Елге белгілі спорт қайраткері, даңқты спортшы, халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы, аты аңызға айналған тұлға Мұстафа Өзтүрік Қазақстанда таэквондо мектебінің негізін қалаушы ғана емес, аталған спорт саласында адал ізбасарларын тәрбиелеген Алаштың аймаңдай азаматтарының бірі. Рухы мықты, өз идеяларына шын берілген Мұстафа Өзтүріктің бейнесі композитор Шолпан Қорғанбекті «Тарлан» аспаптық туындысын шығаруға шабыттандырды. Айтулы шығармада Мұстафа Өзтүріктің бейнесі кең ауқымда әрі әсем көркемделген. Домбыра үніндегі лирикалық бастама кейіпкердің туған жері туралы, өзінің барлық білімі мен дағдыларын туған халқына қалай жеткізуге болатындығы жөніндегі ойларын жеткізеді. Бүкіл ансамбльмен орындалатын шығарманың тасқынды бөлігі Мұстафа Өзтүріктің ерік-жігер, рух күші, батылдық, адалдық сияқты қасиеттерін аша отырып, жігерлі, екпінді шырқалады.
– Қазақстанның аты аңызға айналған ерекше тұлғалары мені әрдайым жігерлендіреді, шабыттандырады. Олар біздің қуатты және бай шежіремізді құрайтын тұлғалар деп айтуға болады. Сондықтан болса керек, менің шығармашылығымның негізгі бөлігін тұлғаларға арнаған портреттік туындылар құрайды. Атап айтсам, Әл-Фараби, Абай, Сұлтан Бейбарыс, Шыңғысхан, Кейкі батыр, Бауыржан Момышұлы, Бекзат Саттарханов сияқты біртуарлар бейнесін музыка тілінде сөйлету маған қай кезде де қызық. Мұстафа Өзтүріктің тұлғасы да мені музыкалық арнау жазуға шабыттандырды. Мықты адамның өмірлік бейнесі мен қызметіне деген қызығушылықты, жалпы тұлғаның қайраткерік һәм ұлтжандылық қырын музыка тілінде дүйім жұртқа жеткізгім, дәріптегім келді. Бұл мақтаныш пен таңдану сезімі! Тыңдаушы авторлық туындымды ризашылықпен қабылдайды деген сенімдемін», – дейді шығарма авторы, композитор Шолпан Қорғанбек.
Айтулы күй Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енген «Қорқыт» этно-ансамблінің орындауында тыңдарманымен қауышты.