– Жәнібек, өзіңіз болашақ дәрігерсіз, жақында оқуыңызды тәмамдайсыз. Одан бөлек волонтер-медиктер қозғалысының жетекшісісіз. Пандемия кезінде қауіпті індетпен күресте атқарған істерің жөнінде айтсаңыз?
– Мен қазір С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің 7-курс дәрігер-интернімін, қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысамын. Әріптестеріммен бірге медициналық волонтерлікті дамыту туралы ойлап жүргенбіз. Бұл шешіміміз Мемлекет басшысы жариялаған «Волонтер жылына» тұспа-тұс келді. 6 ай бойы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының реанимация және анестезиология бөлімінде волонтер болдым. Жаңа жылды да кезекшілікте қарсы алдым. Себебі өткен жылдың 27 желтоқсан күні құлаған Bek Air ұшағындағы жолаушылардың бір бөлігі біздің бөлімге жеткізілген еді.
Денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше жобамыз бар. Университетте арнайы акциялар өткіземіз. Мәселен, қалалық қан орталығына 55 литр қан өткіздік. Хал үстінде жатқан науқастарды құтқаруға аз да болса үлес қостық. Себебі, реанимация, онкология, ота жасау бөлімдерінде науқастарға донорлық қанның қаншалықты керек екеніне күн сайын куә болып жүрміз. Одан бөлек қаламыздың медициналық оқу орындары студенттеріне арнап волонтер-медиктер мектебін аштық. Инсультқа қарсы күрес күні, көру күні секілді маңызды күндерді «Баршаға саулық» атты жобамыздан тыс қалдырмаймыз. Себебі аурулардың алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөлінуі керек.
– Волонтерлікке қалай келдіңіз?
– «Волонтермін» деп айдар тақпасақ та, барлығымыз мектеп қабырғасында қайырымды істерге араласып тұрдық қой. 5-сыныптан бастап мектептегі «Отаншыл» ұйымымен бірге тұрақты түрде Алматы қаласы «Ақбұлақ» шағын ауданында тұратын соғыс ардагерлеріне қолғабыс жасайтынбыз. Ұл балалар бақшадағы жұмыстарға көмектессе, қыздар үй ішіндегі тірлігіне қолұшын беретін. Көмекке мұқтаж адамдардың разылығы, олардың берген батасы мен алғысы бізді одан әрі қанаттандыра түсті. «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының Алматы қаласы бойынша ұланбасы болдым. Содан бері, яғни 13 жыл бойы волонтерлік үрдісті жалғастырып келемін.
– Дүние жүзі бойынша қайырымды жандардың індетпен күресте алғы шептен табылып, ортақ іске өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. Еліміздегі ерікті жандардың еңбегі туралы айтсақ.
– Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, волонтерлердің жедел штабында 25 волонтер әріптесіммен бірге қызмет атқардық. Қаладағы барлық волонтерлік ұйымдармен бірігіп, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізумен, созылмалы аурулары бар жандарға медициналық кеңестер беріп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етумен айналыстық. Волонтерлердің денсаулығын бақылап отыру да маңызды болды. Сол себепті әр волонтерге гигиеналық нормаларды үйретіп, күн сайын температурасын өлшеп, әрбір 10 күн сайын коронавирус инфекциясына тест тапсырып, жалпы денсаулық жағдайын бақылауда ұстадық. Нәтижесінде, әріптестеріммен бірге 30 мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеттерін жеткіздік. Call-орталық арқылы 1000-ға жуық қала тұрғынына дәрігер-интерн, резидент ретінде медициналық кеңес бердік.
– Штаб жұмысынан бөлек, індетпен күресте әріптестеріңізбен қатар провизорлық стационарларда науқастармен тікелей жұмыс істедіңіз. Бұл тәжірибе маман ретінде жетілуіңізге қалай әсер етті?
– Бұл болашақ дәрігер үшін үлкен мектеп болды. Алғашында халықаралық рейстермен шет мемлекеттерден ұшып келген 3500-ге жуық отандасымызды күтіп алып, карантинде болудың қаншалықты маңызды екендігін түсіндіріп, жалпы жағдайларын бақылап, ПТР әдісімен коронавирус инфекциясын анықтауға көмектестік. Бастапқыда адамдар карантинде болуға қарсылық білдіріп, бұл шаралардың неге жасалып жатқанын түсінбеді. Өздерінің вирус жұқтырмағанына сенімді болды. Шетелде демалып келіп, біздегі карантиндік жағдайға көңілі толмай, айқай-шу шығарғандары да кездесті. Байқағаным, волонтер екенімізді айтып, жағдайды түсіндіргенде бірден басылып, сыйластықпен қарайтын. Бізге 3-курста коммуникативті дағдылар пәнінде науқастармен сөйлесуді, нәтижені дұрыс жеткізуді үйретеді. Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде шыңдадым деуге болады.
– Өзінен вирус анықталғанын естіген адамдар қалай әрекет етті?
– Әр адам әртүрлі қабылдады. Біреулері айқай-шу шығарып, кейбіреуі мүмкін емес деп бой берген жоқ. Бірден қорқып кетіп, көмек сұрайтындары бар. Алғашында коронавирус белгісіз індет болғандықтан барлығының бойын үрей билейтін еді. Мәскеуден аяғына ота жасатып, Мәскеу-Ақтөбе-Алматы бағытында автобуспен келген науқасқа індет анықталғанын айтқанымда, балдағымен бір ұрғаны бар. Бәріне түсіністікпен қарайсың, науқасқа да оңай емес.
– Алдағы уақытта медицина саласында волонтерлікті қай бағытта дамытуды көздейсіз?
– Болашақта елімізде медициналық волонтерлікті дамытып, волонтер-медқызметкерлердің санын ұлғайтуға қызмет етеміз. Дәрігер болғанда да әріптестерімнің арасында волонтерліктің негізгі қағидаларын насихаттап, корпоративтік волонтерлікті дамытуды қолға аламыз. Себебі әрбір мекеме қызметкерлерінің мәдениетін қалыптастыруда қайырымды іспен айналысу маңызды деп санаймыз. Жақында волонтерлік жобаларды жүзеге асыру үшін 300 мың теңгелік 3 грант жеңіп алдық. Сол жобаларға үлкен мән беретін боламыз. Халықтың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, жиі тексеріліп тұруына, індеттердің алдын алу бағытында жұмысты жолға қоямыз. Волонтерлік – өмірлік ұстаным. Сол себепті біздің ұйымнан болашақта өз саласының кәсіби маманы атанып, ізгі істерімен өзгеге үлгі болатын жастарды көргім келеді. Пандемия кезіндегі еңбегімізді Елбасы мен Мемлекет басшысы атап өтіп, Алғыс хат пен «Халық алғысы» медалін табыстады. Бұл еңбегіміздің еленгені ғана емес, алға қарай ынталандырып, үлкен жауапкершілік артатын марапат болды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»