«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 1 084 633 автокөлікті тіркеуге қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12 пайызға кем. Оның ішінде 970 506-сы бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 15,6 пайызға төмендеді. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны артып, 114 127-ні құрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 37 пайыз жоғары. Осы көрсеткішке 2020 жылы бастапқы әрі уақытша тіркеуге қойылған Армениядан жеткізілген 16 181 жеңіл автокөлік еніп отыр», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
Биылғы қаңтар-қазанда Қазақстан аумағында 52 электромобиль тіркелген. «ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (67,2 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі – 401 057 көлік (41,3 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер – 25,9 пайыз (251 415 көлік). Ал 4-тен 7 жылға дейінгілер – 167 479 көлікке (17,3 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 95 891 көлікке (9,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көлік саны 46 910-ға жетті.
Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,8 пайыз (7 754 автомобиль) болды.