Алдаберген Мырзабеков 1930 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгескен ауылында туыпты. Жарықтық екі жылдың алдында дүниеден өтті.
Бай-өлкенің өнер тарихын зерттеуші Тайф Тәукейұлы жазған «Моңғолия қазақтарының театр тарландары» атты кітаптың 266-шы бетінде: «Өткен ғасырдың ортасында кемелденген социализм жолына түскен Моңғол үкіметі елдің батыс шебінде өмір сүріп жатқан қазақтардың музыка, саз өнерін кәсібилендіру мақсатында Қазақстаннан жоғары деңгейлі маман шақырды. Бірінші болып Хабидолла Тастанов келді. Ол кісіден кейін ізін жалғап 1962 жылы Алдаберген Мырзабеков келіп, ұлт аспаптар оркестріне дирижерлік қызмет атқарды. Алдаберген ағай өзін ұлт жанашыры ретінде көрсете білді. Шартты келісім мерзімі аяқталған соң да, бастаған ісін жол ортада тастап кетпей, тағы екі жыл жұмыс істеп, оркестрді биік деңгейге көтерді. Бұл кісінің басты қасиеті – музыка мәдениетіне өте жетік, партитураны жатқа білетін қабілетті маман еді», деп жазыпты.
Осылай Қобда беті қазақтарын ағартуға барған Алдекең көптеген шәкірт тәрбиелеген. Соның бірі қазір жасы сексеннің сеңгіріне шыққан қарағандылық Райхан Мұхаметұлының естелігінде: «Бай-өлке аймағында 1956 жылы музыкалық драма театр ашылып, оны аяғынан тұрғызу үшін Қазақстаннан Х.Тастанов ағамыз келді. Ол кісі 1961 жылы еліне кеткен соң бір жылдан кейін орнына Алдаберген Мырзабеков ағай келді. Бұл кісі қазақ күй өнерін оркестрге түсірудің шынайы шебері, күй табиғатын ерекше таныған даңқты дирижер еді. Әсіресе Құрманғазының «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Аман бол, шешем», «Сарыжайлау», «Сарыарқа», «Алатау» күйлерін біздің оркестрге бейімдеп берді. Оның сыртында, Алдекең «Тұлба көл шайқасы» атты спектакльге халық күйлері негізінде музыка жазып шықты», депті.
Көп айтыла бермейтіні болмаса, социализм дәуірінде шетел қазақтарының өнер-мәдениеті үшін атсалысқан, маңдай терін төккен тұлғалар көп.