Қоғам • 12 Қараша, 2020

Тұрмыстық қылмыс азаймай тұр

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық Полиция департаменті «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жыл басынан бері елордада тұрмыстық қылмыс үшін 900 адам жауапқа тартылған.

Тұрмыстық қылмыс азаймай тұр

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау бөлім­шесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова «Жыл басынан бері қыл­мыстардың тіркелу саны 37,1 пайызға төмендегенін байқадық. Іс жүзінде қылмыстың барлық түрі азайған. Профилактикалық жұ­мысты күшейту нәтижесінде, қоғамдық орындардағы қылмыс – 53,9 пайызға, көшелерде – 53,7 пайызға, мас күйінде қылмыс жасау – 37,7 пайызға төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққанда, қылмыс деңгейі 40,2% азайған. Алайда жасалған барлық шараларға қара­мастан, отбасылық-тұрмыстық қыл­мыс­тар 4 пайызға артып отыр», деді ол.

Гүлмира Шрахметованың ай­туынша, көп жағдайда әйел­дер тән жарақаты бойынша по­ли­цияға жүгінеді. «Пандемия жағ­дайында халықтың өмір сал­ты түбегейлі өзгерді, әлеу­меттік қарым-қатынас азайып, ма­териалдық жағдайдың на­шар­лауы адамдардың психо­ло­­гиялық жағдайына теріс әсер етті. Ішімдік ішу салдары­нан от­басылық шиеленістер туындады. Біз есепке алынған адам­дар­мен – маскүнемдер (1 009 адам), нашақорлар (370 адам), отбасылық жанжал шығару­шылармен (5 917 адам) профилактиканы күшейт­тік. Алкоголь мен есірткіге тәуел­діліктен мәж­­бүрлеп емдеу жұмыс­тарын жал­ғас­тырудамыз», деп түсіндір­ді департамент өкілі.

Департамент мәліметіне сәй­кес, тұрмыстық қылмыс үшін 920 адам жауапқа тартылған. «Жәбір көргендерді қорғау үшін 5 917 нұсқама шығарылды. 260 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Қорғау талаптарын бұзғаны үшін 147 адам жазаланды», дейді Г.Шрахметова.

«Қорғау Астана» дағдарыс орталығының басшысы Анна Рыль дағдарыс орталығына жү­гінушілер санының да артқа­нын хабарлады. Оның айтуынша, пандемия отбасылардағы жағдайды күрделендіре түскен.

Баспасөз мәслихатында ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу тәртібі, жанжал болған отбасылармен жұмыс істеу не­гіз­дері түсіндірілді. Сонымен қа­тар балаларға қатысты құқық-бұ­зушылықтар бойынша қазіргі жағдайға талдау жасалды.