинайтын бағдарлама болғандықтан, эсселердің көбінде көшбасшылық танытқан сәттеріңді жазу керек. Сондай-ақ тәжірибеден өткен соң Қазақстанға қандай үлес қоса алатының туралы да қысқаша сипаттауың керек.

– Бағдарлама екі айға жуық болды. Қандай да бір технологиялық дағдыны толыққанды үйрену бір жарым ай ішінде қиынға соғады. Сондықтан мен soft skills дағдыларын дамытуға тырыстым. Көпшіліктің алдында сөйлеу, ке­лісім жүргізуге көбірек машықтан­­ғым келді. Қазақстанда мұндай қасиет­тер­ді меңгеруге көңіл бөле бермейді. Бағ­дарлама бойынша қатысушы елде­гі өзекті мәселені шешудің жолын көрсе­туі тиіс. Әрбір қатысушы өз жұмысын­да­ғы жобасынан бөлек, Қазақстаннан бар­ған алты адаммен бірігіп, елдегі белгілі бір әлеуметтік проблеманың шешу жолын ұсынуымыз керек. Біздің мақсатымыз мектеп және балабақша жасындағы балалардың STEM бағыты дамуына үлес қосатын ешқандай орталықтың жоқ екенін көрсету болды. Бізде бағ­дарламалау мектептері бір бөлек, математика бөлек. Ал ортақ ғылымға деген баланың қызығушылығын оятатын орталар мен ғылыми музейлер жоқ де­сек те болады. Шетелде түрлі-түрлі та­биғат құбылыстарын, ғылымның заң­дарын көрсететін орталықтардың жұ­мысы жанданған. Сол сияқты елімізде бала­лардың ғылымға қызығушылы­ғын оя­татын кішігірім ғылым музейін жа­сау­­ды ұсындық. Бұл жобаның жү­зеге асуы министрлік деңгейінде бол­ған­дық­тан қазір тоқтап тұр, – дейді Айна Дос­махамбетқызы.

Технологияның дамуымен олардың тағдыры тұрақсыз секілді көрінеді. Біреуі кетсе, екіншісі пайда болады. Қазір дәуірі жүріп тұрған Instagram ком­паниясына барған кейіпкеріміз та­ным көкжиегін кеңейтіп, біраз тә­жі­рибе жинапты. Оның айтуынша, АҚШ-та әлеуметтік желілер әлдеқайда тұ­рақты. Қазақстан сияқты өзінің тер­риториясының 80 пайызын интернет­пен қамтыған елдер аз. Интернет жыл­дамдығы да жоғары. Сондықтан бағ­дарламалау, технология бағытына бет бұруымыз керек. Қазақстанның Бела­русь, Үндістан, Украина сияқты ІТ HUB құруына мүмкіндігі жетеді.

– Кремний алқабы сияқты болуға барлық ресурсымыз бар. Кремний ал­қабын құратын компьютерлер мен микрочиптер емес, ол – қарапайым адам­дар. Бізде ондай адамдар бар. Сондай-ақ ТМД елдерінің бұрынғы кезде өте жақсы физика-математика базасы болған. Мысалы, Үндістан 1964 жылдары бүкіл мемлекет болып технопарктер құра бастады. ІТ ба­ғы­тын 40 жыл бұрын дамыта бас­та­ған. Қа­зір соның жемісін көріп отыр­­мыз. Бар­лық үлкен компанияның аут­сор­серлері – Үндістанда. Кремний алқа­бынд­а жұмыс істейтіндердің 50 па­йы­­­зы америкалықтар болса, қалғаны – Үндістан азаматтары. Сондықтан біз­де көп мүмкіндік бар. Әлеуметтік же­­лі әр­қашан дами береді. Бұрын бол­ған сайт­тар адамның жеке портфо­лио­­сын құруға мүмкіндік бермейтін. Ал Instagram адам­ның психологиялық ере­кше­лік­те­ріне не­гізделген әлеуметтік же­лі бол­­ған­дық­тан тұрақтылығын жо­ғалт­­пай­­­ды, – дейді кейіпкеріміз.

Айна балалар мен ересектерге ар­нал­ған Method бағдарламалау мек­тебін басқарады. Осы орайда баласын бағ­дарламалау мектебіне бергісі келетін ата-аналарға кеңестерін айтты.

– Әзірге бұл мектептің жұмысын тоқтаттық. Себебі біз карантиннен аман-есен шыға алмадық. Команданы ұстап тұруға және жаңа жобалар жасауға көп инвестиция керек болды. Сондықтан мектепті жабуға тура келді. Негізінен бағдарламалау мектебін 2015 жылы 50 адам бітірсе, одан кейінгі жылдары 650 адам және соңғы жылдары 1000-ға ­жуық адам бітіріп шықты. Көбіне бағдарламалау мектебіне балалар өз ер­кімен келмейді. Әрине, бұл жерде ата-ананың рөлі басым. Болашақта сұ­ранысқа ие мамандықты меңгергенін қалайтындар балаларын курсқа жазды­рады. Біріншіден, ІТ мамандығына беруге қорықпау керек. Бағдарламалау ол тек физика мен математикасы жақсы ба­лаларға келеді деген көзқарастан арылу керек. Ең бастысы, баланың логикасы бар болса ІТ-ды өте жақсы меңгере алады. Иә, қазір бәрі онлайн. Сабақтың өзі онлайн болып жатқанда компьютердің алдында қосымша бағдарламалау тілін үйрену де қиынға соғуы мүмкін. Бірақ физикалық және менталды жүктемені қадағалап, қатыстыруға болады, – дейді Айна Досмахамбетқызы.

Қазір әлемдік деңгейдегі Microsoft, Google сияқты алпауыт компаниялар кішкентай балалар мен ересектерге дейін бағдарламалау тілін үйретуде. Apple компаниясының негізін салу­шы Стив Джобс «Әр адам бағдарлама­лау­ды үйренуі керек, себебі ол бізді ойлау­ға үйретеді», деп бағдарламалау­дың адам миына қаншалықты әсер ете­тінін айтқан. Жыл сайын 180 елді қамтитын халықаралық «Код сағаты» акциясы өтеді. Ең алғашқы ашық са­баққа елімізден 75 мыңға жуық оқушы қа­тысса, өткен жылғы қатысушылар саны 355 мыңға жетті. Елімізде оқушы кезден бастап бағдарламалауды үйреніп, мобильдік қосымша жасайтын балалар көбейсе, Қазақстанның ІТ саласында болашағы жарқын болмақ.