Астананың техникалық қызмет көрсету стансаларының бірінде осындай оспадар оқиға орын алды. Өзінің кезек күтіп тұра алмайтынын білдірген жас жігіт қалтасынан қаруын шығарып, онымен станса қызметкерлерін нысанаға алды. Шамасы, өздеріндегі өмір шындығына тіпті де сәйкес келе бермейтін желілерге толы шетелдік атыс-шабыс фильмдерін көбірек көріп қойып, содан қауашағы кәдімгідей уланып қалса керек.

Осы оқиғаға байланысты жедел жеткен жол-патрульдік полициясы қызметкерлері 23 жасар содырды тез құрықтады. Тәртіп сақшылары алдында оның манағы жауынгерлік-сарбаздық тұрқынан тұтам да қалған жоқ.
Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, техникалық қызмет көрсету стансасына көлігінің доңғалақтарын ауыстыруға келген жас жігіт өз кезегін күткісі келмей, біраз бұлғалақтайды. Ақырында сол үшін станса қызметшілерімен сөзге келіп қалады. Осы жанжалдың үстінде «шетелдік киноларға жастайынан елігіп, әуейі болып қалған» әулекі жігіт қаһармандығын танытпақ болып, өзі қалтасына күндіз-түні салып жүретін травматикалық тапаншасын шығарып, станса қызметкерлеріне қарай оқ атқан.
Осы атыстың салдарынан 33 жастағы ер адамның кеуде тұсына оқ тиеді. Келесі оқ екінші жұмысшының жамбасына барып қадалады. Аяқастынан жарақат алып қалған олар шұғыл жеткен «жедел жәрдем» дәрігерлерінің көмегімен ауруханаға жөнелтіледі.
Қазір аталмыш оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 257-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал травматикалық тапанша бірден тәркіленіп алынды. Жедел қолға алынған тергеу шараларының барысында күдіктінің осыған дейін дәл осындай қылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Ұсталған адам Астана қаласының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Кешеден бастап тергеу амалдары жүріп жатыр.
Мұрат АЙТҚОЖА.