Руханият • 10 Қараша, 2020

"Мажарстан түркологиясы" атты халықаралық онлайн-конференция өтті

624 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы белгілі  түрколог  Дьюла  Неметтің  туғанына  130  жыл  толуына  орай  "Мажарстан түркологиясы"  атты  халықаралық  онлайн-конференция  өткізді. Оған Мажарстанның  вице-спикері  Шандор Лежак, ТүркПА Бас Хатшысы Алтынбек Мамаюсупов,  Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілі Янош Ховари, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  Михай Галошфай Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жәнібек Жарасқанұлы, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен шетелдік ғылым қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Мажарстан түркологиясы" атты халықаралық онлайн-конференция өтті

Түркілер мен мажарлардың тамырластығы туралы мәселені алғаш қозғаған түрколог Немет Дьюла екендігі белгілі. Ол мажар түркологиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде саналы ғұмырын ғылымға арнап, көптеген іргелі зерттеулер жүргізген көрнекті тұлға, белгілі ғалым, шоқтығы биік шығыстанушы. Сондықтан Халықаралық түркі академиясы биыл қаңтарда Бакуде өткен жиында осы жылды Немет Дьюла жылы деп жариялаған болатын. Осы ретте жиынға қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі көрнекті шығыстанушы, түрколог Дьюла Неметтің 130 жылдық мерейтойы тек Мажарстан үшін ғана емес, тұтас түркі әлемі үшін де маңызы зор оқиға екенін атап өтті.

"Мажарстан түркологиясы әлемдік түркологияның негізгі қайнар бұлақтарының бірі. Сондықтан түрік халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, мұрасын зерделеуде Мажарстан түркологиясының үлесі орасан зор. Қалыптасқан үлкен дәстүрі бар мажар түркологиясының шоқтығы биік өкілдері Немет Дьюла, Мандоки Қоңыр Иштван секілді ұстаздардың тәлімі біздің тамырлас тарихымызды, рухани дүниемізді жақындата түсті", деді ол.

Сондай-ақ жиында сөз алған Мажарстанның  вице-спикері  Шандор Лежак мажар түркологиясы ұлы түркітілдес қауымның өзін-өзі тануына өз үлесін қосқанын айтып өтті.

"Мажар түркологиясы Мажарстан тарихының небір қилы кезеңдерін қамтиды. Біз осыдан 130 жыл бұрын дүниеге келген мажар түркологы Дьюла Неметтің ұлы мұрасын ұлықтап келеміз. Түркі филологиясы кафедрасының негізін қалаушысы ретінде ол тек мажар тілдерін үйретуді ғана емес, сонымен бірге мажар тарихын зерттеуге де мән берді", деді Ш. Лежак.

Бұдан кейін жиын секциялық отырысқа жалғасты. Секциялық отырысқа, Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, РФ ҒА Уфа  ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институты  жетекшісі,  ф.ғ.д,.  профессор Фирдаус Хисамитдинова,  Мажарстан Шығыстану институтының директоры, түрік филологиясы бөлімінің меңгерушісі Пери Бенедик, "Мажар-Тұран" қорының төрағасы, антрополог Биро Андраш, Қырғызстанның танымал түркологы, филология ғылымдарынын докторы, профессор Қадыралы Қонқобаев, "Мажар-Тұран" қорының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят, Мажар ғылым академиясы, Этнография институының ғылыми қызметкері, түрколог Дәуіт Шомфай Қара қатысты.

Айта кету керек, Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды Мажар түркологтарының мирасы мен тағылымына қатысты ғылыми жобаларды қолға алып, бірқатар еңбектерін жарыққа шығарды. Бүгін академия Мажарстан бағытында жарық көрген жаңа кітаптарды таныстырды. Атап айтқанда, түркология саласына  сүбелі үлес қосқан танымал мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мандокидің "Үзілмес тамырлар" атты монографиясы және  оның еңбектерінің толық библиографиялық көрсеткіші көпшілікке жол тартты.

а

Көрнекті ғалымның алғаш рет қазақ тілінде жарық көріп отырған  "Үзілмес тамырлар" еңбегінде Мажарстандағы ежелгі құман-қыпшақтардың байырғы тілі, географиялық атаулары және оларға тарихи-мәдени жақтан етене жақын тұрған Дунайдың төменгі сағасындағы Добружа өңіріндегі татар-ноғай қауымының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты зерттеулері қамтылған. Ал библиографиялық  көрсеткіште атты кітапта ғалымның саналы ғұмырында жарыққа шығарған еңбектері туралы мәліметтер жинақталған.

щ

Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған екі еңбектің  аударма және жинақтау жұмыстарына белгілі түрколог Қадыралы Қоңқабаев, Қ. Мандокидың жары Оңайша Мақсымқызы, этнограф Бабақұмар Қинаятұлы мен библиограф-маман Лаура Әбенова  атсалысты.