Қоғам • 10 Қараша, 2020

Жол картасы жұртты жұмыспен қамтыды

411 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сараптап-саралап қарасақ, мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты халыққа тиіп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөндеу көрмеген нысандар жөнделіп, ауыл-аймақ абаттанып қана қойған жоқ, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Облыста бұл бағдарлама бойынша 20 020 адам жұмыспен қамтылса, құрылыс жұмыстары аяқталған соң 1 150-ін тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген.

Жол картасы жұртты жұмыспен қамтыды

«Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған іске жұ­мыс­шылардың көбі жергілікті жер­дегі тұрғындардың ішінен тар­тылған. Олардың жалақысы 85 257 теңге деп белгіленген. Тек арнайы мамандар шеттен барып, уақытша қызмет етеді. Оларға мердігер компания келісімшарт негізінде үш күн ішінде 85 мың теңге әлеуметтік көтерме ақысын беруі тиіс. Ал Өскемен қаласында көтерме ақы бұл белгіленген мөлшерден жоғары.

Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ұйымдастырылған бағ­дарламаның жұмыстарына аз-кем тоқталып өтсек, өңірде көп­теген игі іс атқарылып жатыр. Тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы саласында «Жұмыс­пен қам­тудың жол картасы» бағ­дар­­ла­масы аясында 214 жоба қол­ға алыныпты. Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лық басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Нұрлан Рама­за­новтың айтуын­ша, облыста сумен жабдықтау және су бұру же­лі­лерін қайта құру және ағым­дағы жөндеу бойынша 49 жоба, жылу­мен жабдықтау нысандары бо­йынша 18 жоба, электрмен жаб­дықтау бойынша 5 жоба және абат­тандыру бойынша 142 жоба іске асырылып жатқан көрінеді.

– Өскемен, Семей, Алтай қалаларында, сондай-ақ Аягөз, Абай, Тарбағатай, Бородулиха, Шемонаиха, Бесқарағай, Жарма және Зайсан аудандарының сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, Аягөз, Бородулиха, Катон­қарағай, Ұлан және Алтай аудандарының жылумен жаб­дықтау және жылу көздері желі­леріне, Риддер қаласында және Үржар, Ұлан аудандарының электрмен жабдықтау желілеріне жөн­деу жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті Н.Рамазанов.

Сондай-ақ балалар футбол алаңдары, хоккей корттары мен воркаут алаңдары орнатылды. Сая­бақтар мен скверлерге көгал­дан­дыру және жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Облыстың барлық қа­ла­­лары мен аудандары абаттандырылды.

Биыл Жарма ауданында түрлі деңгейдегі 60 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 3 млрд 679 млн теңгені құрайтын инвестициялық жобалар болса, одан бөлек күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар. Түптеп келгенде, бұл жұмыс­тар ауданның инженерлік инфра­құрылымын дамытып қана қой­май, әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай өзгерістер енгізуі тиіс.

Жарма ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдар­ла­масы аясында 25 жобаны іске асыруға 656 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде ауданда 174 жаңа жұмыс орны құрылған. Бүгінге дейін 20-дан аса жоба орындалған. Оның ішінде елді мекен­дердің ішкі жолдарын қал­пы­на келтіру жұмыстары да бар. Мысалы, Қалбатау ауылының үш көшесіне және Шардағы Қабанбай батыр көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса Қалбатау, Шар, Әуезов елді мекендеріндегі бірқатар көшеге жарық тартылған.

Сондай-ақ Бесқарағай ауда­нын­да да жолдар жөнделіп, көше­лер жарықтандырылып жатыр. Биыл Бесқарағайда жол картасы аясында 6 бірдей ауыл­дың көшесіне жарық тартылды. Үш ауылдың жолы орташа жөн­деу­ден өтті. Бесқарағай ауы­лын­дағы Әуезов, Жабаев, Шевцов, Тәуел­сіз­дік көшелері, Глуховка ауы­лының Абай, Пионер және Совет көшелері жөнделді. Бұл жұ­мыс­тарға 137 млн теңге жұм­салған екен.

Ал Катонқарағай ауданында жалпы құны 6 млрд теңге болатын 76 жоба жүзеге асырылып жатса, оның ішінде 24 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған. Осы ретте айта кетерлігі, 20 мектеп және 6 мәдени нысан жөнделген. Сондай-ақ аудан жолдарының 30 шақырымына асфальт төселді.

Көкпекті ауданында да авто­мо­биль жолдарына орташа жөн­­­деу жұмыстары жүргізіл­ген. Бұл ауданның 50 елді ме­ке­нін байланыс­тыратын аудан­дық ма­ңы­зы бар автомобиль жол­да­ры­ның 72,5%-ы – қанағат­та­нар­лық жағдайда. Аудан басшы­лы­ғы­ның жоспарлауынша, 2025 жылға дейін жолдардың 95%-ы жақсы жағдайға жетуі тиіс. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясын­да Преображенка – Шұғыл­бай ауыл­дарына орташа жөн­деу жұмыс­та­ры жүргізілді. Үлкен­бөкен – Көкжайық – Үлгілі малшы автомобиль жолының 54 ша­қыры­мына ағым­дағы жөндеу жүр­гізілді. Бір­не­ше ауылдың кіре­беріс­тері те­гіс­­телді.

Бұл бағдарлама бойынша Алтай ауданының көптеген ауылдық мек­­тебінде жылы дәретханалар ор­на­ту мәселесі шешілді. Олардың ішін­де Октябрьск кентіндегі мектеп те бар. 1957 жылы салынған оқу ғимаратында осы уақытқа дейін дәретхана болмаған еді. Аудан халқы, ата-аналар «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы арқылы бұл мәсе­ле­нің шешілгеніне қуанышты.

Абай ауданының Қарауыл ауы­лындағы 27 пәтерлі тұрғын үй­дің ауласы, сондай-ақ Құнан­бай көшесі абаттандырылып, Зере, Сүндетбай, Құтжанов көше­лерінің көше жарығына ағым­дағы жөндеу жүргізілді, Бек­босынов және Әйгерім көше­леріне жарықтандыру тартыл­ды. Ал Аягөз қаласында 8 спорт­тық воркаут алаңдары ашы­лып, аулаларды абаттандыру жұ­мыс­та­ры жүр­гізілуде. Бороду­лиха ауда­ны­­ның Белағаш және Зен­ковка ауыл­­дарында да көше­лер­ге жарық тар­тылды.

Сонымен қатар әлеуметтік қор­ғ­ау бойынша 66 жоба жоспарға енгізілген. Соның бірі – Семейдегі әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөліміне лифт орнатылды. Бұл да көптен бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселе еді.

Жалпы, облыста 817 инфра­құры­лымдық жобаны жүзеге асыру үшін 77 млрд теңге бөлінгені белгілі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруда Өскемендегі әуежай қайта жаңарды, екі жатақхана пайдалануға берілді, Семейдегі онкологиялық диспансердің ра­дио­­логиялық орталығының құры­лысы аяқталды, Өскемендегі об­лыс­тық аурухана мен көпсалалы он­ко­­логия және хирургия орта­лы­ғы қайта жаңартылды.

Бағдарлама бойынша 15 білім беру нысаны жаңартылуда. Биыл білім беру нысандарын жөн­деу­дегі ең ауқымды жұмыстар Глу­бо­кое ауданының бірнеше елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. Көп жылдар бойы күрделі жөн­деуді көрмеген мектеп ғима­рат­та­ры ретке келтіріледі.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағдарламасы бойынша «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» ая­сын­­дағы жобаларды ескере оты­рып, облыста жалпы ауданы 533 мың шаршы метр 6 454 пәтерге арналған 118 көппәтерлі үйдің құ­рылысы жүргізіліп жатыр. Облыс­тық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әсет Сүлейменовтің айтуын­ша, «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» бойынша бір қабатты үй­лерді, сондай-ақ жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлерді пай­далануға беру жоспарлануда.

Бесқарағай ауданында жаңа спорттық нысандар пайда болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 футбол алаңы орнатылды. Естеріңізге сала кетсек, бұл бағ­дар­ламаны жүзеге асыру үшін Бес­қарағай ауданында 27 жоба бойынша жөндеу-құрылыс жұ­мыс­тарына 531,2 млн теңге бө­лін­ген. Бородулиха ауданында да бір­не­ше ауылдың көшелері жа­рық­танып, ауылдарда шағын футбол алаңдары пайда болды.

Бүгінгі таңда Риддер және Кур­чатов қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Жарма, Зайсан, К­а­­тонқарағай, Күршім, Тарба­ға­тай және Ұлан аудандарында «Жұмыспен қамтудың жол карта­сы» бағдарламасының жобалары толық аяқта­лып, салын­ған, жөнделген барлық нысан пай­далануға берілді. Негі­зі­нен бұл – ха­лықты нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған дағ­дарысқа қарсы бағдарлама. Нәти­жесінде тозған ғимараттар қайта жөнделіп, ауылдың ажарын аша түсті. Қан­ша­ма әлеуметтік, спорт­тық нысандар бой көтерді. Тағы бір маңызды мә­селенің бірі – көптеген адам жұ­мыс­пен қам­тылды.