Білімім жоғары. Магистрмін. Мүмкіндігім шектеулі болғандықтан жоғары білімге ие болу үшін тағдырдың сан соқпағынан өтуіме тура келді. Студент атанған күннен бастап түрлі қиындыққа тап болдым. Өйткені жоғары оқу орындарында білім беретін педагогтердің қоятын бірінші сұрағы: «Біз сені қалай оқытамыз?» деген сауал болды. Аудио форматта жазылған қазақ тіліндегі ақпараттардың тапшылығынан екінші курста еріксіз орыс тобына ауысуыма мәжбүр болдым. Ерік-жігерім мен талпынысымның арқасында оқуымды үздік тәмамдадым. Қызыл дипломға бітірсем де екі қолыма бір күрек таба алмай біраз жүрдім. Ал он екі мүшесі сау қатарластарым дипломдарын ала сала өздері қалаған жұмыстарына орналасты. Артынша ордалы оңтүстіктен оңды бастама болмаған соң, астанаға жол тарттым.
Нұр-Сұлтанға келіп жұмыс істедім. Екі жылдан кейін тыңғылықты дайындықтың арқасында магистратураға грантқа түстім. Магистр атанғаннан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасына жұмысқа тұрдым. Аталған мекеме меңгерушісі Бақытжан Әсетілдаұлы Оразалиевтің қолдауымен инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы ашылып, жұмысқа кірісуіме мол мүмкіндік жасалды. Осылайша, қызметіме деген құлшынысым оянып, өмір сүруге деген құштарлығым одан сайын арта түсті.
Ал осы мақаламда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билікке мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін, ұсыныстарын жеткізгім келеді.
Мен Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде 6 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, елордаға қоныс аударуыма байланысты бірден үй кезегінен алып тастады. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі жандарды қайда қоныс аударса да баспана кезегінен шығарылмағаны жөн деген ұсынысымды айтар едім.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оқытатын, оның ішінде зағип жандарға білім беретін заманауи электронды жүйе енгізілмеген. Арнайы база жоқ. Осындай кедергілерді жою мақсатында елімізде білім алушы әрбір студент, магистрант, докторанттарға барлық жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қарым-қатынас орнату, білім беру үшін даярлық курсы жүргізілсе деген өтінішім бар. Сол кезде университет қабырғасында қызмет ететін оқытушылар тарапынан зағип студент оқуға түскен кезде «Біз сені қалай оқытамыз?» деген сұрақ қойылмас еді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көліктерде жүруі де үлкен проблема. Олай дейтін себебім, инватаксидің жетіспеушілігінен ерекше күтімді қажет ететін жандар маршруттарға мінуге мәжбүр, сәйкесінше жол жүру ақысын төлейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мекенжайын ауыстырса, яғни бір қаладан екінші қалаға бара қалса, немесе бір облыстан келесі облысқа жолы түскен жағдайда, жалпы, республикамыздың барлық жерінде қоғамдық көліктерде тегін жүруіне жағдай жасалса жөн болар еді.
Бүгінде еліміздің барлық театрында аудиостудиялар бар. Сол студиялар негізінде жаңа жобаларды неге жүзеге асырмасқа?! Мәселен, аудио-әдеби кітаптарды актерлар оқып, оны таспаға түсіріп, көпшілікке ұсынса, талай мүмкіндігі шектеулі жанның таланты ашылар еді...
Арнайы зағиптар кітапханаларында да жағдай мәз емес. Кітаптарды электронды форматта оқытатын штат жоқ деуге болады. Басқасын айтпағанда, Брайль жүйесінде дәріс беріп, компьютер үйретуші маман мүлде жоқ. Мамандандырылған кітапханаларда психолог маманы жұмыс істесе, брайль қарпінде үйрететін штат бөлінсе және дыбыс режиссерінің штаты да қарастырылса деген ұсынысым бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамда өз орнын толықтай таппаған азаматтар. Елдегі барлық өңірде кітапхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, пошта, емхана және спортзал сынды бірқатар қоғамдық орындардың қызметін бір жерден көрсететін инклюзивті орталық ашылса құба-құп болар еді. Өйткені атауы айтып тұрғандай, біздің мүмкіндігіміз шектеулі. «Цифрлы Қазақстан» деп айтып жатырмыз ғой, расында осы бағдарлама аясында мүгедектер үшін барлық қызмет түрлерін ұсынатын орындар арнайы бағдарлама шеңберінде бір жерге топтастырылса, біраз мәселенің шешілетіні анық.
Мен және менің тағдырластарымның жүректерін жарып шыққан осы бір ұсыныстар газет бетінде ғана хатталып қалмай, Парламент депутаттары назарына алып, шектеулі мүмкіндігіміздің шекарасын кеңейтіп берсе, біз де өзге азаматтар секілді ел қатарлы өмір сүрер едік, сәл де болсын кедергісіз, әрине...
Гүлhая ЖУАШБАЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының координаторы