Қазақстан • 11 Қараша, 2020

Буллинг туралы вебинар өтті

3066 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтарды, əсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», деген болатын. Бүгінде аталған бағыт бойынша елімізде бірқатар қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, жуырда буллинг пен кибербуллингтің зиянын түсіндіріп, алдын алуға арналған  «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты вебинар өткізілді.

Буллинг туралы вебинар өтті

Бүгінде балалар мен жасөспірімдер, тіпті ересек адамдар арасында буллинг яғни кемсіту, шеттету, қорлау жағдайлары аз кездеспейді. Өкінішке қарай, бұл мәселеге қоғамның көзқарасы біржақты болып келеді. Ата-аналар мен ұстаздардың көпшілігі буллингті қалыпты ахуал санап, оқушының психологиялық, физикалық саулығына мән бермей жатады. Оның соңы қылмысқа, суицидке апарып соғуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап проблема жөнінде дұрыс ақпарат берудің маңызы зор.

Осы бағытта буллинг пен кибербуллингтің зиянын түсіндіріп, алдын алуға арналған  «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты вебинар мәреге жетті. Zoom платформасында өткен шараға «Жасұлан» ұйымының тәлімгері Данара Төлегенова, психолог Мадина Демеуова, «Únsіz qalma» медиажобасының жетекшісі Олжас Әбілұлы және елордалық мектеп оқушылары қатысты.  Модератор әрі жас буынмен жұмыс істейтін мектеп психологы Мадина Демеуова  буллинг ұғымы, түрлері мен оның зардаптарын қатысушыларға жан-жақты түсіндіріп өтті.

–  Буллингтің күш көрсету арқылы,  сөз формасындағы, кибербуллинг, мүгедек адамдарға, жыныстық көзқарасына байланысты, заңмен қорқыту, ата-ананың балаға жасайтын түрлері бар. Адам өзін ғана емес, өзгелерге күш көсету жағдайларын байқағанда бейтарап қалуға болмайды. Естеріңізде болсын, ешкімнің сені қорлауға құқы жоқ. Буллинг достарыңның, отбасыңның, бөтен жандардың тарапынан жасалуы мүмкін. Бұл дұрыс емес және бұлай болуға тиіс емес, – дейді М.Демеуова. 

Елемесе елеулі мәселе туындататын «буллинг» қазақ қоғамына соңғы он жылда кең тарала бастаған.  Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе интернет кеңістігінде бұл туралы қазақша ақпараттар өте сирек. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында  «Únsіz qalma» медиажобасы құрылған. Жоба Internews Kazakhstan «Media CAMP – Орталық Азия» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба жетекшісі Олжас Қасым оқушыларға тұшымды ақпарат беріп, буллингті болдырмауға арналған бейнебаяндар ұсынды.

– Біз жобамызда «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» ұранын ұстаным етіп алдық. Біреуді шеттету, мүйіздеу ешқандай да мақтаныш не бедел емес. Айналадағы қатарластарымызды мазақтау, топқа қоспау қылмысқа апарып соғуы бек мүмкін. Осыны оқушылар жіті ұғынуға тиіс. Ол үшін алдымен мектепте мейірімді орта қалыптасуы қажет. Біздің бейнематериалдарымыз балалар өз арасындағы түсініспеушілікті өздері шешіп, бір-біріне қайырымды болуға үндейді, – деді О.Қасым.

Баланың үйден алған тәрбиесін мектеп шыңдайды. Шәкірттердің білімімен қатар, тәрбиесімен айналысатын «Жасұлан» ұйымының тәлімгері Данара Төлегенова ағарту бағытында түрлі тренингтер мен ашық сабақтардың жиі ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, оқушылар мектепте көшбасшылық қабілетке ие болғысы келеді. Бір өкініштісі балалардың дені басқарушылық  қасиетті біліммен емес,  білекпен көрсету деп ұғынады. Сол себепті бүгінгідей тағылымдық мәні бар басқосуларды жиі өткізу қажет. Осылай деген тәлімгер ұл-қыздарды білімге ден қоюға үндеді. 

Шараға қатысқан оқушылар да өз ойларын ортаға салды. №55 орта мектеп оқушысы Жұлдыз Айтбаева кибербуллинг жасалған кезде қалай қорғануға болатынын сауалына арқау етті. Бұл сұраққа жауап берген психолог Мадина Демеуова әлеуметтік желіде қорлау оқиғалары туындаса жәбірлеушіні бұғаттап, «111,  150 шұғыл қызмет байланыс орталығына» немесе 101   сенім телефонына хабарласу керектігін мәлімдеді. Сонымен қатар, мәселемен бетпе бет келгенде  ата-анаға немесе ұстаздың көмігіне жүгінуге шақырды.  Оқушылар тарапынан  буллингтің табиғаты,  жәбірлеуші мен зардап шегушінің негізгі айырмашылықтары жөнінде бірнеше сауал қойылып, тиісті жауап берілді.  Шараны қорытындылай келе арнайы мамандар бірлесе жұмыс істеуге, әріптестікті дамытуға уағдаласты. 

Буллинг – адам психологиясын бұзып, күйзеліске, жан дағдарысына әкелетін әрекет. Бұл проблеманың алдын алу үшін  қоғамның барлық мүшесі  үнсіз қалмауы  қажет.  Осыны ұғынып, аталған мәселенің бар екенін қоғамға сіңірген кезде ғана балалардың болашағы кемел болмақ. Мектеп оқушыларын ізгілікке бастайтын шара  алдағы уақытта да жалғасын таппақ.