Назарбаев зияткерлік мектебінде өркен жайып, өрісін кеңейтіп келеді
Өркениет жолына түскен елдердегідей тиянақты білім, өнегелі тәрбие беріп келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің беделі қазір өз Отанымызда ғана емес, шет жұрттарға да кеңінен мәлім бола бастады. Жақында, осы мекеменің ұйымдастыруымен «Білімдегі жоғары сапа мен көшбасшылық – 2013» халықаралық конференциясы болған еді. Бұл шараға 400-ге жуық қатысушы әлемдегі озық оқыту жүйесі туралы жан-жақты ой қозғады.
Назарбаев зияткерлік мектебінде өркен жайып, өрісін кеңейтіп келеді
Өркениет жолына түскен елдердегідей тиянақты білім, өнегелі тәрбие беріп келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің беделі қазір өз Отанымызда ғана емес, шет жұрттарға да кеңінен мәлім бола бастады. Жақында, осы мекеменің ұйымдастыруымен «Білімдегі жоғары сапа мен көшбасшылық – 2013» халықаралық конференциясы болған еді. Бұл шараға 400-ге жуық қатысушы әлемдегі озық оқыту жүйесі туралы жан-жақты ой қозғады.
Алқалы жиында Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова білім беру көшбасшылық пен сапа тақырыбын жан-жақты қозғай келіп, «Назарбаев зияткерлік мектептері базасында жасалып жатқан жұмыстардың барлығы болашақта орта білім беретін мектептерде орын алады. Сондықтан біз қазір көпшілік назарына заманауи орта білімнің қандай болу керектігін жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Қазақ еліндегі орта білімнің құрылымы бүкіл дүние жүзіндегі үрдіске қарай өзгеріп жатқанын айта кетуіміз керек», деп осындай басқосулар кезінде білім беру мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты айқындап, бағыт-бағдарымызды белгілеп алуымыз керектігін еске салды.
57 халықаралық сарапшылар қатысқан конференция 48 секция аясында жұмыс істеді. Білім беру жүйесін дамытудың жаңа үрдісі ғаламдық және философиялық мәнге ие екені сөз болып, білім парадигмасының өзгеруі, жаңа әдістемелер мен технологиялар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, үштілділік, Қазақстан тарихы арқылы тәуелсіз елдің жастарын патриотизм рухында тәрбиелеу мәселесі талқыланды. Зияткерлік мектептің стратегиялық серіктестері Назарбаев, Кембридж университеттері, Кембридж Халықаралық кеңесі, Cito педагогикалық өлшемдер институты, Шетелдік ғалымдар Корольдік академиясы (Бельгия), Калифорния штаты университеті (АҚШ), Ұлттық білім институты (Сингапур) және басқа білім ордалары Отанымыздың білім ұясындағы оң істерге қызығушылық танытты. Білім мазмұны, оқу жетістіктерін бағалау, мұғалімдерді кәсіптік дамыту жайы да тиянақты әңгіме арқауына айналды.
Әлемдік деңгейдегі конференцияға ұйтқы болған зияткерлік мектептердегі мұғалімдер құрамы өз ұстаздарымызбен қатар, шетелдік білікті кадрлармен де толықтырылатынын айта кетсек дейміз. Қазіргі таңда 1710 ел мұғалімдерімен қатар, 195 өзге елдерден келген оқытушылар сабақ беруде. Бұл білім ордасына оқушылар қатаң конкурстық іріктеу арқылы қабылданатыны белгілі. Қазақ елінің кез келген аймағынан 5-6 сынып оқушысы зияткерлік мектепке виртуалды және демалыс мектептері арқылы түсуіне мүмкіндік бар. Айталық, виртуалды мектеп тапсырмаларын сәтті орындаған оқушылар демалыс мектебінде күндіз оқуға, сонымен бірге, бейінді пәндер бойынша тапсырмалар алуға шақырылады. Осы кездері еліміздің барлық аймақтарынан виртуалды мектепке 4129 оқушы тіркелген екен. Осылардың арасынан озат деп танылғандар мектепте оқу үшін грант алады. Тағы бір айта кететін ерекшелік, бұл білім ордасын бітіргендердің көбі өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері мол. Мәселен, биылғы оқу жылында 78 түлек бітірсе, олардың әр алтыншысы білім туралы үздік аттестатқа және «Алтын белгіге» ие болған.
Жалпы, бұл білім ұясын бітіргендердің 135-сі Назарбаев Университетінде 27-сі шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Тағы бір ерекше атап өтерлік нәрсе, ағымдағы жылы Атырауда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада, Павлодарда Назарбаев зияткерлік мектептері талапкерлерге өз есігін ашты. Алдағы уақытта мұндай білім ұялары Алматыда, Ақтауда, Қостанайда шаңырақ көтереді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».