pepnewz com
Анель Шәкенованың айтуынша, бүгінде таңда балалар үшін ақша тақырыбы өте қызықты. Қаржыгер қазақстандық отбасыларда ақша және қаражат туралы ақпарат көп талқыланбайтынын айтады. Алайда балалар ересектер арасында жиі талқыланатын доллар бағамы мен ақшаның құнсыздануы туралы білгісі келеді.
– Сондықтан ата-аналар үйде ұл-қыздарына қаражат, инфляция және эмоционалды сауданың не екенін айтып, түсіндіріп отырғаны дұрыс, – деді А.Шәкенова.
Қаржылық сауат курсының авторы өз отбасында қаражат жаратудың іс жүзінде қалай орындалатынын түсіндірді. Ата-ана ретінде ол жұбайымен үйдегі шаруалар мен оқуын жақсы оқығаны үшін балаларына еңбекақы беріп отыратынын жеткізді. Бұған қоса олимпиада мен түрлі жарыстарға қатысып жүлдегер атанғаны үшін, сондай-ақ бір тоқсанда үздіктер қатарынан орын алғаны үшін балалар қаржылай бонус алады екен. Ерекшелігі сол, курс авторы жолдасы екеуі еңбекақы мен бонусты балаларының қайда жұмсағаны туралы сұрамайды. Яғни қаражатты игеру құқығы толықтай балалардың өз еркінде. Маманның сөзіне сүйенсек, осылайша жас буының қаржылық жауапкершілігі қалыптасады.
Ал оларды ересек өмірге дайындау ретінде бизнеске немесе жұмысқа тарту да балаға үлкен әрі маңызды тәжірибе болады.
– Үлкен балаларымды бизнесіммен таныстыру екі жаққа да пайдасын тигізді, –деді қаржы сарапшысы.
Маманның айтуынша, жастардың технология мен шет тілін тез меңгеру қабілеті оларға көп артықшылық береді. Осылайша, кішкентайынан жаңа кәсіпті креативті бағытта дамытуға болатынын, алайда қаражат жағында тұрақсыздық болуы мүмкін екеніне олар ерте бастан көз жеткізеді.
Ал белгілі бір қызметке орналасу қаражат жағынан қолайлы болғанымен, тұлғалық қабілетті танытуда күрделі болып келетінін жіті түсінетін болады деді курс авторы.
Қаржыгердің тәжірибесі көрсеткендей балаларға еңбекақы бөлу, оларды қас қақпай бақылап отыруды тоқтату көмектің бір тетігі болса, бизнеспен таныстыру, иә болмаса жұмыс барысын көрсету өмірге дайындық жолының тағы бір баспалдағы болатыны күмәнсіз.