Аймақтар • 11 Қараша, 2020

"FlyArystan" әуе компаниясы рейстер санын көбейтті

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысына жыл сайын келетін туристтердің артып келуде. Биыл жазда олардың барлығы дерлік қазақстандықтар болды. Мұның бірінші себебі пандемия болса, екіншісі нарықта пайда болған лоукостердің әсерінен туындады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте "Fly Arystan" әуе компаниясының баспасөз хатшысы Ләззат Набиева мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

"FlyArystan" әуе компаниясы рейстер санын көбейтті

Оның айтуынша, халық әуе билеттерін теміржол билетінің құнымен сатып ала бастады. Осылайша, 21 маусымнан бастап еліміздің тұңғыш отандық лоукостері – "FlyArystan" әуе компаниясы Ақтауға Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе мен Орал қалаларынан 4999 теңгеден бастап сата бастады. Аталған лоукостер бірнеше ай ішінде Каспий өңірінің 140 мыңдай жолаушысына өз қызметін ұсынды. Келешекте бағыттардың саны көбейген сайын, ұсынылатын қызметтердің саны да артады.

Қазіргі таңда тұрақты рейстерді "Airbus A 320" әуе лайнерлері орындап жүр. Лоукостер флотында олардың саны 7 болса, оның екеуі Атыраудан батыс қалаларды өзара байланыстырады. Ұшақтар эконом-классты 180 орындықпен жабдықталған. Оларды 10 жылдық тәжірибесі бар кәсіби ұшқыштар жүргізеді.

"Еліміздің лоукостері – отандық әуе компанияның еншілес компаниясы болғандықтан, "FlyArystan" қауіпсіздік стандарттарына аса жоғары көңіл бөледі және "Air Аstana" компаниясының инженерлік тобының қызметтеріне жүгінеді. Қолжетімді әрі жоғары сапалы қызметтерді ұсына отырып, бюджеттік компания билеттерді ертерек flyarystan.com сайтында немесе компанияның мобильді қосымшасында брондауға кеңес береді. Себебі сатылым 2021 жылдың 27 наурызына дейінгі сапарларға ашық. Сондықтан мейрам және демалыс күндерге арзан билеттер таусылуы мүмкін. Сондай-ақ минималды баға құнына әуе сапар мен 5 кг қолжүгі ғана кіретінін ескертеміз. Барлық қосымша қызметтерді жолаушылар бөлек сатып алулары қажет", деді Ләззат Набиева.

 

Маңғыстау облысы