Сұхбат • 11 Қараша, 2020

Надежда Лушникова: Арманы жоқ адаммын

3260 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ұлы Мұхтар Әуезов «Пәлі, қарлығаштай құйттай орыс жүрегіңе қазақ өлеңінен қандай әдемі ұя салғансың» деп сүйсінген айтыс ақыны, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Надежда Лушникова сексен жасқа толды. Өзге ұлт өкілдерінің ішінде қазақ өнерін қадірлеудің эталонына айналған ақынның арман тілегі де ұлт мұратымен үндес. «Немен айналысып жүрсіз?» деген сауалымызға «Арқа төрінде немеремді күй өнеріне баулып жатырмын» деген апамыздың ұрпақ тәрбиесі, айтыс тағылымы тұрғысындағы әңгімесін тыңдап отырып бірер сағаттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Өрелі өсиетіне алғыс айтып, телефон тұтқасын қимай қоштастық.

Надежда Лушникова: Арманы жоқ адаммын

– Надежда апай, сексен дейтін бе­­лес­тің биігіндесіз. Есенқұл іні­ңіз айт­қандай, тіршілікте адам шіркін қашқанға да, қуғанға да іле­сіп, жақ­сы­ны да, жаманды да көреді. Қо­лы­­ңызға домбыра ұстаған мон­шақ­тай күніңізден алаштың аялы ала­қанында келесіз. Асқан асу, атта­ған белес, жүріп өткен жолыңызға осы биіктен көз тастағанда нені көресіз?

 – Аспанкөңіл қазақтың әппақ ниетін көрем. Зау биікпен астасқан асқар шыңдары бар салқар даланы көрем. Алатаудай айбынды, Алакөлдей айдынды халқымды көрем. Алақанына салып, құшағын ашқан, көңілі тау бұлағындай таза ақеділ ағайынды көрем. Қадірі алтыннан биік қаранар ағаларды, тектілікті тұмар еткен аяулы аналарды көрем. Міне осылар менің өнерім мен өмірімді өрге сүйреді, басымды төрге сүйреді, жы­ғыл­ған­да жаныма жалау болды. Атымды бәйгеден келтіріп, ақыным деп арқамнан қақты. Ақ тілегін аяған жоқ. Алла аузыма сөз салып, басыма бақ қондырса, қандай да бір биікке жеткен болсам, арманы биік адамдардың ақ-тілегінің шарапаты деп білем.

 Рас, өмір болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Тіршілікте бір кісідей қиыншылықты да көрген адаммын. Зерделей білген пендеге өмірдің әр күні күрес. Өзің тілге тиек еткен Есенқұлдың өлеңіндей, өмір бірде уын, бірде балын ұсынуы мүмкін. Ал бес күн жалғанның парқына жете білген жан бая-шая тіршіліктің батпағына бас қатыра бермейді. Өйткені өмірді асқақ ететін, ең аяулы дастан ететін алғаусыз пейіл ғана. Бала-шағамды асырау үшін сиыр да саудым, ұстаз да болдым, сан салада қызмет еттім. Әйтеуір елдің ортасында тіршілік кешіп келем. Небір қиын замандар артта қалды. Қазір қу жаныңа керектінің бәрі бар. Бірақ қанша баршылық заман болса да адамдардың пейілі өзгерді, ниеті тарылды. «Жоқтықпен сыналған ештеңе емес, ең қиыны тоқтықпен сыналу» деген сөз бар емес пе?! Міне, осы жай ой тереңіне жетелейді. Ұрпақ саналы болса, бардың қадірін білсе, өткенге салауат айтса деймін. Әйтпесе қазір ата-бабаларымыз армандап кеткен ғажап өмірді сүріп отырмыз. Қолына күрек ұстаған адам жерде қалып жатқан жоқ. Сауалыңа нақтырақ ойысайын. Өткенде мынадай жолдарды қағаз бетіне түсіріппін. Сексеннің тойын сол шумақтармен тарқатайын.

Өздерің менің бақытым,

Қайнарым мөлдір, бақ құсым.

Сексенім есік қағып тұр,

Хабарлас тауып уақытын.

Еліңе аян есімің,

Жетісу аппақ бесігім,

Бойтұмарым – жыр Жамбыл,

Түсірген тағдыр кесімін.

Бас қосып, қыр, сыр тойлар ек,

Көтеріп тұр-ау бұл індет.

Кең дастарқан жаямын,

Шағындау ғана той бар деп.

Тағы бір өлеңімде ойымды былайша өріппін:

Абайды оқып, жаңа

оқып Қасымдарды,

Балғын жанда бір сезім тасынған-ды.

Сол тасынған махаббат қуаты екен,

Ғашық дәурен он жеті жасымдағы, – деп басталған арман ән сексеннің сең­гірі­не әкелді. Қасиетті қазақтың елінде, көңіліміз жасарып, жүрегіміз жұмсарып осы жасқа жеттік. Тәубә!

– Қазақ жырының қайнар бұлағы қа­ныңызға дарып, айтыс аламанында та­лай мәрте топ жардыңыз. Өлең боп өмір кештіңіз. Ахаң қадірлеген арда тіл­дің бар құнарын, мәйегін, мар­жан ой­мен кестелеп талайға үлгі көр­се­тіп жүр­сіз. Бұл әлбетте, туған жер топы­ра­ғынан дарыған қасиет болар?

– Қазақ ауылында өстім, қазақ мек­те­бін бітірдім, қазақ жігітінің қолы­нан ұстадым, қазақтың ұрпағын өсіріп отырмын. Өзің айтқандай, қазақтың төл өнерін төрге шығаруға қал-қадірімнің жеткенінше үн қостым. Қазақ емей кіммін? (күлді) Әлбетте, өскен орта, туған топырақ адамның қалыптасуына зор әсерін тигізеді. Ақындар мен батырлар шыққан киелі өлкеде кіндік кескен мені өлең дейтін қасиет өрге сүйреді. Жыр алыбы Жамбыл Жәкем, өзім көзін көрген қара өлеңнің қара нары Үмбетәлі өлеңдері осы бір әлемге іңкәр етті десем жалған айтпағаным болар.

Бұл өмірде еш нәрсе жайдан-жай болмайды. Бала көңілімде қатталып қалған мына бір оқиға еріксіз ойыма оралып отыр. Шәметай дейтін ақынжанды апа­мыз өткен. Сол кісі бірде қызы Әл­ке­май екеумізді Жамбыл ақынның ауы­лына алып барды. Шамамен бес жасым. Сырты қоңыршалау, бес қанатты киіз үйге келдік. Әлкемай ішке кірмей, шаршағанын айтып әлгі киіз үйге арқа­сын сүйеп отыра кетті де, мен Шәметай апамен бірге ішке ендім. Төрдегі биік қалың төсеніштің үстінде аппақ сақалы омырауына төгілген, ақ жейделі, тұлғасы зор, ақсақал отыр екен. Апам әлгі кісіге иіліп сәлем берді де, қонақ-көрпенің шетіне тізе бүкті. Әңгімелері жарасып отыр. – Әй, Шәметай, мынау қасыңдағы кішкентай немере қызың ба? – деп сұрады ата.

– Қызым ғой, Жәке, қызым ғой, – деп басын изеді апам.

Атай бізге жымия қарап: «Е, бәсе, көзі тұздай боп өзіңе тартыпты!» – деді де, қолын созып төсегінің бас жа­ғын­да қып-қызыл боп, албырап жат­қан апорт алманың біреуін, «мә, ала ғой, қызым» деп маған ұсынды. Дәмі тіл үйіретін тәтті алманы құшырлана жеп алдым. Бала емеспін бе, сыртта отырған Әлкемайға кішкенесін қалдыруды да ойламаппын. Кейін үйден шыққасын маған алма ұсынған Жамбыл атам екенін апамнан білдім. Ғасыр жасаған абыз атаның, аңыз атаның қолынан алма жегенім арман биігіне қанат қағуыма түрткі болған сәулелі сәттей сезіледі. Мұны маған кішкентайымыздан бірге өскен қызы Әлкемай қайтыс болып, бата жасап шаңырағына барғанымда Шәметай апамның маңдайымнан сүйіп тұрып есіме салғаны бар! «Надяжан-ау, осындай болып ел назарына іліккен ақындығың, қазақтың сөзін талантыңмен қастерлеген қасиетің Жамбыл тәтемнің өз қолымен берген бір түйір сол алмасының, дәм-батасының құдіреті ғой» дегені әлі есімде. Осы бір сөз маған өмір бойы медет беріп келеді. Жүрген жерімде, әр сұхбатымда айтып жүретінім де сондықтан.

 Ал негізінен мені нағыз ақындық жолға түсірген қасиетті Қызылорда топырағы дер едім. Сегізінші сыныптан кейін Шәмшә Беркімбаева бастаған бір топ қыз кілең қыздар оқитын сондағы оқу ордасында білім алдық. Айтыстарда да талай мәрте Қызылорданың намысын қорғадым. Нартай мен Әбділдә секілді таланттардың қанат қаққан ұясында алғашқы білім сапарын бастадым. Жоғарыда айтқанымдай, өскен ортасы ғана емес, жүрген ортасы да адам жан-дүниесінің қалыптасуына әсер етпей қоймайды екен. Қазақ жырының Отаны – Сыр елінің құдіреті сондай, бізге келген орыс қызы Надежданың өзі де қазақша өлең жазып кетті деп арқаландырған, дарыныма жел берген, Алматыға әкеліп биік мінбеден өлең оқытқан аяулы Асқар Тоқмағамбетов ағамыз болатын. Мұны қалай ұмытайын. Асқар ағамыздың құрметіне үлкен қызымның атын Құралай деп қойдым. Ол кісінің өмірлік серігінің есімі де Құралай еді. Халқының біртуар перзенті Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздан да көп қамқорлық көрдім. Ұлт мәдениетін алға сүйреген ақпейіл ағалардың сенімі маған рухани тірек болды.

– Ағалардың ақ тілегінен қуат алып, арманға қанат қақтым дейсіз ғой... Бір айтысыңызда батыр Бауыржан атамыз алтын сағат сый­ла­ға­нын білеміз. Бұл қай кездегі айтыс еді?

– Ол жылдары әр өңірден келген айтыс ақындары аймақ-аймаққа бө­лініп аламанда бақ сынайтын. Бір жолы ақтық мәреде жасы алпысты ал­қым­дап қалған шымкенттік ақын Жолдас Дастановпен сөз барымтасына түстім. Осы жыр додасының марапаттау рәсімінде Әбділдә Тәжібаев бастаған ұйым­дастырушылар алқасы жеңім­паз­дардың бәріне «Победа» деп аталатын ерлер сағатын тарту етті. Маған сағат ұсынғалы жатқанда, көрермендер залынан «Алмайды Надежда ол сағатты!» – деген бір зор дауыс гүр ете түсті. Зал іші сілтідей тынып, жұрт аңтарылып қалды. Бұл – Бауыржан атамыз екен. Қа­сында отырған кемпіріне қарап: «Кәме-е-ш! Бар да, қазір сатып әкел, Надежданың қолына бүгін алтын сағат тағылады!» деді. Айтқандай-ақ сәлден кейін «Надеждаға шеберлігі үшін» деп өз қолтаңбасымен батыр Баукең «Лира» маркалы алтын сағатты қолыма таққаны бар. Әбділдә Тәжібаев мені марапаттар тұста, айтыс деген өткінші жаңбыр секілді, кітап шығарып жазба поэзияға бет бұру керек дегенді айтты. Сонда Бәукең орнынан атып тұрып: «Сенің тіліңде сөйлейтін өзге тіл өкілдері бар шығар, ал енді домбыра шертіп, ұлттың ұлы өнерін тұла бойына сіңірген мына сары қызды осы жиынның жүйрігі демей не дейміз?» дегені бар. Сосын мені шақырып алып: «Қарағым, «иі қанбаған қамырды етке салма» деген бар. Жолың жарқын болсын десең өнерге адал бол, бастаған ісіңді аяғына дейін жеткіз» деп батасын берді. Осы айтысқа арқау болған бір мәселе Әзілхан Нұршайықовтың Баукең туралы жазған «Ақиқат пен аңызында» айтылады. Мен үшін ең бір қадірлі мұра саналатын бұл сағат қазір Ұзынағаштағы Үмбетәлі музейінде тұр. Пір тұтқан ақынымның музей-көрмесіне өз қолыммен апарып тапсырдым.

– Ол кездегі айтыстардың қоғам­­­дағы рөлі қандай еді? Аламанда айтыл­ған ақын сөзінің қуаты белгілі бір жағ­дай­л­арға өзгеріс әкелуге қаншалықты қау­қарлы болды?

– Қоғамда орын алған олқылықтарды сын садағына алу айтыс ақындарының бір мұраты десек артық емес. Бұқара мұңын жырлаған Бұқарлар, кешегі Ақтамберді мен Шалкиіз, Мұрат пен Майлықожа, Сүйінбай мен Жамбыл еңселі елдікті, өрелі өрлікті, ең бастысы халқының мұң-мұқтажын жырына арқау етті. Біз де бұл дәстүрден жаңылған жоқпыз. Бірде Шымкентте өтетін кезекті айтысқа аттанар алдында, қазақтың үлкен ақыны Қуаныш Баймағамбетов сырқаттанып жатыр дегенді естіп халін сұрай бардым. Жасы тоқсаннан асқан абыз шайыр маған қарап: «Надежда, айналайын, сөз өнері деген өте ауыр әрі қиын жол. Бұл ардың жолы. Төзетін бол. Алдыңда асу-асу жол жатыр. Басыңды бір сұқсаң қайтып шыға алмайсың. Жүрегің, бар болмысың соған байланады. Есіңде сақта. Біздің жақсылығымызды ешкім тартып ала алмайды. Ал аттының қолы жетпейтін, аяғы жетпейтін жерді ақын айтса оның орындалмайтын жағдайы жоқ» деп еді. Бұл сөз менің айтыстағы ұстанымыма айналды.

Бірде Сырдарияның атынан шиелілік Шаймахан Өтеев деген ақынмен айтыс­тым. Сонда қарсыласым Сырдарияңда не бар, Шиеліге көз тастасаң күрішіміз пісіп, ырысымыз шалқып жатыр деген сы­ңайдағы ой айтты. Сонда мен: «Нар­тай­дың жыры шалқыған, Отты жүрек шарпыған, Алатаудай ақынға, Ескерткіш жоқ мақұл ма? Жермен-жексен бейіті, Қарайып тұр тақырда. Заманында кеңшілік, Ұят-ақ мұндай кемшілік» дегенімде қалың көпшілік ойымды құптай кетті. Осы айтыстан соң көп ұзамай Қызылордадағы жалғыз драма театрына Нартай есімі беріліп, басы қарайтылды. Кейін қалада Нартай атындағы көше пайда болды. Сол секілді, өзіммен қанаттас болған, айтыс сахнасында қатар жүрген қаншама ақын елдің көкейінде жүрген орамды ойды жыр тілінде кестелеп, талай игі істің тамыр жаюына мұрындық болғанын мақтанышпен айта аламын. Айтыс сахнасында талайлармен үзеңгі қағыстырдым. Бір ғана Манап Көкеновтің өзімен 28 мәрте сөз сайысына түсіппін. Сол айтыстардағы қызықты жайттар, әсерлі сәттер көңілімде әлі күнге сайрап тұр.

– Бүгінгі айтыстың беталысы туралы не айтасыз?

– Жөргегінде жыр қасиетін еміп, «сөз құдіретін өз құдіретім» деп таныған қазақ үшін айтыстың жөні де, жосығы да бөлек. Сұлу сөзге сусап келген тыңдарманның көңіл сарайын ашатын дегдар өнер өз биігінен құлаған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын, түрленіп, жаңғырып келеді. Ұлт өнері өркен жайып, бір ғана отбасынан бірнеше шоқтығы биік ақындардың шоғыры шыңдалып шықты. Бұл әрине көңіл қуантады. Қазіргі ақындардың сөздері мығым, ұйқастарына да ешқандай айып таға алмайсың. Дегенмен жалпылама нәрсе жалпылама болып қалатынын ақындар естен шығармаса деймін. Айтыста нақты айтар дүниеңнің тамырын тап басқаның жақсы ғой. Ал жалпылама айтылған сөздің сұрауы жоқ. Ғасырлар қойнауынан жеткен айтыс өнерінен елдің ежелгі тарихын, бағзыдағы дәстүр-салтын, мінез-сипатын, батыр, ер тұлғаларының болмыс-бітімін танимыз. Ал терме мақамына салып айту, халық әнінің термелік сазымен орайластыра айту дәстүрі, өкінішке қарай, қазіргі айтыстың талантты жас ақындарында жетіспей жатады. Айтыс ойымен де, жүрекке жеткізер сазымен де халықты баураса ғана нағыз айтыс болады. Төл өнерімізге жүйелі қолдау көрсетіліп, үлкен аламан айтыстардың жиі өтіп тұруы баба мұрасын биік деңгейге көтерді. Жаныма жалау болған, халықтың делебесін қоздыратын, ақеділ жұрт асыға күтетін айтысымыз осы биігінен ешқашан құламаса деп тілеймін.

– Ақын көңілінде қандай алаң бар?

– Көңілге маза бермейтін жайттар көп қой, жаным. Соның ең үлкені бала тәрбиесі. Құдай перзент сүйгізіп, мейірімін түсірген кез келген жанның өмірдегі ең үлкен миссиясы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ата-ана баласына қандай тамақ бердім дегенді емес, қандай сабақ бердім дегенді көбірек ойлауы керек. Себебі бүгін сен өсірген бала, ертеңгі қоғамның бет-бейнесі. Бізге дейін өмір сүрген барлық данышпандар осы бір өсиетті мәңгілік аманат етіп қалдырды. Қара сөздің қасиетін қалыпқа салып берген қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді тегін айтқан жоқ. Біз айрықша мән беруге тиіс нәрсе осы. Жас бала бос құмыра секілді, ішіне не құйсаң сонымен толады. Өзінің шыққан тегін, түп тамырын жадына берік тоқып өскен балдырған зияткер ұрпақ болып қалыптасады. Сөздің ашығы керек, технократия салтанат құрған заманда балаларымызды сиқырлы смартфондар тәрбиелеп жатыр. Қанша жерден жұмысбасты болса да, әке мен ана перзентінің жанына үңіліп, онымен сырласуға уақыт табуы керек. Әрбір бала үшін өзін біреудің, әсіресе ата-анасының жақсы көретінін сезіну маңызды. Сонымен қатар ата-ана тарапынан берілетін махаббаттың бала болашағы үшін орны ерекше. Себебі махаббаттың не екенін сезініп, біліп өскен бала ғана өзгелерді осы сезімге бөлейді. Яғни болашақ жары мен балаларын бақытты ете алады. Назарын белгілі бір салаға бұрып, мықты маман болып шығады. Мықты маман болу арқылы адамзаттың игілігіне жарайтын істерді қолға алады.

 Бала бойындағы дарын бұлағын ашып, оны арнасына түсіретін әке мен шеше, ата мен әже. Немеремнің алды он беске келді. Біреуін домбыраға, енді бірін өз қызығушылығын ескеріп қазақша күреске бердім. Көп уақытымды соларға арнауға тырысам. Әже тәрбиесі – баланың алтын тұғыры.

 Бізді кітап тәрбиеледі. Жақсы жа­зыл­ған шығарма – жанның азығы. Мер­зімді баспасөзді қалдырмай оқы­дық. Бір өзім 6-7 газетке жазылатынмын. Қазіргілердің дені кітап былай тұрсын, газет оқымайды. Үйден бір жапырақ газет таппайсың. Бұл да қынжылтатын жайдың бірі. Қанша жерден заман ағымы десек те, интернет дәстүрлі құндылықтардың орнын толтыра алады дегенге сенбеймін. Оқуды тоқтатқан адам, ойлауын да тоқтатады. Танымын кеңіткен сайын адамның рухы кемелденіп, жаны жасара береді. Жастарымыз таным көкжиегін кеңітуден гөрі материалдық игіліктерді алдыңғы орынға қояды. Баршылықта өмір сүрген жақсы, әрине. Ал рухани жұтаң болсаң, одан асқан сор жоқ. Жүрегі тыныштық таппаған адамнан бақытсыз адам жоқ.

– Үмбетәлі мен Мұхтардың ықы­ла­сына бөленіп, Батыр Баукеңнің, Асқар Тоқмағамбетов пен Әбділда Тә­жі­­баевтың, басқа да біртуар тұлға­лар­дың батасын алдыңыз. Ана, әже, ақын деген атағыңыз бар. Арманыңыз бар ма?

– Мұқағали айтқандай: «Жан бар ма екен, арманға салған құрық». Пенде шіркіннің арманы таусылған ба?! Ал жеке өзіме тоқталар болсам, арманы жоқ адаммын. Халқымның алғысымен көктеп, алақанында жүрдім. Кең жазира даланы өлеңмен өрдім. Ұшқан құспен қанаттас болдым, жақсылармен табақтас болдым. Қазақтың қай даласына барсам да алдымнан шығатын ауыл бар. Осыған марқаямын. Жиырма жеті жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. «Адам бір жылын ойласа дән себеді, бір ғұмырын ойласа ағаш егеді, ал ғасырлық болашағын ойласа шәкірт тәрбиелейді». Сол шәкірттерімнің жүрегіне титтей де болса ізгілік нәрін еге алсам, менің бақытым сол. Бізді Алла Тағала өмір­ге жердің бетін жұмақ қылыңдар деп жіберді. Айналаңды гүлдендір, өзіңді гүлдендір, жан-жағыңа шапағат шуағыңды шаш деп жолдады. Хакім Абай айтқан, адамзаттың бәрін бауырым деп сүю, адамдықты, адалдықты сүюдің төркіні осында жатыр. Әлемді сақтап тұратын мейірім. Сол мейірімнің шуағы сөнбесін. Бірер жыл бұрын қасиетті Меккеге табаным тиіп, мұсылмандық парызымды өтедім. Соғыста шейіт болған атам үшін Умра жасаудың сәті түсті. Мүлде өзгеше күй кештім, жан сарайым ашылғандай болды. Тіршіліктегі таласу мен тартысудың, аңдысу мен арбасудың түкке тұрмайтынын анық сездім. Мойнымда бір адамнан алған қарызым жоқ. Ешкімге өкпем жоқ. Барға қанағат, жоққа сабыр етіп жүрген пендемін. Бұл дәурен бізге дейін де болған, бізден кейін де тоқтап қалмайды. Жылдар жылжиды, ұрпақтар алмасады. Бөлтірік шешен қартайған шағында алдына ақыл сұрай келген жас жігітке: «Байлық еритұғын мұз, бақ ұшатұғын құс, бала артта қалған із, бәрінен де ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз десіп өмір сүргенге не жетсін. Егер осыларға жүрегің жылы болса, қайғың күл, қуанышың от» деген екен. Дана Мәшһүр Жүсіп: «Адамның қайғысын әркім бөлісе алады, біреудің жақсылығына шын қуана алған адамға әулие деген сөздің өзі аздық етеді» депті. Міне жалғанның қызығы деген осы. «Арманыңыз бар ма?» деген сауалыңды мына бір шумақтарыммен түйіндейін.

Тірлікте дүние жисам тырбаңдаумен,

Замандас жүрегінен сыр

аңдар ма ем?

Жалғанда бір армансыз болса менмін,

Зуылдап қатар ұшқан қырандармен.

 – Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»