Соңғы уақытта індет жұқтырғандардың көбейгені мен вирустың мутацияланған түрі пайда болды деген үрейлі хабарлар қаптап кеткен-ді. Пандемияны ауыздықтау жолындағы жалғыз үміт осы вакцинада еді. Pfizer және BioNTech әзірлеген вакцинаның алдын ала нәтижелері COVID-19-дан қорғануда 90 пайыз тиімді екенін көрсетті. Бұл – сынақтың үшінші кезеңіндегі вакциналар арасындағы алғашқы дерек. Эксперименттік кезеңде кейбір үміткерлердің сәтсіздікке ұшырауы заңды екенін ескерсек, бұл – саладағы үлкен жетістіктің бірі екенін аңғару қиын емес. Вакцина иммундық жүйені күреске дайындау үшін ағзаға вирустың генетикалық кодының бір бөлігін енгізеді. Қазірге дейін шамамен 43 мың адам алып үлгерген. Нәтижесінде, қауіпсіздік бойынша ешқандай мәселенің болмағаны айтылады. Pfizer жыл соңына дейін 50 млн доза әзірлеуді көздеп отыр. Ал 2021 жылдың соңына қарай шамамен 1,3 млрд доза вакцина дайын болуы керек.
Қараша айының үшінші аптасында компания билікке өз өнімін бекіту туралы ұсыныс жасамақ. Алғашқылардың бірі болады деп сенген өзге вакциналар әлі артта келеді. Осыған дейін үздік деп танылған тағы бір америкалық Moderna компаниясы жүргізген сынақ нәтижесі 25 қарашада ғана белгілі болады. Ал көп үміт күттірген AstraZeneca мен Оксфорд университетінің ортақ өнімі жыл соңына дейін нәтиже көрсетуі керек.
Жалпы, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді басқару әкімшілігі COVID-19 вакцинасын бекіту үшін өнімнің сынақ кезінде 50 пайыз тиімділікті көрсетуін талап етеді. Ал Pfizer және BioNTech компанияларының өнімі бұл межеден әлдеқайда асып, 90 пайыз тиімді екенін дәлелдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сенсек, ешбір вакцина толық 100 пайыз тиімді бола алмайды.
Жақсы жаңалықтан кейін Pfizer акциялары Нью-Йорктегі нарыққа дейінгі сауда-саттықта шамамен 15%-ға, ал NASDAQ биржасында тіркелген BioNTech компаниясының акциялары 25%-ға өскен.
Вакцинаға таластың қызу болатыны әріден белгілі болды. Компанияға сенім білдірген кейбір елдер алдын ала тапсырыс беріп үлгерген. АҚШ 100 млн доза вакцина алуы мүмкін, оған қоса тағы 500 млн дозасын алуды жоспарлап отыр екен. Ұлыбритания әзірге 30 млн доза вакцинаға қол жеткізеді. Еуропалық Одақ 200 млн доза вакцина алу үшін компаниялармен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Вируспен күрес тиімді болуы үшін әр адамға екі дозадан салынады.
Дегенмен, вакцина табылғанымен, босаңсуға болмайды. Себебі халықтың бәрін бірден егу мүмкін емес. Жыл соңына дейін вакцинаға қол жеткізген елдер ең алдымен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен бастап вирус жұқтыруға бейім, денсаулығы нашар егде жастағы тұрғындар мен созылмалы аурулары бар науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде осыған дейін де талай айтылған.
Мамандар дәл осы вакцинаға күмәнмен қарағандарын екі түрлі себеппен түсіндірді. Ұлыбританиядағы Рединг университетінің вирусология профессоры Ян Джонс өндіріс ауқымына қатысты мәселелермен қатар, ағзаға тікелей енгізген вирус бөлшегі уытты болуы мүмкін деген қауіптің болғанын айтады. Сынақ нәтижелері бұл екі мәселеде де жақсы нәтиже көрсетіп, вирустан тиімді қорғайтынын және еш кері әсерінің жоқтығын дәлелдеп отыр.
Қазір сынақтың соңғы кезеңіне жеткен басқа 10 вакцина үлгісі бар. Олардың да нәтижелері ай соңына қарай белгілі бола бастайды. Сынақтан өтіп жатқан вакциналар қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Бразилия секілді елдердің өнімдері бар.
Енді реттеуші органдардың жаңа вакцинаны тіркеуін күту керек. Одан бөлек үлкен көлемде миллиондаған доза өндірісін ұйымдастыру міндеті тұр. Ал барлығы дайын болғанда ғаламшар тұрғындарының басым бөлігіне вакцина салу үшін туындайтын материалдық, техникалық мәселелерді шешу ғана қалады.