Туризм • 10 Қараша, 2020

Бозжыраға қонақүй қажет пе?

2014 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Маңғыстау тұрғындарын Бозжыра атты көрікті жерден туристер үшін салынатын қонақүй мәселесі мазалауда. Маңғыстаудың маң даласындағы табиғаттың төл туындылары – естігенге аңыз, көргенге таңғажайып. Көкейіңе келіп қалған «Хас шебердің қолынан әдейілеп жасалғандай» деген ойыңды «жо-жоқ, мұндай кереметтерді еш шебер жасай алмайды, мұның авторы – табиғаттың, тылсымның өзі» деген ой лезде кері серпиді.

Бозжыраға қонақүй қажет пе?

Маңғыстаудағы мақтаулы көріністердің бірі – Бозжыра. Қара­қия ауданына қарасты Үстірт платосының батыс шың­дары бөлігіне жататын, Ақтау қала­сынан 300 шақырым қашық­тықтағы алқаптың солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 17 шақырымды құраса, батыстан шығысқа дейінгі қашықтығы 11 шақырым шамасында. Тарихы мен түзілуі Тетис мұхитының шөгінділерімен байланыстырылатын мекен сандаған ғасырлар аясында жел мен жауынның, күн мен аяздың өтінде барынша қақтала қалыптасып, бүгінгі таң­ғаларлық кейіпке енді. Тө­сін­де туылып, төскейінде ержет­кен маңғыстаулықтардың өзі әр көр­ген сайын алғаш көрген­дей таң­данып, әр барған сайын жаңаша тыныс табатын Бозжыраны шетел­діктердің «шалқасынан түскендей» таңғала тамашалап, жағы семгенше жыр қылатыны, естігені бір келіп көруге ынтызар болатыны айтпаса да түсінікті.

Ақ борлы таулары, сайлары мен құздары, жазық даласы бәрі аппақ болып, әр тұсынан келіп қараған жанға құбылғандай өзгеше көрініс беретін ерекше өңір «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енді. Бүгінде «Қазақстанның көз тартатын үз­дік 10 өлкесі», «Қазақстандағы бару­ға міндетті 50 орын» сынды таң­дауларға іліккен, бағзыдан бү­гінг­е міні құрамай жеткен Боз­жы­ра­да туристер үшін қонақ­үй салу қажет пе? Бұл жоба тал­бе­сік­­тің қадірін білетін, оның төсі тап­талмай табиғи қалпын сақ­тасын дейтін әрбір азаматты ты­ныш қалдырмады. Азшылық қол­даса, көп­шілік қарсылық танытуда. «Көр­кіне көз тоймайтын өңір­лерді көрсетіп, турист тарту ма­ңыз­ды» дейді бір тарап, «турис­тік са­ла­ны дамыту қажет, бірақ оның да өзін­дік ереже-тәртібі бар, ол бағ­з­ы­дан бері сақталған құн­ды­лық­тар­ды тапау арқылы жү­з­еге ас­пауы тиіс» дейді екінші та­рап. Тұр­ғын­д­ар талабы орынды – Кас­пий те­ңі­зінің жағасы мен суын, жал­­пы кө­рікті жерлерді ара­­­ла­ған­да тас-талқан етіп, таза­лық­ты сақ­та­­май­­тын, келген жері­не құр­мет көр­­сет­­пейтін туристер же­­тіп-ар­ты­­ла­ды. Күні бүгінге де­­йін көздің қа­­ра­­шығындай сақ­та­лып, талай­ға аңыз болған Боз­жы­раға қонақ­үй са­лы­­нып, жолдар мен өзге де ин­ф­­ра­­­құ­­рылымдық қа­­­жет­­­тілік­тер бар­­­­ған соң өзінің ба­­йыр­­­­ғы бей­не­­­сін, табиғи қалпын, бай­­­­лы­ғын сақ­­­­тай ала ма? 2012 жыл­­­­дан бері Маң­­­ғыс­тау облыс әкімі­­­нің қаулы­сы­мен құрылған, яғни жер­­гілік­ті мәні бар ерекше қор­ға­­ла­тын таби­ғи аумақ Боз­жы­ра­дағы туристік мәселе өте маңызды.

1

 «Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің қорғауындағы Бозжыра «Жабайұшқан» қаумалына қа­райды. Бұл қаумал – Үстірт тау қойы, қарақұйрық, ителгі, дала қыраны, бүркіт, қарабауыр және ақбауыр бұлдырықтары, шұбар күзен, қарақұлақ, Паллас әбжыланы сынды «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар мен жан-жануарлардың мекені. Бұл қайталанбас табиғи байлығын, биоалуантүрлілікті сақтауға қа­тысты жағы, ал тарихи-мәде­ни құндылығы өз алдына аса маңызды әңгіме.

Жуырда Бозжырада қонақүй құрылысының жұмысы басталып кетті деген әңгіме желі­лерде желдей есті. «Халық­тың келісімі қайда, неге ха­лықтың пікірі ескерілмейді? Туризм үшін қажетті болса, қонақүйді Бозжыраның ба­сынан емес, шалғайлау тұс­тан салып, Бозжыраны сақ­тап қалу маңызды» дейді маң­­ғыстаулықтар. Расында, Ма­ң­ғыс­таудағы көрікті жерлерді қона жатып аралау үшін қонақ­үйді Бозжырадан салудан басқа тиімді тәсіл немесе қолайлы орын табылмағаны ма?

«Бүгінгі күні «Бозжыра са­фари» қонақүйінің жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобалау сәулет және қала құры­лысы саласындағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі, яғни жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдауларға ұсынылды.

Қазіргі уақытта құрылыс басталған жоқ. Желіде тара­тылған видеода тек 2 күн мер­зімге болашақ объектінің жос­парланған орнына инвес­тор тобының келуіне байланыс­ты уақытша шатыр, мобильді әжетхана және жылжымалы генератор орнатылды. Жобаны іске асыруды бастаған кезде ұйымдастырушылар міндетті түрде барлық қажетті қоғамдық, экологиялық тыңдаулар өткізеді және қолданыстағы заңна­маның барлық санитарлық-экологиялық, табиғи нормалары сақталады», дейді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

1

– Жоба халықпен талқы­ланып, келісілген жоқ. Тіпті, жоба жүзеге асқанның өзінде ол жерде жасалатын жұмыстар қаумалдың ережесіне сай болуы тиіс. «Қызылсай» өңір­лік табиғи паркінің инспекторлары қадағалап, олар қау­мал аумағынан анықтаған заң­бұ­зушылықтарға Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі инспекциясы Әкім­шілік кодекстің 378-бабы­ның 2-бөлігі бойынша айып­пұл салады. Ертең қонақүй деп шұбырған миллиондаған ту­ристің қателіктерін кім қа­дағалап, қай заңға сай жазалайды? Бұл тұрғыдағы ережені бекітпей тұрып, жобаны бас­тап кету өте қауіпті. Сондай-ақ инвесторлар Бозжырадан қонақүй емес, Қаракөл қау­малынан сулы-батпақты ағарту орталығын салса дейміз. Ол жерде «Қызыл кітапқа» енген құстардың 22 түрі кездеседі. Бұл – дүние жүзінде іске асырылып келе жатқан жоба, мұндай орталық та туристерді тартуға өте ыңғайлы болар еді, яғни желді Қаракөл қаумалында жайлы жағдайда отырып, дүрбімен қарап құстарды қызықтауға, санауға, бақылауға, түрлерін анық­тауға болады, экологиялық соқпақтар салып, сол арқылы жүруге болады. «Алыстан арба­лағанша, жақыннан дорбала» дегендей, қала іргесіндегі Қаракөлді дамытса, мектеп оқушыларынан бастап ересек адамдардың, қонақтардың, туристердің қызығушылығына ие болар еді», дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкімет­тік емес ұйымдары өңірлік ассо­циациясының кеңес төраға­сы, эко-амбассадор Ә.Қозы­бақов.

Құзырлы орындардың қиырдағы Бозжыра тұрмақ, қала маңындағы Қаракөл қаумалының өзіндік режімінің, талап-тәртібінің сақталуын қадағалай алмай отырғаны жасырын емес. Ал Бозжыраның жайы не болмақ? Жұрттың алаң­дайтыны да осы. Бүгінге дейін «Бозжыра» болып келген көрікті орынды табыс табамын деп туристердің табанына таптатып, бозбұлау болып жүрмейік. Сондай-ақ Маңғыстауда көрікті жер көп, бүгін Бозжырадан бас­талған бұл жоба кейін маң даланың өзге де тарихи-мә­дени ескерткіштері мен та­биғи қаумал-қорықтарында жал­ғасын тауып жүрмесіне кім кепіл?

 

Маңғыстау облысы