Қазақстан • 06 Қараша, 2020

Қазақстан су дипломатиясы саласындағы жұмысты күшейтті

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұма күні Сенатта «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбындағы Үкімет сағатында сөз сөйледі.

Қазақстан су дипломатиясы саласындағы жұмысты күшейтті

Министр өткен жылғы парламенттік тыңдауда берілген 19 сенатордың 10 ұсынысын орындағанын атап өтті. Тағы 9-ы іске асырудың ұзақ мерзімді сипатына байланысты орындалуда.

Ұсынымдар блогының бірі трансшекаралық ынтымақтастыққа қатысты болды.

«Су дипломатиясы қажет екенін түсіне отырып, бұл бағыттағы жұмыс күшейтілді», - деді М.Мырзағалиев Үкімет сағатында.

Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі –трансшекаралық, соның салдарынан Қазақстан едәуір дәрежеде шектес елдердің: Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының су шаруашылығы саясатына байланысты.

ҚХР-мен су қатынастарында бүгінгі таңда трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауы негізгі проблема болып табылады.

Министрдің мәліметінше, келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталды. Бүгінгі таңда кіріспеден және 31 баптан тұратын бірыңғай құрылым келісілді.

«ҚХР-мен келіссөздер өте күрделі. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан ҚХР келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Сонымен қатар, Экология министрлігінің басшысы ағымдағы жылы Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн.м3 көлемінде қосымша су ағызуды қамтамасыз ету үшін электр энергиясымен тауар алмасуды жүзеге асыру бойынша қырғыз тарапымен жеке хаттамаға қол қойылғанын хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында Бакри Точик су қоймасының жұмыс тәртібі және Достық каналы арқылы су беру туралы үшжақты хаттамаға қол қойылды. «Қабылданған шаралардың арқасында вегетациялық кезеңде Түркістан облысының Жетісу және Мақтаарал аудандарының суармалы суға қажеттілігі толық көлемде қанағаттандырылды», - деді министр.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Өзбекстанмен айтарлықтай жұмыс жүргізілді.

Осы жылдың жазында су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша проблемалық мәселелердің барлық спектрін қамтитын, оларды шешу мерзімдерін белгілей отырып, Жол картасына қол қойылды. Қол қойылған Жол картасы шеңберінде 1991 жылдан кейін салынған және қайта жаңартылған су шаруашылығы құрылыстарын бірлесіп тексеру жүргізілді. Бұл бұрын су балансында ескерілмеген су қоймаларын анықтау үшін жасалды.

Сондай-ақ трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда тараптар келісім мәтінін 80%-ға мақұлдады. «Келіссөздер процесі жалғасуда. Келісімге сәтті қол қою болашақта Өзбекстан аумағында орналасқан негізгі су шаруашылығы учаскелерінде су ресурстарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Қараша айының соңында мемлекетаралық арналар арқылы Қазақстан тарапына су беру кестесін сақтамау мәселесін талқылау үшін қырғыз тарапымен кездесу өткізіледі.