Осы кезге дейін әуе көлігі арқылы келгендерден қауіпті дерт табылған жоқ. Қауіп автокөлікпен өтіп жатқандардан туындап тұр. Соның ішінде шекара өткізу бекеттері арқылы облыс аумағынан Ресейге қарай және бері өтіп жатқан транзит ауыр көліктері санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Үш күн бұрын «Жайсаң» өткізу бекетінде екі қазақстандық пен бір Ресей азаматының ПТР-тест қорытындысы оң нәтиже көрсетіп, олар дереу оқшауланған.
Халықаралық жүк тасымалдаушылары облыс аумағының бірнеше елді мекендерінің үстінен өтіп, жол бойы кемпингтерге, жанар-жағармай құю бекеттеріне, дүкендерге тоқтайтыны анық. Қауіпті дерттің ауылдарда таралып кетпеуі үшін шетелдік жүргізушілердің жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін нысандар қызметкерлерімен байланысын болдырмауды бақылау аса маңызды. Қазір негізінен, өзбекстандық және қырғыз ауыр жүк көліктерін елді мекендерге кідірмеуін патрульдік полицейлер бақылап, оларды облыс шекарасынан шығарып салып жүр. Дегенмен күніне әрлі-берлі өтіп жататын мыңдаған транзиттік көліктердің бәрін бірдей бақылау мүмкін емес. Ақтөбе облысы аумағында блок-бекеттер қойылған жоқ. Ал жергілікті дәрігерлердің айтуынша, пневмониямен ауруханаға түсіп жатқандар қалада біртіндеп көбейіп келеді.
АҚТӨБЕ