Бұл жәдігер ХІV ғасырдан бері қайда сақталды, қалай табылды? Ол туралы ашық мәлімет жоқ. Аталмыш елде көшпенділердің ұлттық мұрасын насихаттаумен айналысатын халықаралық дәрежеде беделі биік «Намнаа» атты академия бар екен. Шапанды өңдеп-жөндеп, бұрынғы қалпына келтіріп сатқан осы ұйым.
Бұл Академия ерте дәуірдегі жауынгерлік өнерді жаңғыртумен айналысатын көрінеді. Әсіресе шауып келе жатып ат үстінде садақ атуды кәсібилендеріп ЮНЕСКО көлемінде танытумен шұғылдануда.
Сонымен қатар ерте дәуір, орта ғасырда көшпенділер пайдаланған садақ һәм жебе түрлері, қорамсақ, сауыт, ер-тұрман, киім-кешек сияқты жауынгерлік мәні бар құралдарды жасап, саудалаумен де айналысады һәм көне дәуір жәдігерлерін де жинайтын көрінеді.
Жоғарыдағы шапан бұлардың қолына қалай түсіп жүр ол жағы белгісіз. Бірақ жәдігер басқа емес тек Алтын Ордаға тән екені оншақты жыл жүргізілген ғылыми сараптама негізінде толық дәлелденіпті. Соған қарағанда, шапан Моңғолияға Ресей немесе Орта Азия елдерінің бірінен барды ма деген болжам шындыққа жақын.
«Namnaa.com» сайтында жарияланған дерекке қарағанда, жәдігер аса берік, өте қымбат, бедерлі сары түсті жібек торғыннан жасалған. Сол себепті жеті ғасыр бойы бүлінбей бүгінге жеткен. Қолтығының үстіңгі жағында киген адам қолын сыртқа шығаратын арнайы тесігі бар. Этнографтар бұл тесікті садақ атуға ыңғайлы болу үшін жасап қойған жырық дейді. Шапанның жағасы мен көкірек қаусырмасы әдемі қоңырқай түсті матамен қос қатар жиектеліп, алтын жіппен тігілген екен.