Аймақтар • 08 Қараша, 2020

"Құс тұмауы" Жетісу өңіріне де жетті ме?

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағындағы фабрикаларда құс қырылып жатыр. Қанаттыларға қырғидай тиген дерттің "Құс тұмауы" екені анықталған. Алайда, мамандар жағдайдың бақылауда екенін айтып, дабыл қағудың реті жоқ деген пікірде,  - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Құс тұмауы" Жетісу өңіріне де жетті ме?

- Облыста бірнеше құс фабрикасы бар. Олар тауық еті мен жұмыртқа өндірісіне үлес қосып отыр. Өкіншке қарай, фабрикаларда құстардың белгісіз дерттен өліп жатқаны анықталды. Біз өз тарапымыздан лаборториялық тексеру жүргізіп, құстың қырылуына «Құс тұмауы» себеп болған деген қорытындыға келдік. Қазір «Алсад Қазақстан» серіктестігінің тауық фермасындағы жағдай күрделі болып тұрғаны рас. 122 мың басқа жуық тауық жойылды. Мұны жұқпалы індеттің ары қарай таралмауы үшін істедік. Осылайша біз індеттің таралуын тоқтаттық. Қазір жағдай біршама қалыпқа түсті. Яғни, байбалам салуға негіз жоқ - дейді облыстық ветеринария басқармасысының басшысы Нұртас Қиялбеков.

Жалпы, ветеринарлар өңірде жұқпалы індеттің таралуына құс шаруашылығымен айналыстын кәсіпкерлерді кінәлап отыр. Өйткені, биыл шаруашылықтар тұмауға қарсы вакцина салдырмаған көрінеді. Мысалға, жоғарда аты аталған «Алсад Қазақстан» серіктестігінде бұл шара жасалмаған екен. Ал кәсіпорын басшылары тауықтарға дер кезінде екпе салынбағанын төтенше жағдайға сілтейді.

- Өкінішке қарай, аталған «Алсад Қазақстан» компаниясында құс тұмауына қарсы вакцина жоқ. Шаруашылық көктемде бұл екпеге тапсырыс берген екен. Ресейден келетін вакцина әлі алынбаған. Бұған пандемия кезіндегі шектеулер кедергі болып отыр. Нәтижесінде, фабрикадағы құстардың дертке шалдығуы анықталды, - дейді облыстың бас мал дәрігері.

Дәл осындай жағдай Талдықорған аймағын құс өнімдерімен қамтып отырған «Когер ЛДТ» компаниясының фабрикаларына да тән болып отыр. Құс тұмауының алғашқы белгілері анықталған сәттен бастап өндіріс жұмысын шектеген. Індет ізі табылған құстар жойылып, фабрикадағы жұмыс қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне көшіріліпті. Алайда бұл мәселенің екінші жағы да бар екен.

- Жағдай бұлай бола берсе, нарықта құс еті мен жұмыртқа тапшылығы пайда болуы мүмкін. Әңгіме отандық өнім туралы. Онсыз да Үкімет біз өндіріген өнім үшін көк тиын субсидия төлемейді. Құстарға дер кезінде вакцина егілмеуінің де астарында шаруашылықтардағы қаржы қиындығы себеп болғаны анық. Өйткені, отандық өндірістің өнімі арзан, өзіндік құнды әзер өтеп отыр. Нарықта шетелдік тауық еті еркін сатылып жатыр. Мәселен, азық-түлік сөресіндегі Ресейдің арзан өнімінен көз сүрінеді. Мұндай жағдай құс фабрикаларының жұмысы шатқаяқтамағанда қайтеді, - дейді мәселеге орай баспасөзге пікір білдірген «Когер ЛДТ» компаниясының директоры Светлана Иванова.

Айтпақшы, Қазақстанда құс тұмауының дерегі шыққалы бері сыртқы нарыққа құс еті мен жұмыртқа жөнелтетін компаниялар шығынға батып отырған ұқсайды. Мысалға, күні кеше ғана Тәжікстан үкіметі «Когер ЛДТ» компаниясының өнімдерінен бас тартып, енді ел шекарасынан құс еті мен жұмыртқа түрлерін өткізбейтіндігін ескерткен. Сондай-ақ, ішкі нарықта да баға өсуі байқалған. Дерек бойынша, базардағы тауық етінің әр килосы 900 теңгеге бағаланып, бір дана жұмыртқа 45 теңге шамасында сатылып жатыр. 

 

 

Алматы облысы