Аймақтар • 11 Қараша, 2020

2020-2021 жылдары медициналық колледждердің 7,5 мыңнан астам түлегі мейірбикелер әскерін толықтырады

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы медициналық колледжінің биылғы түлектері арасында жұмысқа орналасу деңгейі 93%-ға жетіпті, деп хабарлайды Egemen.kz.

2020-2021 жылдары медициналық колледждердің 7,5 мыңнан астам түлегі мейірбикелер әскерін толықтырады

Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне онлайн-сұхбат барысында қалада медицина кадрларын даярлау туралы мәлімет берді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында бакалаврларды, интерндерді, резиденттер мен докторанттарды дайындаумен айналысатын ірі жоғары оқу орындары, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақстан-Ресей медицина университеті бар. Сонымен қатар, дәрігерлерді түрлі мамандықтар бойынша дипломнан кейінгі даярлауды Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, ҚазМУ медицина факультеті, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі және Алматы қаласында орналасқан Республикалық ғылыми-зерттеу институттары жүргізеді.

Орташа медициналық қызметкерлерді дайындаумен 10-нан астам медициналық колледж айналысады, оларда бүгінгі күні 14 мыңнан астам студент білім алуда (бұл білім алушылардың жалпы контингентінің саны), олардың 10%-ға жуығы гранттық негізде оқиды. Оқыту "емдеу ісі", "мейірбике ісі", "Зертханалық диагностика, гигиена және эпидемиология", "стоматология", "фармация" және т.б мамандықтар бойынша жүргізіледі.

"2020 жылы медициналық колледждерде оқуды аяқтап, 3628 түлек диплом алды, атап айтқанда біздің колледжден 364 маман бітірді. Бүгінгі күні осы жылғы түлектер арасында жұмысқа орналасу пайызы жоғары және 93%-ға дейін жетеді, бұл біздің студенттеріміздің қажеттілігін және білім берудің тиісті сапасын көрсетеді", деп атап өтті С.Сұлтанғазиева.

2021 жылы колледждердің 4100-ден астам студенті оқуын аяқтайды, олар Алматы қаласы мен өңірлердің тәжірибелік денсаулық сақтау саласындағы қатарларын толықтырады.

Өткен жылдан бастап медициналық ұйымдардың сұраныстарына сәйкес, кадрлар даярлауға бағытталған дуалды білім беру енгізілді, яғни оқу орнында оқытуды тәжірибелік қызметпен үйлестіру, білім алушы үшін жеке бағдарлама жасау. Сабақтардың теориялық бөлігі 30%-дан аспайды, студенттер көп уақытты тәжірибемен айналысады, әрі қарай сол ұйымда жұмыс істейді.

Жалпы Алматыда медицина кадрларын даярлау жүйесі құрылған. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.