Қоғам • 10 Қараша, 2020

Үржардағы үлгілі іс

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктал ауылындағы Қатынсу өзенінің үстіне аспалы көпір түсті. Арғы жаға мен бергі жағаны жалғап жатқан көпірді ауыл тұрғындары өз күшімен, өз қаражатына салып алған. Қарасаңыз, Семейдегі кәдімгі аспалы көпірдің шағын нұсқасы.

Үржардағы үлгілі іс

Көктал халқы осы уақытқа дейін ауылдың іргесіндегі өткел бермес өзеннен өте алмай қиналатын. Шабындық пен мал өрісі судың арғы жағасында болғандықтан, тұрғындарға көпір ауадай қажет еді. Сол үшін де ауылдықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осыдан бір жыл бұрын көпір салуды бастап кеткен.

Колхоздың дүрілдеп тұрған шағында «Сайтан көпір» деп аталатын көпірсымақтары болған-ды. Ені 80-ақ см өткелдің ортасы салбырап тұратын. Жаяу жүргіншілер ортан беліне таяғанда тербелмелі көпір суға тиіп, тобықтан су кешіпті. Кейін көктемгі тасқында мұзға тіреліп, үзіліп кеткен. Содан бері көкталдықтар көгенделіп қалғандай күй кешіпті. Былтыр ғана көпір құрылысы қолға алынғанда тұрғындардың көңілі жайлана бастаған. Оның өзінде «колхоз кезінде салынбаған дүниені сендер қайтіп саласыңдар» дегендей керітартпа әңгімелер де айтылған секілді. Ең бастысы, бірлігі бекем халық білек сыбана іске кірісті.

Көпір құрылысының жобасын алдымен мектептегі графика және жобалау пәнінің мұғалімі Ахат Рақышев қағазға сызып шыққан. Содан соң кішігірім макетін жасап көрген. Макетті жасап отырған кезде сызбаға түспеген қажет детальдарын толықтырған.

– Осы көпірдің құрылысына мұрындық болған және маған сенім артқан Көкталдың 1983 жылғы жігіттеріне алғыс айтамын. Олар – Айдын Есболов, Қуанышбек Әбдешов, Дархан Джимбаев, Берік Чожиковтерге және қалада тұрса да көп қолғабыс еткен Дәурен Күлгімбаев. Құрылыс басына үнемі ыстық тамақтарын жеткізіп тұрған «83-тің» қыздары – Сандуғаш пен Айгүлге де алғысым шексіз. Қосымша жан-жақтағы кәсіпкерлер де көмектесті. Шамамен, 10 млн теңгеден аса қаражаттың құрал-жабдығы пайдаланылды. Ауыл азаматтары материалдай демеу жасамаса, одан көп болуы мүмкін еді, – дейді құрылыстың басы-қасында жүрген А.Рақышев.

Сызбасы сызылып, макеті жасалғанымен көпірдің көлемін дәлме-дәл шығару оңай болмапты. Жалпы ұзындығы – 130 м, биіктігі – 10 м, ені – 1,4 м. Ал өзен деңгейінен биіктігі – 3 м. Оның үстіне ауылдықтарда көпір құрылысына қажетті кран, экскаватор, бульдозер секілді техникалар жоқ-тұғын. Десе де басталған істі соңына дейін жеткізуді көздеген тұрғындар ауылдағы бар тракторларды жұмылдырып, білек күштеріне, Ахат сынды азаматтардың шеберліктеріне сенген. Сенім ақталды. Анау Өскемендегі Ертістің көпіріндей созбалаңға салынып, ырың-жырың болмады. Айналдырған бір-ақ жылдың ішінде пайдалануға берілді. Құрылыс аяқталған соң аспалы көпірдің беріктігін мотоциклмен жүріп, сынап көрген. Қолданылған материалдар – жуан труба, темір тіреулер, болат арқан. Ахаттың айтуынша, өзеннің бір жағасынан екінші жағасына керілген болат тросс атты адамды да көтереді.

Аспалы көпір аяқталған күні ауылдықтар бөріктерін аспанға атты. Мәселенің үлкені шешілді. 150-дей үйі бар ауылға ауыз су тарту жұмыстары да таяп қалған. Ендігі кезекте өздері бірігіп, қоршап алған футбол алаңына жасанды газон төселсе, ауыл балалары бір қуанып қалар еді. Әйтпесе жас футболшылар аяқ киімдерін тоздырып, шаңы шыққан алаңда доп тебеді. Естуімізше, әкімдік жасанды газон төсейміз деп уәде етіпті де. Сонымен қатар тұрғындар ауыл ішіндегі және ауданға баратын жолды асфальттаса, тегістеп, тас төсесе деп тілейді. Ұялы байланыс телефонының мұнарасы орнатылса дейді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы