Руханият • 06 Қараша, 2020

Баба бейнесі сахнада қалай сомдалуда?

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әркез "мәдени өмірімізде не жаңалық?" деп, бәріміз де ерекше елеңдеп отырарымыз ақиқат.

Баба бейнесі сахнада қалай сомдалуда?

Биылғы жыл – әлемдік пандемияның кесірінен көптеген жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей қойғаны баршаға аян. Әйтпесе, қазақ топырағында атқарылар қыруар істер – әсіресе мәдени мерекелер көп болуы тиіс еді.

Айталық, осы жыл басында әлем таныған ғұлама ғалым бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдығы мен хакім Абайдың 175-жылдығы жан-жақты тойлануы керектігін баса айтып, ел президентінің арнайы жарлығы да шыққан болатын. Әйтсе де, барша қиындықтарға қарамастан, ұлт мақтаны – Әбу Насыр мен Абай тойлары, шағын көлемде болса да, кезек-кезегімен өткізіліп жатты, оны зиялы қауым жақсы білуі тиіс.

Біздің айтпағымыз – осы екі тұлғаның сахналық бейнесі қалай сомдалып, республика театрлары қандай сәтті қойылымдар қойып жатыр? Хакім Абайдың көркем бейнесі республиканың бірқатар театрларында көрсетілді. Ол жайынан аз жазылған жоқ. Бәрін бірдей қадағалап, барлығына да қатысудың сәті түсе бермейді.

Ал, енді Әбу Насыр жайында театр тілінде аз айтылып отырғаны шындық. Сөйте тұра, осы жақын уақытта сәті түскен екі спектакль туралы аз-кем ой толғауға толық негіз бар.

Ой-толғау жазуға тағы бір себеп – осы жолдар авторы белгілі драматург Жолтай Әлмашұлының қос бірдей драмасын орыс тілінде сөйлетуге аз-кем үлес қосқан еді.

1

Оның біріншісі – Б.Римова атындағы Талдықорған қазақ драма театры сахналаған «Аққан жұлдыз құласа...» атты тарихи драма. Ұлы ғұлама Әбу Насырдың өмірінің соңғы сәттерін қамтитын қойылымның (пьеса авторы – Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, режиссер – Сабыралы Кемелбайтегі) көрермендері аса көп болмаса да, шығарма өз діттеген межесіне жеткендей.

Сонау X ғасырларда ғұмыр кешіп, ғылымның барлық салаларында еркін еңбек еткен, көп тіл білген ғұламаның көркем образы біршама сәтті сомдағанын қойылымды тамашалаған театр сыншысы А.Мұқан да өз сөзінде атап өтті.

Содан кейінгі екінші қойылым – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрында өмірге келді. Спектакль "Ғұлама-ғұмыр" деп аталып, (авторы – Ж.Жұмат-Әлмашұлы, режиссері – Қ.Қасымов) көрермен көзайымына айналып отыр.

Айта кетерлігі – екі пьесаның да авторы бір драматург болғанымен, қос туынды бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысы өзінше ой айтып, түйін түйін түюге талпынған. Оның үстіне әр режиссердің өзіндік қолтаңбасы да көрініп тұр.

Мысалы, "Аққан жұлдыз құласа..." драмасында режиссер шешімімен, жас Әбу Насыр (арт. Ж. Заманбеков) егде Әбу Насыр (арт. С.Нұрхалық) болып екі бөлікпен баян етілген. Ал, "Ғұлама-ғұмыр" қойылымында Әбу Насыр бейнесін артист Н.Есей сәтті ойнап шыққанын айта аламыз.

Біз, әрине, қос спектакльдегі басты рольдерді ойнаған актерлер еңбегіне, терең талдап, баға беріп жатпаймыз. Оны театр сыншыларының еншісіне қалдырмақпыз.

Айтпағымыз – биылғы Әбу Насыр бабаның 1150-жылдығы мерекесі тұсында осындай екі бірдей өнер жаңалығы болғандығы.

Тағы да еске саларлығы – театрда көрермендер мейлінше аз болды, оның себебі – тағы да пандемия салдары.

Десе де, қос қойылым қазақ театр әлеміндегі тағы бір елеулі асу болып қаларына сенім мол.

 

Ербол ДӘУЛЕТОВ,

Филология ғылымдарының кандидаты,

мәдениеттанушы