26 Қараша, 2013

Кюнетке күйіп кетпеңіз

720 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қарызды қайдан алып жүрсіз?..

«Ол да кюнетке кіріп кетіпті, бұл бір масқара болды. Сендер журналиссіңдер ғой. Осыны жазуға болмай ма, қазақтың қаншама қара баласын қақпанына түсіріп, жетегінде жүгірткен бұл неғылған керемет? Соған кірмекке жұрт кредит алып жүр, белшеден қарызға батып. Бұл не сонда, қаржылық пирамида ма, әлде басқа ма? Өзі тіпті, сайтан соққан секта да сияқты, себебі, оған кірген адамның мінезіне дейін өзгеріп, біртүрлі болып кетеді. Басу айтып, тоқтау салғандармен араздасып тынады. Ақшалы боламын деген қияли арман адастырып, шаңырағы шайқалып жатқандары қаншама?

Қарызды қайдан алып жүрсіз?..

«Ол да кюнетке кіріп кетіпті, бұл бір масқара болды. Сендер журналиссіңдер ғой. Осыны жазуға болмай ма, қазақтың қаншама қара баласын қақпанына түсіріп, жетегінде жүгірткен бұл неғылған керемет? Соған кірмекке жұрт кредит алып жүр, белшеден қарызға батып. Бұл не сонда, қаржылық пирамида ма, әлде басқа ма? Өзі тіпті, сайтан соққан секта да сияқты, себебі, оған кірген адамның мінезіне дейін өзгеріп, біртүрлі болып кетеді. Басу айтып, тоқтау салғандармен араздасып тынады. Ақшалы боламын деген қияли арман адастырып, шаңырағы шайқалып жатқандары қаншама?

Не де болса, бұл аңқау қазаққа арамза болған бір пәле болды». Осылай деп налыған келіншек бұған бауырларының бәрі, тіпті әкесінің өзі «бас байлап» алғанын айтып, қынжылып отыр. Сөйтсек, осы компанияға деп әкесі 500 мың, інісі 300 мың, сіңлісі 300 мың несие алып, бір отбасы түгелдей қарызданыпты. Ол аздай, енді бұған да кір деп қиылып-қинап жүр екен.

Кюнет туралы бұрын да естігенім бар еді. Осыдан біраз уақыт бұрын бір танысымыздың қалада жүрген баласы осы компанияға кіру үшін банктен өзі қарыз алып, одан қалды ауылдағы анасына алдырып, ол ақшамен інісін кіргізіп, ақыр аяғы әлі күнге дейін әлгі қарыздардан құтыла алмай жүр деген. Ал мыналардың жағдайы мынау?! Бұл сонда не өзі, оған неге кредит алып кіреді? Компания немен айналысады, не береді? Астарына үңіліп бақтық. Қиналған келіншектің айтуынша, бұл – қаржылық пирамида. Бастапқыда одан бағасы 150-300 мың теңге көлеміндегі тауар сатып алуың керек, сосын артыңнан екі адам шақырып, осындай сомаға зат алуға көндіресің. Ол екеуі де тағы екеуден төрт адам тартады. Егер осылай кете берсе, компания саған ақы төлеп, аз уақыт ішінде байытып шығарады-мыс. «Тегін ірімшік тек тышқан қақпанда ғана болатынын» білетіндер аз болса керек, себебі, қара жұмыссыз-ақ қалтасын қа­лың­датып, қанжығасын майламақ болған қан­шама қазақ осындайларға жем болып жүр.

Сонымен, аталмыш компания жайында ақпарат ақтаруға кірістік. Өкінішке қарай, интернет желісіндегі сайттарда жағымды жазба аз, керісінше алданып, өкініп қалғандардың арыз-шағымы баршылық.

Компанияның ресми сайтында жа­зыл­ғандай, оның басты кеңсесі Гонконгте тіркелген. Сондай-ақ, онда компания қыз­метінің негізгі түрі халық тұтынатын тау­арларды интернет арқылы тарату деп көрсетілген. Әрине, сайтына қарап, желілік маркетинг деп қабылдайсың. Алайда, интернет ақпарттарына сүйенсек мұның қаржылық пирамида екендігі көптеген шетелдерде дәлелденіп, жұмысына тыйым салынған. Қаншама қылмыстық іс қозғалған. Кейбір мәліметтер Индонезия, Иран, Әзербайжан сынды елдерде оның қызметіне мүлде тыйым салынғандығын айтады. Ресей де бұл компаниядан іргесін аулақ ұстауға тырысқан. Мәселен, 2011 жылы «Новая газета» редакциясы дабыл қағып, бас прокуратураға дейін арыз жазған, сөйтіп оның филиалдарын жабуға қол жинаған. Ал қазақстандық ақпарат көздерінің бірінде «аталмыш компания 2008 жылы АҚШ, Канада елдерінде де алаяқтық деп танылып, филиалдары жабылды» деп жазады. Онда 2940 адам алданып, 29 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құрдымға кеткен» делінген. Түркияда да бұл компанияға тұсау салыныпты. Керек десеңіз, түріктің атақты «Заман» газетінің журналистері зерттеу мақсатында Гонконгке аттанған екен, бірақ ол жақта компания өкілдері айтқандай, Бас кеңсе болмай шыққан-мыс. Сондай-ақ, Өзбекстанда да 2009 жылдан бері кюнеттің үні өшіпті. Ал біздің елде қалай жұмыс істеп жатыр? Осыған орай тиісті органдардан мәлімет сұрастырдық.

Еліміздің Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өзінің ресми сайтында «Q-net» компаниясының қызметі туралы былай дейді: «ҚР Әділет министрлігінің «Заңды тұлғалар» дерекқорларына сәйкес жоғарыда аталған компания, соның ішінде «Diamont Agencies LLP No» компаниясы атынан өкілдік етуі Қазақстан Республикасында тіркелмеген. Бұл компания желілік маркетингке мамандандырылған, компанияның маркетинг-жоспарын ескере отырып, жоғарыда аталған компания қаржылық пирамида принципі бойынша жұмыс істейді». Иә, компания сайтында көрсетілген Қазақстандағы тұрақты өкіл «Diamont Agencies LLP No» агенттігі болатын. Бірақ Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі оның тіркелмегенін айтады. Біз сайтында көрсетілген анықтама телефондар бойынша Алматыдағы әлгі аты аталған агенттікке телефон шалып көрдік. Тіркелмеген десе де, агенттік телефонға жауап берді. Біз олардан Астанадағы филиалдарының мекенжайын сұрап, сонымен айналысып жүргендердің телефондарын сұраған едік. Олар ондай ақпараттармен бөлісе алмайтынын, себебі бұл желілік маркетинг болған соң тұрақты мекенжайы болмайтынын айтып сылтауратты. Осының артында бір шикілік бар деумен, компанияның Астанадағы бөлімшелерін өзіміз іздестіріп көрдік. Алайда, журналистерден сезіктенді ме, әлде шынымен жасырын жұмыс істей ме, басшыларымен кездесу мүмкін болмады. Себебі, бұған кез келген адам өз бетімен барып бас сұға алмайды, тек оған кірген туысқандарының не жақын досының шақыртуымен ғана барады екен. Бұл да психологиялық шабуыл, себебі, ондағылар «бұл нағыз ақша табудың зор мүмкіндігі, оны тек жақындарыңа ғана айтсаң болады», деп компанияға деген сенімін ұялатады екен. Оны бұрын-соңды осымен айналысқандардың бірінен білдік.

«Мен барғанда ол жерде бірыңғай жастар жүрді. Бөлмеде үстел мен орындықтардан басқа дәнеңе жоқ. Алдымен мұнда келу себебімді сұрады. Жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруден қажыған өзге жас­тар сияқты мен де табысы жақсы бір қызмет табу үшін келгендігімді айттым. Одан әрі ұзын-сонар әңгіме басталды. Бірнеше ақ парақты шимайлай отырып, бизнес-жоспар сызып, жеріне жеткізе әңгімелеп берді. «Сұрақтарыңыз болса, соңынан қоярсыз. Менің сөзімді бөлмеңіз», деп ескертіп қойды. Бизнес-жоспармен танысқан соң компанияның негізгі тауарлары – эксклюзивті швейцар сағаты, әртүрлі қымбат металдан жасалған әшекей бұйым, денсаулықты жақсартатын биодискі, саяхат картасы, тағы басқа ұсақ-түйек заттар туралы айтылды. Бір ерекшелігі компанияға көшедегі көлденең көк аттыларды шақыра алмайсыз. Тек сенімді адамдарды тіркейсіз», дейді оған барғандардың бірі. Сондай-ақ, олардың түсіндіруінше, сіз алдымен 250 доллар пайда табасыз. Кейін – 500, одан әрі – 1000. Осылай деп зуылдатқанда шынымен ақша өзінен өзі келетіндей көрінеді. Адамның психологиясына қалай әсер етудің бар амалын алдын ала ойластырып қойған олар жастардың ең осал тұсы баспана мәселесі екендігін де біледі. Өз қатарларына кіргізу үшін «сен аз ғана уақыттың ішінде өзіңнің баспанаңа ие боласың. Аз ақша сала отырып, кейін апта сайын 20 000 АҚШ долларын табатын боласың, әзірше 100-200 мыңды бір жерден қарызға ала тұр. Неғұрлым қымбат тауар алсаң, ертең айлығың да соғұрлым көп болады, сонда қарызыңнан лезде құтыла қоясың» деген сыңайлы сөздерге жастар түгіл, ересектер де ұйып қалады. «Негізгі жұмысыңмен айналысып жүресің, ал кеңсеге күніне бірер сағатыңды бөлсең болды», дегені де жалған. Себебі, екі «қолың» теңеспейінше, уәде етілген жалақыңды ала алмайсың. Ал сен сол жалақы үшін ақшаңды жұмсап, затты алып қойдың. Енді оның есесін қайтаруың керек. Одан қалды «оқу оқып не керек, біреуге жұмыс істеп нем бар, біз дипломсыз, білімсіз-ақ байимыз» деген сөзге миы уланған жастар шығындалған қаражатын өндіріп алмақ ниетпен амалсыздан кешке дейін кеңседе отырып, үйге қарасын көрсетпейді. Одан қалды оқуын тастап, жұмыстан шығады. Бірақ соңында түк шықпай, қажып қаңғырып қалады, ал кредит мойынында қалады. Олардың бір айласы, мың адамның ішінен біреуін адамды ақшаға қарық қылып, байытып қоюы да мүмкін, себебі, соны көріп келушілер қатары көбейеді. Ең сорақысы, оның өкілдері сататын сағаттар мен алтындардың ешқайсысы Швейцарияда тіркелмегендігі, сағаттар механикалық емес, жай кварц екендігі ғаламторда ашық жазылған. 1000 доллар деп бағаланған заттардың негізгі бағасы 200-ден де төмен делінген. Алтын деп сатқандарының тек кулондары ғана қымбат металдан, қалғаны жай темірден жасалған екен-мыс. «Сонда бұл заттар елімізге қалай келіп жатыр, салық комитетіне тіркелген бе?», деген сұрақ туындайды. Еліміздің салық комитеті біздің бұл сауалымызға «Салық және басқа да міндетті төлемдер» кодексінің 557-бабының нормаларын басшылыққа ала отырып, «Quest International Kazakhstan XXI century» ЖШС Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде 2008 жылдың 1 тамызынан әрекет ететін салық төлеуші болып табылады, басшысы Ш.М. Қаирова» деп жауап берді. Сонда тауарларды жеткізуші салық төлейді екен, бірақ оның қандай бағамен, қандай сапамен келіп жатқаны жөнінде ақпарат белгісіз. Бұл неге тексерілмейді, оған кім жауапты, артында кім тұр дегендей сұрақтар көп, жауап жоқ. «Әйтеуір ақша таппасам да, сол ақшаның орнына осыншама қымбат бұйымды алдым ғой», деп өзін өзі жұбататындар оны тексеріп әлек емес.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «Одан залал көрсеңіздер ішкі істер органдарына аталған компанияның жұмысшыларын ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы бойынша, яғни алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арызбен шағымдануға құқылысыз», деген болатын. Сонда біздің елде бұл компанияның жұмысына әзірше нақты тыйым салынбаған. Тек зардап шеккен адам шағымданғанда ғана қылмыстық іс қозғалмақ. Ал интернетте мұңын айтып, өкініш білдіргендер көп болғанымен, тиісті органдарға арыз жазушылар аз. Бұлай деуіміздің себебі, біздің Астана қалалық ішкі істер департаментіне жолдаған сауалнамамызға ағымдағы жылы бұл компанияға қатысты 2 ғана шағым түскені жайлы, оның біреуі 145 мың, ал екіншісі 290 мың теңгесінен қағылғаны жазылған жауап келді. Бүгінде бұл шағымдарға орай тексеру жүргізіліп жатыр екен.

Әрине, біз қызметі бұлыңғыр бір компа­нияны жатып алып жамандап, оның қар­жылық пирамида екенін дәлелдеуді мақ­сат етіп отырғанымыз жоқ. Ең маңыздысы – елімізде осындай беймәлім, алаяқтықпен айналысатын ұйымдар көбейіп кеткені жай­ында дабыл қағу. Соның салдарынан қаншама адам қарызға белшесінен батып, онсыз да көңілдегідей түзеле қоймаған әлеуметтік жағдайды күрделендіре түсіп отыр. Мәселен, Бас прокуратураның мәліметтері бойынша Қазақстанда қаржы пирамидаларынан жапа шеккендер саны бүгінде 5 мыңға тарта азамат болса, оларға келтірілген шығын 1 млрд. теңгеге жуықтаған. Бүгінде елімізде қаржылық пирамидамен айналысатын 23 ұйым анықталған. 2010-2013 жылдар аралығында Қазақстанның құқық қорғау органдары бұндай пирамидалардың заңсыз қызметіне қатысты 61 іс қозғапты. Ал қазіргі таңда елімізде «Кейбір заңнамалық актілеріне қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Егер ол заң қабылданса, қаржы пирамидасымен жасырын айналысып жүрген әлі талай компанияның бет пердесі ашылады деген ойдамыз. Әрине, олардың ақ-қарасын анықтау құқық қорғау органдарының жұмысы. Ал біздің айтпағымыз халық ондай жеңіл жолмен баю жолдарына құмарлық танытудан бойын аулақ ұстап, ақша табудың жолына сауатты қараса дейміз. Әйтпесе, соңғы кезде елімізде несие алып жүргендер саны күн санап артып отыр. Оған банктер қуанады. Ал ол несиелер қандай мақсатта, не үшін алынып жатыр, бұл жағы беймәлім. Ал жаңағы жоғарыда айтқандай, бір отбасының өзі бір жарым миллионға жуық қарыз алып, оны қаржылық пирамидаларға құйып жүрсе, ертеңгі күні еліміздің әлеуметтік әлсіздеуіне әкеліп соқпасына кім кепіл? Сондықтан, бұл жерде қарызды халық не үшін алып жүр, банк не үшін беріп жүр деген мәселелерге де жіті мән беріп қарайтын кез келгендей. Ал жаһан елдеріне жақпаған жаңағындай компаниялардың жұмысына біздің мемлекеттің де мән бере қарап, алаяқтық жасап жүргені расталса, қудалауы қажет-ақ шығар...

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар