Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Оралда 11 қария жансақтау бөлімінде жатыр

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова ауруханаларда коронавирус жұқтырған 11 адам реанимацияда жатқанын және олардың ең жасы 63-те екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда 11 қария жансақтау бөлімінде жатыр

Мамандардың айтуынша Батыс Қазақстан облысының коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалы күн санап нашарлап келеді.

Осы кезге дейін аймақта COVID-19 жұқтырған 7142 адам тіркелсе, оның 3130-ы ауруханадан ем алды. Науқастардың 97 пайызы жазылып шыққан. 121 адам коронавирустан қайтыс болған. «Аурудың жалпы деңгейі Батыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 1083,1 құрады» дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Соңғы тәулікте өңірде 39 адам коронавирус жұқтырғаны анықталған. Ал 149 адам пневмония диагнозымен ем қабылдауда.

Гүлнәр Мақсотқызының айтуынша, блокбекеттер жанында орналасқан 4 карантиндік ауруханада қазір 41 адам жатыр. Ал жалпы саны 333 төсектік 6 жұқпалы аурулар ауруханасында 138 адам емделуде. Өңір бойынша 2044 төсекке арналған резервтік орын дайындалған.

Қазан айының басынан бері коронавирус инфекциясымен тіркелген 161 адамның 73-і – зейнеткерлер екен. 15 адам – медицина қызметкерлері, 9 адам – мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер мұғалімдері болып шыққан.

Соңғы бір ай ішінде (06.10.2020-06.11.2020) Ресей Федерациясы аумағынан мемлекеттік шекара арқылы Батыс Қазақстан облысына 18983 адам өткен. Бұлардың ішінде COVID-19-ға тексерілген анықтамасы жоқ 831 қазақстандық блокбекет жанындағы карантиндік ауруханаға 2 күнге жатқызылған. Тексеріс кезінде олардың 19-ынан вирус табылған. Ал ПТР-тест анықтамасы жоқ 104 шетел азаматына шекарадан өтуге тиым салынған.

17 тамыздан бастап Мониторинг топтары карантинді әлсіреткеннен бастап Қазақстан Республикасы мен облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарының бұзылуын тоқтату жұмыстары жалғасуда.

Нұрлыбек Мұстаев өңірде карантин талаптарын бұзушыларды анықтайтын 158 мониторингтік топ құрылып, олар 475 нысанда шектеу талаптарын бұзушылықты анықтағанын айтады. Осы кезге дейін көтерілген 360 әкімшілік іс бойынша талапты бұзушыларға 18 млн теңгеден астам айыппұл салынған.