Оқиға • 11 Қараша, 2020

Саясат саңлағы қайтыс болды

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Палестина мен Израиль арасындағы елші Саеб Ерекат коронавирустан қайтыс болды.

Саясат саңлағы қайтыс болды

Саеб Ерекат Палестинадағы беделді саясаткерлердің бірі ретінде танылған. 65 жастағы келіссөзші 30 жылдан астам уақыт бойы Палестина мен Израиль арасындағы түйткілдердің шешілуіне үлес қосты. Өмірінің соңғы кезеңінде Палестина либералды ұйымының бас хатшысы болып қызмет етті.

Палестина дәрігерлерінің айтуынша, саясаткер 2017 жылы өкпе трансплантациясын жасатқан. Әлсіз иммундық жүйесі коронавирус инфекциясына төтеп бере алмаған. Бас хатшы 8 қазанда вирус жұқтырыпты. 9 қазанда Twitter-дегі парақшасында «Мені уайымдап, алаңдаушылық білдірген, қоңырау соғып жағдайымды сұраған баршаңызға алғыс білдіремін. Тезірек жазылуымды тілеп жатқандарға рахмет. Мешіттер, синагогалар мен шіркеулерде менің саулығымды тілеп дұға еткендерге де ризашылығымды білдіремін» деп жазды. Ақпарат көздеріне сүйенсек, саясаткер Тель-Авивтегі ауруханаға жатқызылған. Кейінірек Палестина либералды ұйымы оның Иерусалимдегі Хаддасах ауруханасына көшірілгенін хабарлады. Оның інісі Сабер Ерекат әуел бастан жағдайдың ауыр екенін мәлімдеді.

Палестина халқы Ерекаттың елге сіңірген еңбегін айтып, отбасына көңіл білдіруде. Халық оның Израильдің заңсыз операцияларын әшкерелегені мен ұтымды келіссөздерін ұмытпайтынын айтуда.