– Зәуреш Жансұлтанқызы, әңгіменің әлқиссасын қорықтың қалыптасу тарихынан бастасақ.
– Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан әлемдегі жалғыз қорық. Тарихы да терең. Бұл нысанға ғалымдар тарапынан зерттеу ХІХ ғасырдың орта тұсына қарай басталыпты. Алғаш рет 1831 жылы орыс ғалымы Р. Левшин Арал теңізінде осындай аралдың бар екенін анықтап, картаға сызбасын түсіреді. Осыдан кейін патшалық Ресей үкіметі 1848 жылы теңіз аумағын зерттеуге тұңғыш рет экспедиция шығарып, оған басшы етіп әскери теңізші Алексей Бутаковті тағайындайды.
Осы экспедиция мамыр айында Ор бекінісінен аттанып, бір ай жол жүріп Арал теңізінің жағасына жетеді. Шілде айында зерттеуді бастаған саяхатшылар әуелі Көкаралға аялдап, содан кейін Барсакелмеске жүзіп барады. Бұл экспедиция екі жыл уақыт жұмсап, Барсакелмес аралының пішіні мен көлемін анықтап, рельефіне, топырағына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне сипаттама берген екен. Жүз жыл өткен соң Барсакелмес аралында осы А.И.Бутаковке ескерткіш қойылды. Осы экспедиция құрамында болған географ А.Макшеев пен топограф А.Акишев аралдың топографиялық сызбасын жасап, табиғатын сипаттаса, ландшафттық суреттемелерін солдат Тарас Шевченко жасаған дейді. Алайда ол суреттер сақталмаған.
Жоғарыдағы зерттеушілердің күнделік дерегіне сүйенсек, айдынды арал оларды керемет табиғи сұлулығымен таңғалдырыпты. Жер бедерін түгелдей жасыл желек жапқан. Тұщы су қоры көп. Мұндағы өсімдіктердің көпшілігі басқа жерде мүлдем кездеспейді. Барлаушы-зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, аралда құстардың 200 түрі болған. Ал жердің бетінде, жылан, кесіртке, шаян, бүйілер өріп жүрген. Сексеуілді паналаған жайран мен ақбөкен тіпті адамнан үрікпейтін болған. Сол кездері бұл жер шынында таңғажайып қойнау болғанға ұқсайды.
Содан кейін аралға 1874 жылы Мәскеу университетінің зоологы В.Аленицын келген. Ол аралдың ландшафтын сипаттаумен қатар, осындағы бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді зерттесе, 1900 жылы белгілі орыс географы Л.Берг, 1922 жылы ботаник И.Райкова зерттеу жүргізіпті. Бұлар аралдан өсімдіктер үлгісін жинап, оны Петербор және Ташкенттің ірі гербарийлік орталықтарға тапсырғаны жайлы дерек бар. Міне, Барсакелместің ашылу тарихы осындай. Арал 1939 алғаш рет қорық мәртебесін алған екен.
– Қорық тарихын талдап түсіндірдіңіз. Енді осында өмір сүруші жануарлар әлемі мен өсімдіктер флорасы жайлы тарқатып көрсеңіз?
– Барсакелмес – тірі табиғаттың сирек кездесетін өсімдіктер қазынасы десек жарасады. Қорықтың 60 528 гектары сексеуілді-орманды алқапты құраса, мұнда 298 түрлі өсімдік флорасы бар. Мысалы, Борщовтың әсем қызғалдақтары, Қандым бұталары, сексеуілдің қалың шоқтары және дала шөптеріне жататын: бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң түрлері көп. Жануарлар әлемі негізінен омыртқасыздармен ерекшеленеді, сондай-ақ бауырымен жорғалаушыларға, құстар мен сүтқоректілердің 28 түріне бұл қорық мекен болып келген. Сонымен бірге құлан, ақбөкен, қарақұйрық, ор қоян сынды арал табиғатына бейім қоңыр аңдар түрлері де осында өмір сүріп, өсіп-өнген.
Қорықтың жануарлар әлемі сан алуан. Қосмекенділер отрядына жататын – жасыл құрбақа мен көлбақа мекендейді. Омыртқасыз жәндіктердің 12 отрядына жататын 2000 жуық түрі болса, тек өрмекші тұқымдастардың 107 түр-тобын кездестіруге болады. Бауырымен жорғалаушылардың – 12 түрі, сонымен қатар 178-ге жуық қанаттылар түрі бар.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығын 25 сүтқоректі жануар жайласа, солардың бірнешеуі дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген. Олардың біріншісі – құлан да, екіншісі қарақұйрық. Сонымен қатар мұнда өсетін өсімдіктің 14-і эндемик. Құстардың 178 түрі мекен етсе, бұлардың 26 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» жазылған. Бұдан басқа, 12 бауырымен жорғалаушы мен 2 қосмекенді тіршілік етеді. Бұл жерде сирек кездесетін улы қалқантұмсық жылан бар. Мұндай бауыры суық бақанақтың уы медицинаға аса қажет.
Бірақ 1990-жылдары Арал теңізінің суы тартылып, қорық экологиялық дағдарысты бастан кешірді...
– Демек, Аралдың тартылуы салдарынан қорықтың байырғы табиғи фаунасы бұзылған болды ғой?
– Өкінішке қарай теңіздің тартылуына байланысты судың тұздылығы шектен шығып, қоңыр аңдардың өмір сүруін қиындатты. 1982-1991 жылдар аралығында 260-тан астам құлан республиканың басқа қорықтарына ауыстырылса, 1997-1999 жылдары Барсакелмес арал болудан қалып, жаңа айтқанымыздай тұщы су көздерінің жоғалуы қоңыр аңдарды түгелдей басқа жақтарға жөнелтуге мәжбүр етті.
Сол уақыттан бастап бұл жерден ұзын-саны 250 қаралы құлан көшіріліп әкетіліп, негізгі бөлігі Алматы маңындағы «Алтын Емел» ұлттық паркіне жіберілсе, тағы бір тобы Маңғыстау маңындағы Үстірт жоталарына аттандырылды. Ал қорықтың өз басында алыс жолға жарамайтын, кәрі-құртаң 50 шақты құлан қалып еді. Аралдың шығыс бөлігі үлкен материкпен жалғасуы бұл жануарлардың аман қалуына себепші болды. Екі араға өткел түскеннен кейін, бұл жерден 1500 киік пен 350 қарақұйрық сыртқа аман шықты. Оқшау аралдағы ауыз судың тапшылығы аң-құстарды осындай ауыр жағдайға душар етті. Суат іздеген тұяқты жануарлар Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына ауып барды. Сөйтіп, аталған өңірлерді қорыққа қосу қажеттілігі туды.
– Арал теңізінің тартылуы және өткен ғасырдың 90-жылдары орын алған жаппай экономикалық дағдарыс қорық тынысына әсер еткені анық. Осы қиындықты қалай еңсердіңіздер?
– Расында, өзіңіз атап өткендей, осы жылдары қорық дағдарысты бастан кешті. Бірақ 2005 жылғы 27 сәуірде Арал өңіріне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ат басын бұруы үлкен серпін беріп, қорықтың екінші тынысын ашты. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолы қала орталығында қорық жөніндегі анықтамалық стендтерді қарап тұрып, аймақ табиғатында әлі де сақталып, өсіп-өнген эндемикалық жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылық білдірді. Елбасының бұл сапарынан кейін Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің терістік бөлігін сақтап қалу жөнінде ғасырлық салмағы бар жоба қолға алынды. Көп ұзамай осы жылдың күзінде Көкарал бөгеті қалпына келтірілді.
Бұл нысанды Қазақстанның сегізінші кереметі атауға болады. Себебі жердің жағрафиялық картасынан жоғалған Солтүстік Арал теңізінің қайта қатарға қосылуы тіршіліктің жаңадан жандануына әсер етті. Осыдан кейін бұрынғы балықшылар отбасы қайықтарымен су айдынына шығып, ата кәсібін жалғастырды. Солтүстік Арал акваториясы содан бергі бар-жоғы екі жылдан сәл астам уақыт ішінде мамандар күткен мөлшердегіден әлдеқайда тез және мол суға толып түстіктегі қорық аумағына да өзінің оң ықпалын тигізе бастады. Қазіргі таңда қорық қайта даму кезеңін бастан өткізіп отыр...
– Қорықтың территориялық құрылымы мен кластерлік сипаты жайлы айтып өтсеңіз?
– 2006 жылы Үкімет арнайы қаулысымен қорықтың аумағы бұрынғыдан 10 есе үлкейіп, барлығы – 160 826 гектарды құрады. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес қорық көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 га) қосу арқылы тағы да ұлғайды. Қазір қорықтың жалпы аумағы 163 126 гектарға жетті.
Қазіргі таңда Барсакелмес қорығы 3 кластерлік учаскеден тұрады: Біріншісі, «Барсакелмес» учаскесі. Жалпы аумағы – 16 795 гектар. Бұған теңіздің суы тартылған табанын қоса есептегенде 50 884 гектарды құрап отыр. Екіншісі, – «Қасқақұлан» учаскесі. Аумағы – 109 942 гектар. Жабайы құландар мекені осы жерде. Сонымен қатар, құрғаған теңіз табанына жаңадан өсіп шыққан табиғи сексеуіл тоғайларының үлкен массиві орналасқан. Үшінші – Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасында орналасқан «Дельта» учаскесі. Аумағы – 2300 гектар.
– Қорықты мекен етіп жүрген қоңыр аңдар популяциясы жайлы хабардар етсеңіз?
– Қорық негізінен құлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты қоңыр аңдар мекені. Осының ішінде құландар алғаш рет 1953 жылы қорыққа Түрікменстанның Бадхыз өңірінен 9 бас әкеліп, жерсіндірілген болатын. 1980 жылы құлан саны 300-ге жетті. Сонан бері олардың популяциясында жыл сайын өсім байқалып келді. Тұщы судың аздығы мен теңіз суының тұздығы көтерілуі салдарынан құландарды аралдан біртіндеп шығару туралы шешім қабылданып, 1980 жылдары құландар популяциясының бір бөлігі «Алтын Емел» ұлттық паркіне қоныс аударылғаны жайлы жаңа айтып өттік. Қазіргі таңда құландардың аралдық популяциясынан қалғандары Қасқақұлан учаскесіне жерсіндірілді. Мұнда олардың саны жыл сайын артып келеді.
Ал қарақұйрықтарға қатысты айтар болсам, 1929 жылы аралға Қарақалпақстаннан 9 бас әкелінген екен. Олар жаңа жерге бейімделіп күрт өсе бастады. 1948 жылы саны 2000 басты құрады. Алайда 1948-1949 жылдары ауыр жұт салдарынан жаппай қырылып, бар-жоғы 60 басқа жуық қана қалған екен. Кейін қайта көбейіп 1983 жылдың санағы бойынша аралда 160 бас қарақұйрық болғаны жайлы статистика бар. Аралдың құрлықпен шектесіп кетуінен кейін қарақұйрықтардың негізгі бөлігі тұщы су іздеп жақын маңдағы аумақтарға қоныс аударды. 2019 жылы қорықтағы қарақұйрықтар 135 басты құрады.
Ақбөкендер популяциясына тоқталсақ, өткен ғасырдың 20-жылдары аралға 50-60 бас әкеліп жерсіндірілген екен. Бұлар арал жағдайына көбірек бейімделген жануарлар болғандықтан олардың саны өсіп, кей жылдары 3000 басқа дейін жеткен. Теңіз тартылып, құрғақшылық салдарынан кейінгі кезде 3-5 есеге кеміген. 2019 жылғы санақ бойынша қорықта 125 бас ақбөкен тіркелген.
– Қазіргі таңда қорықта ғылым, ақпарат, мониторинг және экологиялық талдау бағытында, сонымен қатар халықаралық байланысты нығайту тұрғысынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– Өзіңіз атап өткен бағыттар бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр дегенді сенімді түрде айта аламыз. Осы істерді ғылыми-зерттеу бойынша жіктеп-жіліктеп тақырыптарға бөліп таныстырар болсақ: «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша Барсакелмес МТҚ табиғат кешенінде жүріп жатқан құбылыстар мен процестерді бақылау; Арал теңізіндегі гидрологиялық ахуалдың және климатының өзгеруі жағдайындағы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктерінің динамикасы; Индикаторлық түрлер мысалында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының қосмекенділері мен бауырымен жорғалаушылары популяцияларының қазіргі таңдағы жай-күйі; Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы құстарының индикаторлық түрлерінің мониторингі; Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығындағы құландар популяциясы және олардың жай-күйі т.б. тақырыптар бойынша ғылыми жетілдірілген жоспарлар жасалынып, игі істер атқарылуда.
Бүгінгі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстан Республикасының алдынғы қатарлы ерекше қорғалатын аумақтарының бірі болып табылады. Қорық өз қызметі барысында көптеген отандық және халықаралық ұйымдар: БҰҰ, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Жапония тарапынан ұсынылып отырған «Шөптер тамыры» бағдарламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясы және т.б. ұйымдармен етене жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енді. Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО мойындаған 6-шы биосфералық резерват болып табылады.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»