Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өткен жылғы статистикаға үңілсек, жалпы берешек сомасы барлық тұтынушылық кредиттерді қоса есептегенде 4 трлн теңгеден асады. Қазақстан халқының 27%-дан астамы несие алған, мойындарында қарызы бар. Бұл елдің экономикалық белсенді халқының 55%-дан астамын құрайды. Ипотекалық қарыз, автокредит бойынша алынған несие, бизнес-кредитті есептемегендегі көрсеткіш. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш азайған жоқ, қайта көбейе түсті.
Коллекторлар борышкерлерді жиі мазалайды. Соның салдарынан қарыз алушының да, кейде кепіл болған адамның да мазасы кетеді. Коллекторлардың мақсаты – қорқыту ма, қорғау ма? Ол жағы түсініксіз. Бір анығы, барлық кредиттік жүйе банктің мүддесін қорғауға бағытталған.
Барлық дамыған елдерде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң бар. Ол заңдар азаматтардың құқықтарын қорғайды және пайда табуға ғана бағытталған банктердің мүдделерін шектеуге мүмкіндік береді.
Бұл идея негізінен, ең алдымен Америка Құрама Штаттарында жүзеге асырылды, онда банкроттық туралы алғаш рет XIX ғасырдың өзінде айтыла бастаған. Бір ғасырдан кейін бұл процедураны Еуропа елдері де қабылдады. Банкроттық туралы заңнаманың негізгі мақсаты – адал борышкердің мүлкін несие берушілер арасында әділ бөлу, борышкерді қарыздан босату және оған бизнесін қайтадан бастауға мүмкіндік беру.
АҚШ-та жеке тұлғаның банкроттығы өте кең таралған. Банкроттық деп жариялауға мәлімдемені борышкердің өзі (ерікті банкроттық) немесе несие беруші арыз бере алады, бұл жағдайда ол мәжбүрлі банкроттық болып табылады. Мұндай іс жергілікті федералды банкроттық сотында қаралады және банкроттық туралы кодекспен реттеледі.
Егер борышкердің тұрақты табысы бола тұра, бірақ оның көлемі барлық қарыздарын өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда оның бар мүлкін тартып алмайды. Ол өз мүлкіне билік ету еркіндігіне ие болады. Бірақ шарт бойынша ол қарызын тез арада өтеуге міндеттеледі.
Егер банкрот деп жарияланған тұлға қарызын өтеуге еш мүмкіндігі болмаса, онда оның мүлкі жазып алынады да, артынша сатылады. Ал одан түскен табыс кредиторларға қайтарылады.
Жалпы, АҚШ-та заңның негізгі қағидасы «freshstart» («жаңа бастама») деп аталады және адамды мүмкіндігінше тез қарыздан босатып, оған өз ісін қайта бастауға мүмкіндік береді. Бірақ бір теріс тұсы: банкроттық туралы жазба несие тарихында 10 жыл бойы сақталады. Ол жаңа несие алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.
Ұлыбританияда жеке тұлға үш жағдайда банкрот болуы мүмкін: борышкер сотқа өзі жүгінген кезде, кредитор сотқа жүгінсе немесе борышкер кемінде 750 фунт (шамамен 485 мың теңге) берешегі болған кезде. Сондай-ақ борышкердің кредиторлармен бітімгершілік келісім талаптарын бұзуы себебінен конкурстық басқарушы сотқа жүгінсе, банкроттық жарияланады.
Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін борышкер тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, жиһаздарды жалпы өзіне қажетті құралдар мен арзан көлікті қалдыра алады. Сондай-ақ банкрот тұлға зейнетке шығу құқығын сақтайды, зейнетақы жинақтарын төрелік басқарушы ала алмайды.
Ал Қазақстанда заң бойынша кредиторларға банкроттың зейнетақы жинақтарынан 50%-на дейін алуға болатын норма бар.
Ресейде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның оң тұстары да бар: несиелер мен қарыздар бойынша қарыздарды есептен шығару; мүлікке тыйым салуды алып тастау; атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру; айыппұлдар мен пайыздардың есептелмеуі; барлық қарыздарды үмітсіз деп тану. Сондай-ақ заңмен өндіріп алынбайтын мүлік қорғалған: жеке қаражат есебінен сатып алынған, сыйға немесе мұраға алынған, банкроттық туралы өтініш берілгенге дейін өтелген ипотека арқылы сатып алынған жалғыз тұрғын үй; үйге арналған заттар, тамақ, киім, аяқ киім; борышкердің кәсіби қызметіне қажетті мүлік; борышкерге және асырауындағыларға күнкөріс минимумы; жүріп-тұруға қажетті мүгедектің мүлкі; наградалар, сыйлықтар; мүгедектігі бойынша зейнетақылар мен жәрдемақылар, әскери зейнетақы, балаға төленетін жәрдемақы.
Теріс тұстары: банкроттық деп танылғаннан кейін 5 жыл бойы кредит пен қарыз алу мүмкіндігінің болмауымен 3 жыл ішінде заңды тұлғалардың басқару органдарында басшы лауазымдарға орналасуға тыйым салу жатады. Сондай-ақ сот тәркіленген мүлікті толық сатпайынша, борышкер Ресей Федерациясының шекарасынан шыға алмайды. Сот тыйым салуға құқылы.
Ресейдің Орталық банкінің экономистері заңның мақсатты аудиториясын қолданатындар саны 600 мыңнан астам адам болады деп топшылады. Бірақ 2015 жылы заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң, банкроттық рәсімін 600 мың борышкердің 1000-ға жуығы, яғни 0,2%-ы ғана пайдаланды. Сондықтан экономикалық жүйелер мен халықтың менталитетінің ұқсастығын ескере отырып, мұндай заңның енгізілуі жаппай банкроттыққа әкелмейді деп толық сеніммен айтуға болады.
Мүліктік және азаматтық құқықтардың шектеулеріне қарамастан, бұл заңды адамгершілік тұрғысынан қолайлы деп санауға болады. Дүниежүзілік Банктің есебінде де тұтынушылық банкроттықтың негізгі ұзақ мерзімді мақсаты адал борышкерді экономикалық қалпына келтіруге қол жеткізу болып табылатыны атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеке тұлғаларға қатысты банкроттық туралы заңды 2015 жылы әзірлеуді тапсырған болатын. Елбасы 2018 жылғы халыққа Жолдауында шенеуніктерге оны жеделдетіп, жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін айтты. Бірақ өкінішке қарай, заң әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар 2018 жылдың сәуір айынан бастап заң жобасы «Банкроттық туралы» заңнан «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» заңға өзгертілді. Қазір бұл шара 2023 жылға дейін кейінге қалдырылды.
Шетелдердің тәжірибесін зерттеу арқылы заңды қабылдау қажет. Сонда елімізде жеке тұлғалардың құқын қорғайтын заң қабылданады. Осылайша, Қазақстан Республикасының жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңын енгізу және іс жүзінде оны жүзеге асыру көптеген мәселелерді қамтиды.
Бұл заңды көп кешіктірмей қабылдауымыз керек. Сонда «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң аясында азаматтарды қорғау параметрі бойынша дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға мүмкіндік туады.
Бауыржан Смаилов,
кәсіпкер