Аймақтар • 09 Қараша, 2020

Құрылыс қарқыны артты

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жыл санап артып келеді. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 17 көппәтерлі тұрғын үй, ауылдық елді мекендерде 139 тұрғын үй және 20 ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салу көзделген.

Құрылыс қарқыны артты

– Биылдың өзінде 2 977 пәтер өз иесін табады. Бағдарлама шеңберінде тұр­ғын үй құрылысына – 21,1 млрд теңге, инфра­құ­ры­лымдарға – 3,4 млрд теңге бөлінген, – дейді Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Молдашев.

Өңірде жалға берілетін тұрғын үй құры­лы­сы да қарқынды. Биыл­дың өзінде бұған 5,5 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға жалпы саны 738 пәтерлік 4 биік үй, ауылда жалпы саны 234 пәтерлік 99 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, барлығы 972 пәтер салу көзделген.

Республикалық бюджеттен бө­лін­ген қо­мақты қаражатқа Ақсай қаласынан және Ақ­жайық, Жаңа­қала, Қазталов, Жәнібек аудандарынан халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1,324 млрд теңгеге 470 пәтер, көпбалалы отбасылар үшін 2,1 млрд теңгеге 370 пәтер салынып жатыр. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен де осы мақсатқа 2,1 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, бір ғана Қаратөбе ауылында 67 үйдің құрылысы жүруде.

Кейбір аудандар жергілікті бюджет есебінен де қаржы көзін тапқан. Мәселен, Жаңақала ауда­ны бюджетінен 21,3 млн теңге бөліп, 3 қабатты тұрғын үй құры­лыс­ын бастаса, Бөкей ордасы ауданы бюджетінен бөлінген 50,0 млн теңгеге екіпәтерлік 4 үй салынбақ.

Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Теректі аудандарында 20 ақпарат­тық-коммуникациялық инфра­құ­рылым нысанын салу үшін 3,4 млрд теңге бөлінді. Оның 17 нысаны республика бюд­же­ті есе­бі­нен көтерілмек.

– 2020 жылға арналған тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 484,9 мың шаршы метрді құрайды. Соның 120,1 мың шар­шы­метрі мемлекеттік бюджет есебі­нен са­лынады. Оның ішінде 39,1 мың шаршы метр тұрғын үй жалға берілсе, 81,05 мың шаршы метр несиелік жолмен иесін табады, – дейді Нұркен Еділұлы.

Осылайша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 8 көп­пә­терлі тұрғын үй (1 377 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 93 тұрғын үй (233 пәтер), барлығы 1 610 пәтерді пай­далануға беру жоспарланған. Оның ішін­де «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін жалпы саны 963 пәтерлік 6 үй, Теректі ауданына қарасты Тоқпай ауылында 120 пәтерлік 20 үй бар.

Сонымен қатар алдағы жылы құрылыс қарқыны қалай болатыны да маңызды.

– 2021 жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін республика бюджетінен 2,7 млрд теңге бөлінуі қазірдің өзінде шешілді. Аталған қаражатқа Орал мен Ақсай қаласында көп­пә­терлі қос үйдің, Қазталов, Жаңа­қала, Жәнібек аудандарын­да кезекте тұрғандар үшін жал­ға берілетін 26 тұрғын үйдің құры­лысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 16 үйдің құрылысы басталмақ. Оның ішінде Тасқала, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау аудан­дарында 3 қабатты 10 үй, Бәйтерек, Ақ­жайық аудандарында екі қабатты үйлер, Қара­төбе ауданында 4 пәтерлі 3 үй салу жос­парда тұр, – дейді Н.Молдашев.

2021 жылға арналған ақ­па­ра­ттық-комму­ни­кациялық ин­­фра­­құрылым нысандары құ­ры­лы­сына да республикалық бюджет есебінен алдын ала 3,99 млрд теңге қол­дау тауыпты. Аталған қаражатқа Орал қаласы, Бөрлі, Тасқала, Бөкей ордасы, Жаңа­қала, Шыңғырлау, Қазталов, Ақжайық, Теректі аудандарында 23 жобаны іске асыру жос­пар­ланған. Оның ішінде 19 жоба бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жер учас­келеріне жеткізіледі.

Сондай-ақ құрылысы биыл басталған көппә­тер­лі 7 тұрғын үй және Теректі ауданы Тоқпай ауылындағы 20 кредиттік үй 2021 жылы өз иелерін күтеді.