Аймақтар • 11 Қараша, 2020

Заң толыққанды болса ғана толық орындалады

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

СҚО полицейлері қарашаның 5-9 күн аралығында 5 күн бойы "Лишенник" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп, онда жүргізу құқығынан айырылған 46 адамның рөлде болғандығын анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заң толыққанды болса ғана толық орындалады

"Лишенник" деген сөздің өзі жүргізу құқығынан айрылған (лишенный прав) деген сөздің халық арасындағы орысша қысқарған атауы. 

"Бұл күндері жүргізушілік тәртіпті нығайту және көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің көлік жүргізу фактілеріне жол бермеу жөніндегі жұмыс күшейтілді. 5 күн ішінде облыста жүргізу құқығынан айырылған адамдардың көлік жүргізуінің 46 фактісі анықталды", деп атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Ұсталған жүргізушілердің көпшілігі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандар. Соңғы уақытқа дейін мұндай құқық бұзушылық жасағаны үшін жүргізушіге үш жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынатын еді. Биыл заңнама қатаңдатылып, енді ішімдік ішіп көлік жүргізген адам 7 жыл бойы көлік құралын жүргізу құқынан айрылады.

Алайда осы шараның өзі жүргізушілерді тәртіпке шақыра бермейтінін фактілер көрсетіп отыр. Сондықтан жүргізу құқынан айрылған адамның көлігін дереу сатқызу және оның басқа көлік алуына тиым салу туралы заңға қосымша енгізілсе дұрыс болар еді. Сонда ғана жүргізу құқынан айрылғандар жаяу жүруге мәжбүр болар, әйтпесе, ауласында темір тұлпары аңырап тұрғанда қалтадағы куәлікке кім қарап жатыр...

Солтүстік Қазақстан облысы