Театр • 10 Қараша, 2020

Абай рухымен сырласу

586 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптада «Астана Операның» камералық залында ұлы ойшыл, философ, ақын, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай әлемі» топтамасынан «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып...» концерті өтті. Кеш бағдарламасына Б.Ерзакович, М.Сағатов, Б.Жұманиязов, Н.Меңдіғалиев, Қ.Шілдебаев сынды композиторлардың өңдеуіндегі Абайдың музыкалық-поэзиялық мұрасы енген. Сонымен қатар «Астана Операда» алғаш рет Төлеген Мұхамеджановтың Абай өлеңдеріне шығарған вокалдық циклы орындалды.

Абай рухымен сырласу

Бұл концерттің бұрынғылардан ерек­ше­лігі сол – кеш монолог опера жанрында өтк­ізіліп отырған алғашқы мазмұнды жоба. Талғампаз тыңдарман Абай әндері орын­далған музыка кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мем­­лекеттік сыйлықтың лау­реаты баритон Шахимардан Әбілов пен әншінің шәкірттері, вокалдық өнердің хас шебер­лері – Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткерлері сопрано Жұпар Ғаб­дул­лина, меццо-сопрано Дина Хамзина, тенор Жан Тәпин сынды опера май­талмандарының өнерін зор ықыласпен қа­был алды. Ал бағдарламаның аспаптық бөлімін «Бозайғыр» қобызшылар квинтеті мен пианист Раушан Бескемпірова ұсын­ды.

«Абайға тағзым» және «Абаймен сырласу» атты екі үлкен бөлімнен тұратын кеш шымылдығы «Бозайғыр» қобызшылар тобының орындауындағы «Құрмет» ор­денінің кавалері, қобызшы Жанар Жү­сіпованың «Тұран. Абай жолы» күйімен тү­ріліп, әрі қарай Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ш.Әбіловтің орын­дауындағы ұлы ақынның «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң», «Біреуден бі­реу артылса», «Сегізаяқ» әндерімен өз жал­ғасын тапты. Әр әннің әлқиссасын Абай өлеңдерін оқумен әрлеген әнші тыңдарман көңілін ерекше толқынысқа бөледі.

– Менің шығармашылығымда Абай рөлі­­нің маңызы зор. Ең алғаш консер­ва­тория­ны тәмамдайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде орындаған бейне мен үшін барлық шығар­машылығымның темір­қазығына айналғандай. Әйгілі партияны қанша мәрте орын­дасам, өзім үшін сонша мәрте жаңалық ашамын. Мен Абай бейнесіне кездейсоқ келген жоқ­­пын. Ұзақ дайындықпен, із­деніс­пен кел­дім. Мәселен, ұлы ақынның сахна­дағы бейнесін сәтті шығару үшін ең әуе­лі романстарын орындадым. Одан кейін ұлт­тық композиторларымыздың мұра­сы­на ден қойдым. Абайға түсу үшін әлем­дік­ клас­сиканың озық майталмандары – Шуберт, Малер, Чайковский, Рахма­нинов­тардың шығар­маларын шырқадым. Абай маған үлкен мектеп болды. Нағыз шебер­лігім шың­далар сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Міне, қанша жыл айтулы партияны орындап келемін, бірақ әлі күнге дейін кемеңгер бейнесінің кілтін таптым деп айта алмаймын. Қанша мәрте ойнасам да, бәрібір бірдеңе жетіспей тұрады. Абай – мен үшін жұмбағы шешілмес түпсіз терең тұңғиық. Абыз рөлі кез келген өнер адамы үшін қалпақпен қағып алатын жай дүние емес. Бұл – классика, үлкен философия. Ойнап жүріп ойланасың. Тазарасың. Сонысымен де Абай бейнесі биік, қастерлі. Мы­салы, мен шетелде Абай рөлін талай мәрте сахна төріне алып шықтым. Сонда опе­раның отаны саналатын елдердің тал­ғам­паз көрермені аузын ашып, тапжылмай тұрып қалған сәтіне куә болдым. «Не деген деңгей!» деп таңырқасқан халықтың қара­сында тіпті шек жоқ. Көрдіңіз бе, бұл – Абай бейнесінің күрделілігі, тереңдігі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Еркеғали Рахмадиев маған арнап «Абылай хан» операсын жазды. Либретто авторы – Әбіш Кекілбаев. Аталған шығармада Бұқар жы­рау­дың партиясын орындадым. Осы рөл арқылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым. Композитордың Бұқар жыраудай кесек бейнені маған арнайы тапсыруының сыры Абайда жатыр. Талай жыл Абай пар­­тиясын орындап шыңдалғандығымды ес­­кере отырып, Еркеғали Рахмадиев осы рөл­ді маған арнап жазып шыққан болатын. Менің бойтұмарым – Абай», дейді өнер иесі.

Осы тұста айта кететін тағы бір жайт – әнші Шахимардан Әбіловті үлкен шығар­машылық иесі ғана емес, қазақтың ұлтжанды перзенті ретінде танытатын аза­маттық ісі – музыкасын Еркеғали Рахмадиев жазған Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» романсы­на екінші ғұмыр сыйлауы дер едік. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жанына батқан өнер иесі Қазақстан композиторлар одағының кезекті пленумында осы туын­дыны ортаға шығып орындап, батыл мінез көрсетеді. Өйткені қылышынан қан там­ған қиын кезеңде мұндай шығарманы орындау үлкен ерлік еді. Ал ән болса ұлт­тық қасіретті, қазақ мұратын күңірентіп тұр. Сөйтіп, 86-ның ызғарлы оқиғасынан кейін көңілі жабырқап жүрген көпшіліктің ішін­дегі қатпарлы буырқаныс, қалың шерді қозғайды. Осы орындаудан кейін көзіне жас алып, күңіренбеген жан қалмады. Әу баста ән авторының өзі «Бұл қалай болар екен?» деп тіксініп, жүрегіне ді­ріл ұялатып үлгергенімен, кейін пафосы ке­ремет, әлемдік деңгейдегі әлеуеті күш­ті романсының талантты әншінің орын­дауында жарыққа шығып, жария бол­ғанына ерекше риза болып, көкірегін қуаныш кернеді. Бір қызығы, бұл романс­ты Рахмадиев ертеректе жазған екен. Алай­да алғашқы тыңдаудан кейін «бағы жанбай», шаң басқан тартпада қалып қойған туындыны үлкен сахнаға қайта алып шығып, екінші ғұмыр сыйлаған Ша­химардан Әбілов шеберлігіне ән авторы да, тыңдармандары да сол жолы дән ри­за болады. Осы оқиғадан соң шабыты ашы­лып, көңілі көтерілген композитор сол қуаныштың әсерімен әйгілі әннің бай­ғазысына тағы да бірнеше романсты өмір­ге әкеледі. Төлеген Мұхамеджановтың әншіге Абай әндеріне жазған романстарынан жасаған тамаша тартуы да өрелі өнер иесінің репертуар қорын байытып, үлкен сахналарда еркін концерт беруі­не кең жол ашып берді. Міне, Төлеген Мұха­меджановтың сол Абай өлеңіне жазылған әуез­ді әндер циклы араға тура 33 жыл са­лып «Астана Опера» театрында қайта шыр­қалып отыр. Айтулы өнер оқиғасына ком­позитордың өзі арнайы қатысып, зор риза­шылығын білдірді. Осылайша, Абай шығар­машылығы үндестірген әнші мен ком­позитор арасындағы шығармашылық тамаша тандем көпшілік тыңдарманды тәнті етті.

Рас, сахна аталатын киелі кеңістікте әнін орындап, қошеметке бөленуді ғана қанағат тұтпай, ұлттың жанына жақын жүріп, музыка арқылы азаматтық позициясын білдіре алатын таланттар өнерде өте сирек. Сол аздың алды осы Шахимардан әнші десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. «Астана Опера» сахнасында өткен ұлы Абай рухына арналған «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып...» атты мазмұнды музыкалық кеш – ойымыздың дәлелі.