Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Бiздiң қазақта шын ғалым, шын зиялы аса аз да емес, аса көп те емес. Сол зиялының бiрегейi де Салық Зиманов еді десек, қателесе қоймаймыз.
Таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасынан Қаныш Сәтбаев туралы деректi фильмдi орта тұсынан көрiп қалдым.
Менi ең алдымен қызықтырғаны – ұлы адамның тiрi бейнесi. Дананың дидары. Неткен биiк адам. Әр қимылы, қозғалысы тектiлiкке тұнып тұр. Әсiресе, айнала қоршаған балалармен отырған қалпы қандай керемет! Осы кiсiнiң алдын көрген, қолын алған адамдар қандай бақытты едi деп ойладым. Салық Зиманов та дана адамның талай қолын алған болар-ау. Қолын алғаныңыз былай тұрсын, ұлы адам: «Салық Зиманов Қазақстанда заң ғылымдарының негiзiн қалаушы», деп баға берген ғой. Демек, бiз де бақыттымыз. Атақты академик баға берген адамның анда-санда мүбәрак қолын алдық.
«Бiр сөзбен айтқанда, Салық Зиманұлы жетекшi ғалымдардың бiрi ретiнде өзiнiң iздену жұмысында ұлы Сократтың «Өз-өзiңдi таны, сонда әлемдi де танисың» деген ойын алға тартып келедi. Өткен ғасырдың ұлы ғұламаларының ой-пiкiрлерi әлем халықтарының ұлы ойларының алтын қазынасы екенiн ұмытпауымыз керек. Ол бiздiң дәуiрiмiзге дейiн VI ғасырда өмiр сүрген қытай ойшылы Конфуцийдiң «40 жылдан кейiн өзiмдi таныған соң, мен аспан құпиясын да тани бастадым» деген сөзiн алға тартқан Қазақстандағы iзденушiнiң бiрi. Бәлкiм кез келген iзденушiге Конфуцийдiң осы бiр ұлағатты ойын жетекшiлiкке алғаны жөн шығар. Академик Салық Зиманов бiздiң заң ғылымының патриархы екенiн ойланбастан айта аламын.
Академик Зиманов әрқашан халық назарында, қай жерлерде болмасын ол өзiнiң тiк жүрiсiмен ғана емес, ұлы Сократтың бейнесiндей сенiмдi тұлғасымен де көзге түседi».
Бұл қазақ заң ғылымының бiр биiгi, академик Сұлтан Сартаевтың пiкiрi.
«...Ұлы Сократтың бейнесiндей сенiмдi тұлғасымен де көзге түседi» дейдi.
Көрдiңiз бе, әр сөзiн екшеп, саралап сөйлейтiн тұлға әрiптес ағасына келгенде ақиқатын айтып салған.
Бұрын кеңестен қалған дағдымен өзiмiздiң белгiлi адамдар туралы жазсақ, өзгенiң белгiлi адамына теңеп жататынбыз. Мәселен, «Қазақтың Островскийi», «Қазақтың Паганиниi» деген тәрiздi. Бұл әлгiнде Салық Зимановты Сократқа теңеген Сұлтан Сартаевтың теңеуiне әсте қарсылық емес. Зимановтың әлемiне ден қойған адам оның ғылымға тек ұлттық мүдде, ұлттық ғұрып, дәстүр, тарих, салт-сана тұрғысынан келiп тұжырым жасағанын байқар едi. Ол қашанда, қай кезде де болсын қазақ мүддесiн алға қойды. Қазақтың би-шешендерiне, дала демократиясының қағидаттарына арқа сүйеп, әрiптестерiнiң, шәкiрттерiнiң бойында елжандылық, отаншылдық сезiмнiң қалыптасуына көл-көсiр еңбек сiңiрдi. Ең алдымен, өз ұлтын, елiн, өз тарихын, мәдениетiн сүймеген адамнан ғалым ғана емес, жай азаматтың да шықпайтынын дәлелдеп, бабалар салған сара соқпақпен жүрдi. Сондықтан оны қазақтың Төле биi, Қазыбегi, Әйтекесiндей дала даналарының рухындағы дана десек, бiз ақиқатқа анағұрлым жақындай түскен болар едiк. Өзгеге емес, өзiңдi өзiңе теңеу арқылы өзiңе жақындай түсесiң. Өйткенi бiз көп жылдар бойы өзiмiзден алыстап кеткенбiз, дұрысы алыстатып жiберген. Мәселен, Асанәлi Әшiмұлын «Қазақтың Жан Габенi» дегеннен гөрi, Алаштың Асанәлiсi десек, сiздiң жаныңызға қайсысы жақын?! Ал Бекболат Тiлеуханды «қазақ өнерiнiң қарға бойлы Қазтуғаны» деп атау қандай тартымды естiледi.
Әрине, мақтан тұтар тұстарын ешкiм де жоққа шығара қоймас, алайда кiсiнiң ой-пiкiрiне тұсау салған Кеңес Одағы кезiнде сол тас қамалды бұзып-жарып, 30 жасында заң институтының директоры болу дегенiңiз де екiнiң бiрiнiң маңдайына жазылмас едi. Қазiр ғой таяқ лақтырсаң не академиктiң, не қисапсыз директордың басына тиедi.
Қазiргi заманда бәрi батыр. Ал кешегi дүние қиянаттан қайысып тұрған Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде ше? Ол кезде ақиқатты айту өзiңдi арыстанның аузына апарып салумен бiрдей едi. Ақиқатты айдаладан iздеп жүргендер соның өз қасымызда екенiн бiлсе де бiлмеген кезi болды ғой. Бiрлi-жарым «ой батырлары» (М.Әуезов) болды. Бiрақ, олар кухняда күңкiлдеп, алқалы аудиторияларда ауыз ашпайтын едi. Ал Зиманов сол көтерiлiске қатысқандардың жынын қағып аламын деп келгендердiң жағасын ұстатқан жоқ па? Әрине, ол көбiмiзге тән бiр сәттiк айқай, қызба мiнезбен шектелген жоқ. Мәселеге егжей-тегжейлi үңiлiп, асты-үстiн төңкерiп айтып, ғылыми дәлдiкпен, дәйекпен сөйлеп, Соломенцевтiң де, Колбиннiң де көкесiн көзiне көрсеткен жоқ па? Қашаннан асып-таспайтын, сабырлы Салық Зиманов сол бiр найзағайдай жарқылдаған күнiн әлдекiмдердей, әлденеше рет күнi кешеге дейiн мiнберден түспей, мiндетсiп, жер тепсiнiп айтқан емес. Өттi, кеттi iске балады да қойды. Әлгi бiз жиi айтатын, бiрақ керек кезiнде өзiмiз соның биiгiнен көрiне бермейтiн намыс дегеннiң қандай болатынын ел есіне тағы бiр сала кетудi мақсат етiп, 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына сұрланып келген Соломенцев пен кесір Колбиннің алдында айтқан академиктің сұрапыл сөзінен үзінді жариялағанды жөн көрдiк.
«...Орын алған оқиғаның басты себептерiнiң бiрi – идеологиялық жұмысымыздың дәрменсiздiгi. Мысал ретiнде ұлт тiлiнiң тәрбиелiк күшi туралы мәселенi алайық. Бiз, қоғамтанушы ғалымдар, өзiмiздiң қазақ тiлiнде жазбаймыз, жастардың алдында қазақ тiлiнде сөйлемеймiз, дәрiс оқымаймыз. Ал мұның өзi – бiз олардың ақыл-ойы мен көңiл-күйiне ықпал ете алмаймыз деген сөз. Өйткенi, бiздiң орыс тiлiнде айтқан сөздерiмiз олардың жүрегiне әрдайым жол таба бермейдi. Мұның өзi ненi көрсетедi? Бiздiң барлық деңгейдегi қызметкерлерiмiздiң бойындағы қырсық шалған шарасыздықты көрсетедi. Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi Бюро мүшелерiнiң бiрде-бiреуiнiң қазақ жастары арасында қазақша сөз сөйлегенiн көрген де, естiген де емеспiн. Мәселе мынадай масқара жағдайдың орын алуына дейiн жеттi. Қой бағатын шопандардың, басқа да түлiк өсiрушi малшылардың ауылдық жерлердегi аудандық, облыстық және осы астанадағы республикалық кеңестерiне, слеттерiне жиналғандардың 80-90 пайызы қазақтар бола тұрса да, оларда баяндама да, жарыссөздер де бiр ғана тiлде – орыс тiлiнде болады. Қазақ және орыс тiлдерiнде қатар жүргiзiлмейдi. Соның салдарынан олардың iлуде бiр бас қосатын жиындары көздеген мақсатына жете бермейдi. Ауылдық жерлерден келген малшылар ондай жиындардан өздерiнiң күнделiктi ісiне пайдалы ақыл-кеңестер, озық тәжiрибелер, нақты нұсқаулар алып қайтудың орнына өздерi үшiн уақытша арнайы ұйымдастырылған дүкендерден әртүрлi заттар арқалап қайтады. Ұлт тiлiнiң қолданылу аясы тарылып, қауқары қашып, жыл өткен сайын елеулi түрде әлсiреп барады.
Ұлт мәселесi жөнiндегi проблематика назардан мүлде тыс қалып келедi. Ұлттық қатынастар тақырыбына еңбек жазу қашан болса да қауiптi, ол тәуекелге бел байлап қана баруға болатын iс саналып келдi. Мұның өзi, шын мәнiнде алғанда, жоғары жақтан үн-түнсiз қолдау тауып отырды. Соның салдарынан да ұлт мәселесi, ұлтаралық қатынастар зерттелмей, танылмай қала бердi. Бұл салада нақты әлеуметтiк зерттеулер жүргiзiлген емес. Осында СОКП Орталық Комитетi Саяси Бюросының мүшесi М.С.Соломенцев жолдастың қатысып отырғанын пайдаланып, менiң ойымша, ұлт мәселесi жөнiнде жалпы одақтық еңбектерде елеулi кемшiлiктер кездесетiнiн айтқым келедi. Оның кейбiреулерi мынадай: а) бiзде ұлт мәселесi жоқ, оның кейбiр проблемалары мен көрiнiстерi ғана бар-мыс; ә) ұлттардың бiр-бiрiмен жақындасуы этностардың арасындағы айырмашылықтардың жойылуы ретiнде ғана қарастырылды. Ал ондай жақындасу бiзде iс жүзiнде бар. Ол ең бiрiншi кезекте ұлттардың идеялық негiзде жақындаса түсуi, идеялық бiрлiгi түрiнде көрiнедi; б) ұлт республикаларындағы ұлт мәселесi жоққа тән саналады, ол бiрте-бiрте жойылып, ұлттық мемлекеттiлiктiң оты өшiп, шоғы сөнiп бара жатыр-мыс. Онда ұлттық белгiлер қалмауға айналыпты-мыс деген сияқты басқа да тұрпайы, терiс пайымдаулар бар. Мұның бәрi ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарағанда, ұлттық нигилизмге душар етедi, солай етiп те отыр. Ал нақты қалыптасып отырған ұлт қатынастары тұрғысынан алып қарасақ, мұндай тезистердi қабылдауға әлi ерте әрi қате екенi айтпасақ та түсiнiктi.
17-18 желтоқсандағы оқиғаларға кiнәлi адамдар тиiстi жазасын алды. Бұл iспен құқық қорғау органдары айналысуда. Мен заңгер ретiнде мынаны айтқым келедi: осы органдарды өздерiнiң табиғатына тән бас салып айыптай беруге бейiм әрекеттерiнен тартынатындай етiп сақтандыру керек. Жаппай қуғын-сүргiндi бастап, оны ерекше құштарлықпен жүргiзiп отырған тап солар...».
«Бiздiң бүгiнгi конференциямызға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Г.В.Колбин бастаған бюро мүшелерiнiң толық құрамында қатысып отырғанын және кейбiр ресми емес деректерге қарағанда, Г.В.Колбин жолдастың қорытынды сөз сөйлейтiнiн пайдаланып, мен өзiмнiң бүгiнгi таңда теориялық, ең бастысы, практикалық маңызы бар кейбiр мәселелердi қалай түсiнетiнiмдi баяндап беруiме рұқсат етiлуiн және сол мәселелер бойынша Геннадий Васильевичтiң неғұрлым тереңiрек түсiнiк беруiн өтiнген болар едiм. Осында сөз сөйлеуге тиiстiлердiң тiзiмiнде болмағанмен, сөз сөйлеу ниетiм бүгiнгi баяндаманы және алғашқы сөйленген жарыссөздердi тыңдағаннан кейiн ғана пайда болғанын ескере отырып, менiң сөзiм бәлендей рет-ретiмен айтылып жатпаса, бұл үшiн азын-аулақ жеңiлдiк берiп, кешiрiм жасауларыңызды өтiнемiн.
Алматы қаласындағы мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерi туралы мәселе, оны шешу және оған қай тұрғыдан келу тәсiлдерi менiң ойымша, қала аумағының шеңберiнен асып кететiн және белгiлi бiр мөлшерде неғұрлым кең көлемде маңыз алатын сияқты болып көрiнедi. Мәселе мынада. Не болса да турасын айту керек: кейбiр басшыларда ұлттық балалар бақшасына деген мүлде терiс көзқарас қалыптасқан. Оны кейбiр жолдастардың интернационалдық тәрбие мүддесi тұрғысынан түсiндiрмек болғанына, сөйтiп өздерiн-өздерi ақтап алуға тырысып бағуына жол беруге болмайды. Мысалы, 1987 жылдың бас кезiнде Алматы қаласында 372 мектеп жасына дейiнгi балалар мекемесi болған едi. Соның небәрі алтауында ғана қазақ тiлiнде балалар тәрбиелендi. Көптеген ата-ана астанамызда қазақ балаларына арнап қосымша балабақшалар ашуды сұрап, бiрнеше жылдан берi талай мекеменiң табалдырығын тоздырумен келедi. Өйткенi, мұның өзiн қазiргi жағдайда балалардың ерте жасынан бастап қос тiлдi меңгеруiнiң неғұрлым тиiмдi жолы деп есептейдi. Ал Алматының тап қазiргi ерекше қалыптасқан демографиялық және басқа да жағдайларында ұлты қазақ жасөспiрiм ұрпақтың (жасы 1-ден 15 жасқа дейiнгiсi) 80 пайыздан астамы дерлiк өз ана тiлiнде еркiн сөйлей алмайды (бұл ресми дерек көздерiнен емес, қазiргi қалыптасып отырған нақты жағдайдан алынған цифрлар). Ең масқара нәрсе – қаладағы әлгi қыруар көп ата-аналардың өтiнiшi бойынша әр жылы бiр немесе екi ұлттық балалар бақшасының ашылуына басшылар тарапынан күнi бүгiнге дейiн толып жатқан негiзсiз тосқауыл-кедергiлер қойылумен келедi.
Осы жерде бұл мәселенiң о баста қойылу тарихына қайта оралу қажет. Алматыда ата-аналардың қазақ балалар бақшаларын ашу туралы табандарынан тозып, талай мекеменiң есiгiн ашқан алғашқы «азапты сапарлары» сонау 60-жылдарда басталған едi. Ондағы мақсат – қазақ балаларын өзгелерден бөлiп тастап, томаға-тұйық оңаша жағдайда ұстауда емес, қайта олар өздерiнiң ана тiлiн бiлiп өссе екен деген арман болатын. Алайда оларға облыстық партия комитетiнде де, Орталық Комитетте де қайтарылған жауап бiреу-ақ болды: «мұндай өтiнiштерiң қабылданбайды – өйткенi, әр ұлттың балалары бiр-бiрiнен бөлiнiп қалады, ал бұл интернационализм қағидаттарына қайшы келедi дестi...».
«Мiне, сондай жағдай 1986 жылы да қайталанды – қалада ашылған алты балабақшаның екеуi ғана қазақ балаларына берiлдi. Мұның өзi баспасөз бетiнде «балаларды бақшадағы жасынан бастап ұлттық оңашалануға тәрбиелеу» болып табылады-мыс деп бағаланды. Менiң жеке өз басым мұндай бағаға тiптi де қосылмаймын. Онда тұрған қандай жағымсыз да жексұрын нәрсе бар? Сонда өзге қалаларда, өзге республикаларда ұлттық балалар бақшалары шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Бар ғой! Олардағы интернационалдық тәрбие тиiмдiлiгi жағынан бiздегiден артық болмаса, тiптi де кем емес. Аралас балалар бақшаларын құру керек деушiлер де табылады. Бәлкiм, бұл дұрыс та шығар. Бiрақ оларды ұлттық балалар бақшасына қарсы қою мүлде қисынсыз. Өйткенi бұлай ету – жұмсарта айтқанда, ортақ iске жаны ашымайтын формалист бiреудiң ойдан шығара салған нәрсесi. Бұл жерде әңгiме әрбiр нақты жағдайлар туралы емес, сол жағдайларды басшылыққа ала отырып, балалар бақшасының қандай түрiн салуды жан-жақты ойластырып шешу туралы емес, қайта қасарысқан қағидатшыл қағида туралы болып отырғанын ескеру керек. Елдiң астанасында қазақ балаларына арналған балалар бақшасын ашу жөнiндегi мәселенiң мән-жайын ұғынбай жатып, оны табалдырықтан аттатпай тұрып, кеудесiнен керi итерiп тастайтын кейбiр ресми органдардың оспадарсыз қылығын маңызды мәселеге ат үстiнен жүрдiм-бардым қарайтын жауапсыздық демеске лаж жоқ. Ал олардың мұндай мiнез-құлқы жергiлiктi байырғы ұлт өкiлдерi тарапынан наразылық тудыруға себеп болатыны белгiлi. Сонда бұл iске қалай болса солай қараудың салдарын қалай ақтап алуға болады?
Жоғары және орта арнаулы оқу орындарына студенттер мен оқушылар қабылдау кезiнде олардың ұлттық құрамын ретке келтiрiп отыру жөнiндегi «пайыздық нормалар» орнатудың терiс практикасы нақты сынға алынған сияқты-ақ едi. Бiрақ солай бола тұрса да бiрқатар жерлер мен облыстарда, кейбiр деректерге қарағанда, «пайыздық нормалардың» iс тағдырын шешетiн жаны сiрi белгi ретiнде әлi де қолданылып келе жатқанына сенбей тұра алмайсың. Мысалы, жергiлiктi басшы органдар Қарағанды медицина институтына 1987-1988 оқу жылына қабылданатын ұлты қазақ студенттердiң жалпы саны бұрынғы жылдардағыдай 50 пайыздың орнына 20 пайыздан аспасын деп нақты нұсқау берген. Ал мұндай жағдай тек Қарағандыда ғана орын алып отырған жоқ. Мен мұндай белгiлер бойынша қойылатын мұндай «пайыздық нормалардың» қандай түрiне болса да қарсымын. Өйткенi ол қаншалықты дәлел келтiргенiмен де дұрыс бола алмайды...».
Жiгiтшiлiк дәурендi, қыз ауылына бұрын баратын дариға-дәурендi от пен оқтың ортасында өткiзiп, жиырмадан ендi асқан жасында полк командирi болған Зимановтың бұлайша сөйлеуi ешкiмдi де таңғалдырмаса керек. Алайда Зимановқа осы сөздi айтқызып тұрған артықшылығы өмiрiнде бiреудiң алдында жағымпазданып көрмегенiнен болар. Болмашы нәрсеге, қызметке, мансапқа құл болып, ғазиз басын кiшiрейтiп, төменшiктемегенiнен де болар. Сол жолы үндемей қалғанда бiр халықтың тарихқа кететiн есесiн есептеп көрiңiзшi. Ер туғызған ел екенбiз ғой бiз деген.
Сұлу тiл, шешен сөз кiсiнi нұрландырып жiбередi. Алла тағала Зимановқа да осындай дарын дарытты. Ол сөйлеп бiр кеткенде өлең жазбайтын ақын, жазбайтын жазушы дерсiң. Бiрде қазақтың үлкен азаматының бiр тойында Сәкеңе сөз берiлдi. Әуелде гуiлдесiп отырған жұрт бiрден тына қалды. Осының өзi-ақ халықтың шексiз құрметiнiң бiр көрiнiсi болса керек. Өйткенi халық оны абыздай көредi және одан үнемi үлкен сөз күтiп үйренген. Шешеннің аты шешен, кез келген тақырыпта тосылмайды екен ғой. Махаббат туралы төгілсін бір. Ол бар болғаны он бес минут сөйледi. Ел азаматтары, оларды қадiрлеу туралы толғанды. Сөйлегенде ауыз емес, жүрек сөйледi. Сол күндерi әлдекiмдерден құқай көрiп жүрген белгiлi азаматтың тағдырын да әлгi той салтанатымен әдемi жымдастырып, «аттан түссең, арғымаққа мiн» дедi.
Бұл академиктiң әр кезде нысанаға дөп тиетiн шешендiк сөзiнiң бiр ұшқыны ғана. Сол ұшқынның өзi от болып лаулауға жетiп жатыр едi.
Академик Төрегелді Шарманов айтпақшы, «Құрметi зор, дәрежесi биiк ғалым күнделiктi өмiрде қарапайым заттарды мiсе тұтып, ғұмыр кештi. Бүгiнгi күннiң тұрғысынан қарағанда киiм киiсi ескi сәнге сай көрiнедi: костюм, пальто, кеңес заманының құлақшыны. Үй жабдығы – түстенетiн және жазу үстелдерiнiң, орындықтардың да сәнi бұрынғыша. Қос академиктiң жалақысына тұрғызылған, еш ерекшелiксiз үй жапсары шағын ғана жерде орналасқан.
Ұзақ уақыт бойы мiнген кеңес заманының көнекөз «Волгасын» таяуда ғана шетелдiк ортақол көлiкке айырбастады. Достарының қонаққа, жиналыстарға апарып салу жайлы лебiзiн қабыл алғанын көрмеппiн».
Соншалықты қарапайым бола тұра, әрбiр сәтiнен аристократтық мiнез жиынтығы да көрiнiс берiп жататын академиктiң тек заңгер ғана емес, өмiрдiң бар құбылыстарын өте терең топшылайтын, адами құндылықтардың шырқау биiгiне әлдеқашан шыққан, абыз деңгейiне көтерiлген кемеңгер екенiн қазақ қоғамы әлдеқашан-ақ мойындаған. Атақты француз философы Дидро: «Мен халқымды бақытты ету үшiн философ болдым», деген екен. Осы ойды кеңейтiп айтсақ, Зиманов болса тек философ, заңгер емес, ұлан-ғайыр бiлiмiмен, қабiлетiмен, қасиетiмен халқының тағдыры сынға түскен талай додадан су төгiлмес жорғадай шығып, халқын бақытты еткен тұлға ғой. Бiзде бiр жаман әдет бар. Кейбiреулер ұстазды тек өз саласынан ғана iздейдi, соны ғана ұстаз тұтады. Менiңше, Зимановтай тұлғаны исi қазақтың бәрi ұстаз тұту керек. Өйткенi онда бәрi бар, бәрiн бiледi. Өйткенi тағы да Төрегелді ағамызға арқа сүйеп айтсақ: «Академик Зиманов – Сәтбаевтың көзi тiрiсiнде ұлт ардақтысы ретiнде бiр қатарға iлiнген сирек жандардың бiрi». Ал Сәтбаевтың сөзiне анықтаманың керегi жоқ.
«Дарияның жанынан құдық қазбайды» дейдi қазақ. Сол даналық дариясынан шөлiн, құмарын қандыру үшiн құдық қазғандар – Сәкеңнiң жүздеген шәкiрттерi болар.
Таяуда Зимановтың талантты шәкіртінің бірі, заң ғылымдарының докторы, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Бұл мақаланың жазылуына да сол сауал себепкер болды. Үкіметтің мерейтойлар күнтізбесінде келесі жылы ақпанда 100 жасқа толатын Зимановтың аты-жөні көзге түспепті. Мұхтар мырза депутаттық сауалында осы мәселеге назар аудартып, академик туралы жан-жақты айтып беріпті. «Адами құндылықтардың аса биік көрсеткіші» Зимановты атаусыз қалдырып, жер басып жүруге хақымыз жоқ.
* * *
Ол келедi деген жерге елден бұрын барып отыруға, Сәтбаевтың қолын алған мүбәрак қолын алуға ұмтылатынбыз.
Ол келе жатқанда сол ортаға даналық қоса кiрiп келе жатқандай күй кешетінбiз.
Қали СӘРСЕНБАЙ