Спорт • 11 Қараша, 2020

Алға, Алаштың жігіттері!

443 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда аралас жекпе-жек өнерінің дамуына Данияр Қасқарауовтың сіңірген еңбегі зор. Олай деуге негіз, осыдан он шақты жыл бұрын ол Алматыда «Алаш Прайд» деп аталатын жауынгерлік клуб құрып, еліміздің әр өңірінде өнер көрсетіп жүрген жалынды жігіттердің басын біріктірді. Олардың еш алаңсыз даярлануына жағдай жасап, еңбекақы тағайындады. Елеулі табыстарға қол жеткізгендер сыйақы алды. Осындай жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жерлестеріміз шетелдерде өтетін жарыстарға шығуға мүмкіндік алды. Сонымен қоса республикамыздың бірқатар аймағында дүбірлі додалар үздіксіз ұйымдастырыла бастады. Осы жайттың барлығы жауынгерлік өнердің Қазақстанда құлашын кеңінен жайып, өсіп-өркендеуіне өз септігін тигізді.

Алға, Алаштың жігіттері!

 

Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қастек ауылындағы орта мектепте оқып жүрген кезі­нен Данияр Қасқарауов балуан­дық өнерге бет бұрды. Еркін күрестің хас шебері болсам деген асқақ арман оны Алатау бау­райындағы әсем қалаға жетелеп әкелді. 1991-95 жылдары ол Қа­жымұқан атындағы спортшы­лар даярлайтын мектеп-интерантта шеберлігін шыңдады. Осы жер­де Мұсабек Қапанов пен Мәлік Нәдірбеков сынды білікті бапкер­лердің жетекшілігімен біраз табыс­қа қол жеткізді. Кейіннен әскерилердің орталық спорт клубында жаттықты. Студент ке­зінде де Данияр спорттан қол үзген жоқ. Республикалық жарыстарда жүлде алып, ел біріншілігінде өре­лі өнерімен көзге түсті. Қара­ғандыда жыл сайын дәстүрлі түр­де өтіп тұратын әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің турнирінде күміс ме­дальді мойнына ілді. Осы табыс­тарының арқасында спорт шебері нормативін орындады.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Данияр Қасқарауов кеден саласына қызметке тұрды, одан кейін бизнеспен айналысты. Тіршіліктің қамымен жүрген кездері боз кілем­­нен біраз алшақтап қалды. Десек те бұл саладан ол мүлдем алыс­тап кеткен жоқ. Жекпе-жек түрлері бойынша бірқатар турнирге қатысып, біраз олжаға кенел­ді. Сонымен қатар республика аума­ғында өтетін жарыстарды қалт жі­бер­мей, жалындап өсіп келе жатқан жастарға көз қырын салып жүрді. Қажет кездері көмегін де аяған жоқ.

– Мен аралас жекпе-жекке кездейсоқ келген адаммын, – деп бастады өз әңгімесін Данияр. – Бірде әріптесім осы спортты серік ететін жастар қоныстанған пә­терге мені өзімен бірге ертіп апарды. Солармен танысып, біліс­кен соң проблемалары шаш етектен екенін бірден аңғардым. Барлығы да өзіміздің қазақтың өжет жігіттері. Күш-қуаты бойларына сыймай, жекпе-жек десе делебесі қозып, қандары қыз-қыз қайнап тұрған жалынды жас­тар. Бірақ «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген рас екен. Спортшылардың жарысқа шығып немесе жаттығу залын жалға алуы былай тұрсын, тіптен тұрып жат­қан пәтерлері үшін төлейтін ақ­шалары да жоқ. Бауырларымның мұң-мұқтажын тыңдағаннан кейін «аз да болса көмек қой» деген ниетпен қолдарына қомақты қаражат ұстатып кеттім. Алғашында осымен ғана шектелетін шығармын деп ойладым. Алайда уақыт оза бұл өнерге аңсарымның ауғаны соншалық, олармен жиі жолығатын болдым. Жарыстарынан қалмай­мын. Бірнеше спортшыны өз қам­қорлығыма алып, оларға мо­раль­дық және материалдық тұр­ғыдан көмек көрсете бастадым. Аралас жекпе-жек өнеріне осылай келдім.

Жасыратыны жоқ, ол кезде аралас жекпе-жектен жарыс­тар қалай болса, солай өтетін. Әр­кім қалауы бойынша бәсекелер ұйым­дастырып, өздерінше мәре-сәре болып жүретін. Шама-шар­қы жеткендері шет мемле­кеттерде төбелессе, көбі өз елі­мізде алысып-жұлысумен ғана шек­телетін. Бұл не жарыс екенін, қандай бел­беулердің сарапқа салынып жат­қанын ұғыну мүмкін емес. Бір сөзбен айтсақ, әркім өз білгенін істейтін. Міне, осының барлығын Данияр Қасқарауов бастаған жігіт­тер бір жүйеге келтірді.

Жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыру үшін Д.Қасқарауов Алматыда «Алаш Прайд» деп аталатын промоутерлік компанияның іргетасын қалады. Бұл 2011 жыл еді. Селекциялық жұмыстар жүр­гізіп, бірнеше мықты спортшыны командаға қабылдады. Бапкерлер мен дәрігерлердің мәселесін шешті. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілу үшін алдын ала жоспар жасалды. Бұл іске белді кәсіпкерлер жұмыл­дырылды. Нәтижесінде спорт­шылар тұрақты түрде еңбек­ақы ала бастады. Жаттығу залы, тұратын жер, жарысқа шығу се­кілді көптеген қордаланып қал­ған мәселелер оң шешімін тапты. Республикамыздың бірқа­тар өңірінде түрлі бәсекелер ұйым­дастырылды. Сол жарыстарда өз­дерін жақсы қырынан көрсеткен жігіттер шетелде бақ сынау  мүм­кіндігіне ие болды. Соның нәти­жесінде «Алаш Прайдтың» алғашқы қарлығаштары – Қуат Хамитов, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Аслан Тоқтарбаев және Төлеген Ақылбеков сынды спорт­шылардың есімдері ел аузына ілігіп, атақтары шартарапқа тарады. Кейіннен олардың қатарына Ермек Тлауов, Шахмарал Жет­пісов, Арман Оспанов және тағы басқалар қосылды.

– Алғашында осындай ауқым­ды шаруа атқару оңай болған жоқ, – деп Данияр өз әңгімесін жалғастырды. – Не істің мәнін білмейміз, не қалыптасқан белгілі бір жүйе жоқ. Соның салдарынан көп қиналдық. Бірақ қолға алған істі аяғына дейін жеткізбей, жарты жолда тастап кетуге ар-намысымыз жібермеді. Оның үстіне, осы спорт түрін серік еткен қан­дас­тарымыздың бойы­нан айрықша рух пен керемет құлшынысты байқадық. Барлығы да жекпе жекке шығуға жұлқынып тұр. Солардың сағын сындырғымыз келмеді. Осылайша, қауырт жұ­мыс басталды. Мақсатымыз – еліміздегі жауынгерлік өнердің еңсесін көтеру, шынайы чемпион­дарды көптеп шығару. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың алтын белбеуін қазақтың қайсар ұлдары бірінен соң бірі иеленіп жатқан сәтті өз көзімізбен көрсек деп арман­дадық. Сол үшін де көп із­дендік, талпындық. Шетелдік ұйымдармен байланыс орнаттық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Біз әлемге танылдық, әлем бізді таныды.

Иә, оған күмән жоқ. «Алаш Прайдтың» мұрындық болуымен әр жылдары Қазақстанның бірқатар қаласында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы майдан – І», «Ұлы майдан – ІІ», «Әлем алыбы», «Атырау айбыны», «Астана – 2012», «Түркістан – 2020» және тағы басқа дүбірлі додалар ұйым­дас­тырылды. Оның сыртында көптеген «Гран-при» турнирлері тағы бар. Айтулы жарыстарда Джефф Монсон, Боб Сапп, Алек­сандр Емельяненко, Йон Куцелаба, Зүбайра Тухугов, Расул Мирзаев, Венер Галиев, Мұрат Хантураев, Кевин Крум және тағы басқа ММА жұл­дыздары қазақ­стандық жан­күйер­­лердің көз алдында өнер көрсетті.

Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін команданың мүшелері ірі халықаралық додаларда да табыс­ты өнер көрсетіп жүргені бар­шаға аян. Кезінде Игорь Свирид пен Қайрат Ахметов ONE FC промоушеннің алтын белбеуін иеленді. Басқа да белді ұйымдарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленген спортшылар аз емес. Солардың арасынан 2013 жылы Сочиде жалауы желбіреген «Платформа S-70» турнирін бөле-жара атап өтуге болады. Сол жарыс­ты та­машалау үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының басшылары Дмитрий Медведев пен Владимир Путин Қара теңіз жағалауына арнайы атбасын бұрды. Осындай лауазымды тұлғалардың көз алдында Арман Оспанов жергілікті спортшы Алексей Полпудниковті бірінші раундта-ақ ұрып жығып, тамсандырған еді.

Соңғы жылдары әлемдегі ең белді промоушендердің алғашқы үштігінде жүрген Чешенстанның АСА турнирінде Қазақстанның бірнеше өрені күш сынасуда. Кезінде осы жарыстарда Арман Оспанов жасындай жарқылдаса, бұл күндері Артем Резников, Асыл­жан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Нұрсұлтан Қасым­ханов және Қаршыға Дәуітбектің қарқыны қуантарлық. Сонымен қатар «Алаш Прайд» АСА-мен бірігіп, Алматыда үш бірдей турнир ұйымдастырды. Оның үшеуі де толық аншлагта өтті. Әсіресе «Алматы Аренадағы» додада ине шаншар орын болмады.

– Біздің осы нарықта жүрге­німізге 10 жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында көп шаруа тындырдық деп қазір нық сеніммен айта аламын. Ең бастысы, елімізде аралас жекпе-жектің даму жүйесі дұрыс жолға қойылды. Бағытымыз – оң, мақсатымыз – айқын! Талай дарынды жастың томағасын сыпырып, олардың үлкен аренаға шығуына сүбелі үлес қостық. Бұйыртса, Арман Оспановтың әлемдегі ең белді промоушен – UFC-мен келсімшартқа отыруы­на аз ғана уақыт қалды. Артем Резников АСА рейтингінде өз салмақ дәрежесі бойынша бірінші орында тұр. Егер ол Абдул-Әзиз Абдул­вахабовты ұтса, чемпион­дық белбеуді иеленеді. Жартылай ауыр салмақтағы Евгений Егем­бердиев пен Асылжан Бақыт­жанұлы үздіктер тізімінде үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісуде. Соңғы кездері Нұрсұлтан Қасымхановтың қарқыны өте күшті. Келешекте оның да бақ жұлдызы жарқырай жанатынына сенімдімін. Осы және тағы басқа да жігіттердің жолына үлкен үмітпен қарап отырмыз. Сол саңлақтардың біразы ерте ме, кеш пе, UFC-де өнер көрсететіні анық. Оған еш күмәндарыңыз болмасын, – дейді Д.Қасқарауов.

Спорт десе, ішер асын жерге қоятын азаматтың бұл сөзіне кәдімгідей ішіміз жылып қалды. Келесі жылы 10 жылдығын атап өтетін «Алаш прайд» сол мерейлі датаға үлкен дайындықпен ке­гелі отыр. Биыл желтоқсан айын­да олар АСА турнирлеріне қаты­сып, бірнеше жауынгерін үлкен сынақтан өткізуді көздеуде. Ке­лесі жылы тағы бірқатар дүбірлі дода­ның жалауы желбірейді. Сол бәсекелерде де қазақтың өр мі­незді ұлдары бақ сынайды. Әлемді жайлаған пандемия дер­тінен арылсақ, Қазақстанның аума­ғында да оннан аса жарыстың жалауы желбірейді. Ең бастысы, қазақстандық өрендер аралас жекпе-жек әлеміндегі ең биік белестерді бағындырамыз деп құл­шынып отыр. Олай болса, тартынатын түгі жоқ! Алға, Алаштың жігіттері!

 

АЛМАТЫ