26 Қараша, 2013

Мұңы да, қуанышы да ортақ

330 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарабалық кентіндегі мәде­ниет сарайы көрермендерге лық толды. Елдің аузынан түспейтін «жұлдыздар» өнерін тамашалайтындай, концертке үлкен-кіші қалмай келіпті. Бұл аудан орталығындағы Көркем Айтбаева басқаратын №1 орта мектептің педагогикалық ұжымы, оқушылар және ата-аналар бірлесіп қоятын қайырымдылық концерті болатын.

Қарабалық кентіндегі мәде­ниет сарайы көрермендерге лық толды. Елдің аузынан түспейтін «жұлдыздар» өнерін тамашалайтындай, концертке үлкен-кіші қалмай келіпті. Бұл аудан орталығындағы Көркем Айтбаева басқаратын №1 орта мектептің педагогикалық ұжымы, оқушылар және ата-аналар бірлесіп қоятын қайырымдылық концерті болатын.

700 билет сатылған, оның сыртында мәдениет сарайының кіре берісіне қойылған қайырымдылық жәшігіне жұртшылық қолда барын тастап жатыр. Ең бастысы, қайырымдылық шарасы десе, аудан орталығынан бастап, алыс, шалғайдағы ауылдар тұрғындарына дейін тиын-тебенін аямайды. Осының барлығы да аудан көлеміндегі тумай жатып, тағдыр тәлкегін көрген, аурудың азабын шеккен бүлдіршін балалар үшін еді. Бір концерттің өзінен қорға 150 мың теңге түсті.

Осыдан төрт жыл бұрын аудандық «Айна» газетінің редакторы, облысқа белгілі журналист, Қазақстанның құрметті журналисі Мария Сапарова «Мейірімділік пен үміт» қайырымдылық қорын құрған болатын. Сан ұлттың өкілінен тұратын аудан тұрғындары қорды бірден қолдады. Газет бетінде үнқосулар көбейді.

– Ауданда науқасы ауыр, мүгедек 68 бала бар. Олардың тағдыры тек ата-анасының ғана емес, бүкіл аудан тұрғындарының жүрегін ауыртатынына ылғи көзім жетіп келеді. Біз ауру бала туралы мақала жариялаған күннен бастап көмегін ұсынған хаттар көбейді, телефон шалып хабарласатындар қаншама! Осындай қайырымдылық істе адамдардың ешқандай ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтініне мен іштей шүкіршілік етемін. Тонның ішкі бауындай адамдар бұрынғыдан да достасып, жұдырықтай бірігіп кеткендей болады, – дейді Мария Әбутәліпқызы.

Төрт жылдың ішінде қор бірнеше баланың Астанаға, Ресейге барып, ем алып келуіне көмектесті. Он екі жасар Ақжан Нұриеваның жүрегі іштен ақау болып туған. Оған бір емес, бірнеше рет операция жасалуы керек. Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында оған алғашқы операция жасалғанда, қарабалықтықтар 120 мың теңге жинап берді.

– Әр баланың ауыр халін естігенде кейде түнгі ұйқым бұзылады. Бәріміз де баланың, немеренің бетіне қарап отырмыз. Ақжанның жүрегіне операция жасауға Астанаға баратын кезде немеремді ертіп алып, қорға 1 мың теңге әкеліп тапсырдым. Әңгіме берген ақшаңның аз-көптігінде де емес шығар, бала тәуір болып келсін деген тілектестігімді білдіріп, ырымдап әкеліп бердім, – дейді Қарабалық кентінің тұрғыны Юлия Фоменко. Бір Юлия Ярославовна емес, аудандағы әр отбасы, әр адам ауру балалар емделуге аттанған сайын, аз-көптігіне қарамай, қолға түскендерін өздері осылай әкеліп беріп жатады.

Жүрек ақауынан зардап шегетін 8 жасар Настя Спенакиді кардиологиялық клиникаға жіберу үшін ол тұратын шағын Святослав ауылының тұрғындары, «Қарабалық» ғылыми-тәжірибе шаруашылығының жұмысшылары 80 мың теңге жинап берді. Алты жасар Женя Цыгановтың тағдырына жазған муковисцидоз ауруы, дәрігерлердің айтуынша, өте сирек кездеседі екен. Бала оның ауыр түрінен зардап шегеді. Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барып ем алуы үшін оған қордан 100 мың теңге көмек берілді. Ал 11 жасар Настя Андриянецтің ауруы жүрек ақауының бір түрі – тетра-фалло деп аталады, яғни жүрегі оң жағына орналасқан. Оның үстіне қыз баланы тек жалғыз әжесі ғана тәрбиелейді. Ауданның бір түкпіріндегі Станционный ауылында тұрады. Жақында ол да жүрегіне операция жасату үшін Астана қаласына жүргелі отыр. Настяға арнап ауылдастарының, сол жердегі шаруашылық ұжымының, қарапайым адам­дардың тиындап жинаған қаржы­сы 150 мың теңге болды.

– Сайболат Нүкеев деген кісі Настяға арнап 10 мың теңге әкеліп берді. «Мына баланың жағдайын естіген соң қарап отыра алмадым. Бір кемпірге ауру баланы бағу қалай қиын десеңші. Аман-есен тәуір болып келіп, әжесін қуантсын», деген тілегін де айтып кетті, – дейді қор төрайымы Мария Әбутәліпқызы. Қайырымдылық акцияларынан аудандағы Маиль Тороян, Аманжол Елубаев, Ольга Келлер, Павел Чалых, Владимир Пугачев секілді белгілі кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары да қалыспайды. Жаңа жыл мен балалар күні мерекесінде «Мейірімділік пен үміт сәулесі» қайырымдылық қоры аудандағы мүгедек балаларға сыйлықтар таратады. Сондай кездерде аудан тұрғындары ақшасын ақшалай, тәттісін, киім-кешегін үйіп тастайды.

Аурудың шеңгеліндегі әр бала – қара­ба­лық­тықтардың ортақ мұңы, олар операциядан аман қалып, тәуір болып келсе, ортақ қуанышы. Қазір Қарабалықтағы әр кісіден осы аудандағы ауру баланы сұрасаң, атын айтып беруге даяр. Өйткені, олардың барлығы да осы балалардың емделуі үшін өтетін қайырымдылық акциясын құр жібермей қатысқан болатын. Бірлік бар жерде – қайырымдылық бар. Достық мейірім мен адам­гершілік бар жерде салтанат құрады. Бұл – қара­балықтықтар үшін дәлелдеуді, артық айтуды қажет етпейтін түсінік, күндегі қалыптасқан тіршілік.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы.

Соңғы жаңалықтар