Өңір басшысы пандемия атқарушы биліктің кемшіліктерін де ашып тастағанын мойындады. Көктем-жаз айларында ақтөбелік 3 250 тұрғын індетке шалдықса, бүгінгі таңда осындай 6 науқас тіркелген. Бұлардың бәрі де – Ресейден келген облыс тұрғындары. Дәрі-дәрмек тапшылығы, індетке дайындықтың нашарлығы және індет кезінде ана өлімінің 13 есеге артуына байланысты жергілікті атқарушылық билік Мемлекет басшысының қатаң сынына ұшырағаны белгілі. Ана өлімінің көбеюі себебін Оңдасын Оразалин былай деп түсіндірді: «Былтыр 1, биыл 14 ана өлімі тіркелді. Өкінішке қарай, 9 әйел жүктілік кезінде ковидке шалдығып, өмірден өтті. Артынан тексеріс жүргізіліп, оларды дер кезінде бақылауға алмаған аурухана басшылары жауапқа тартылды».
Қазір қалалық және аудандық ауруханалар екі айлық дәрі-дәрмек қорымен толтырылды. Науқастарға 3 600 төсектік орын, реанимацияда 400 төсектік орын әзірленіп, олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталған. Инвесторлар 550 млн теңге қаржы бөліп, оған Ресейден ковидке қарсы дәрі-дәрмектер алынып, дәріханаларға таратылды. Дәл бүгінде шекара бақылап-өткізу бекеттерінен өткенде COVID-19-ға шалдыққан 6 науқас анықталып, бірден ауруханаға жіберілген.
Облыс аумағы мен Ресей арасында әрлі-берлі күніне мыңдаған көлік өтіп жатқандықтан, шекараның арғы жағынан індет таратушылар қаупі жоғарылап барады. Бүгінгі таңда «Әлімбет» және «Жайсаң» өткізу бекеттерінен сырттан келген кез келген қазақстандықтың қолында жарамдылық мерзімі 3-күнге тең ПЦР-тест болуы керек. Күрделі мәселе – облыс аумағынан өтетін транзиттік көліктерге тоқтау жоқ. Бұл жерде транзиттік ауыр көліктер жүргізушілерінде жоғары дене қызуы байқалса, олар туралы мәліметтер блок-бекеттерге хабарланады.
Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе облысы тұрғындарының орташа еңбекақысы 174 мың теңгені құрайды. Мұнай, қаржы, өнеркәсіп секторында жұмыс істейтіндер 400-500 мың теңге көлемінде жоғары жалақы алады. Өткен жылмен салыстырғанда, өңірдегі жалақы мөлшері 12,4 пайызға өскен. Ірі кәсіпорындармен арада жасалған меморандумдардың арқасында 50 мың маманның айлық жалақысы өсті.
Келесі жылдың жоспары – өңірде 21 мың жаңа жұмыс орнын құру. Биыл ел Үкіметі «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінген қаржы жол, көшелерді жөндеу сияқты инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалды. Соның арқасында 11 мыңнан аса қосымша жұмыс орындары ашылып, осы жұмыстарға қабылданғандардың 42 пайызы жастар, 5 пайызы жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар қатарынан, 2 пайызы мүгедек азаматтар қатарынан толықты. Мұндағы орташа еңбекақы – 83 мың теңгені құрады.
Биыл Үкіметтен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген қаржыға 650 шақырым жол, Ақтөбе қаласының 117 көшесі жөнделді. Жаяу жүргіншілер жолы, аулалар абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары салынды.
Өңір аумағында республикалық маңызы бар жолдардың 55 пайызы жөнделген. Аймақ басшысы пандемияға қарамастан қаладағы және елді мекендердегі биылғы жол жөндеу жұмыстарына өте риза. Жол салу, жөндеу жұмыстарымен жергілікті мердігерлер айналысып, ал олардың салған жолдарының сапасын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК мамандары сараптамадан өткізіп жатыр.
Ақтөбеліктер соңғы 5 жылдан бері «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолының 90 шақырымы қайта салынады деген уәдені жыл сайын естиді. Алдыңғы жылы осы жол бюджеті 77 млрд теңге, келесі жылы 65 млрд теңге деп жобаланғаны тағы бар. Алайда шындығы сол, осы ең нашар жол – қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Ақтөбе – Атырау (РФ Астрахань шекарасы)» транзиттік жолының жалғасы.
Өңір басшысы Ақтөбе мен Қандыағаштың арасындағы 90 шақырымның жырына алдағы жылы нүкте қойылады дейді. Анығы, Азия Даму Банкісі қаржыландыратын осы жобаның тендерлік шаралары өткізіліп, оған 17 мердігер қатысқан. Шетелдіктер де, жергілікті жол құрылыс компаниялары да жабылып салатын осы 90 шақырымға қандай құрылыс материалдарын қолданылатынын жиылып шешпекші. Өңір басшысы жол салуда асығыстыққа жол берудің қажет емес екенін алға тарта отырып, «Атырау-Ақтөбе» тас жолының бойында әлі күнге дейін Мақаттан бастап Қандыағашқа дейін жол белгілері салынбағанын атап өтті. Жол құрылысындағы, ең басты мәселе – оның сапасы.
Сонымен қатар биыл 1 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, келесі жылы оның көлемі 1 млн 200 мың шаршы метрге ұлғаймақшы. Өйткені қала өсіп жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының тұрғындарының саны 540 мыңнан асты. Тіркелмеген азаматтардың санын қосқанда 600 мыңнан асып жығылады. 2021 жылы өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін 7 мың 200 пәтер салынбақшы.
Сондай-ақ өңір басшысы Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктің жағдайы туралы сауалдарға, өзен арналарын кеңейту мен түбін тереңдету жобалары, Ойыл өзенінің тартылуына жол бермеу мақсатында жергілікті биліктің қолға алып жатқан шаралары туралы сұрақтарға жауап берді.