Руханият • 12 Қараша, 2020

Ұлылар үндестігі

585 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ән жазу – мехнатты іс. Ал сол жазған әнің жайлы оның тарихын мөлдіретіп жазып шығу, тіпті қиын. Өзгелер жайлы пікір білдіру бір басқа да, өзіңнің еңбегіңе баға беру мүлдем бөлек. Илья Жақановтың шеберлігі – бос мақтанға еріп кетпей, әндерінің жазылу тарихы жайындағы эсселерін нақты дерек пен образ негізінде сөйлете алуы.

Ұлылар үндестігі

Бір ғана «Еділ-Жайық» әнінің шығу тарихына үңілейікші. Еділ мен Жайық... Қазақ елі өбектей сүйген ырысты қос өзеннің көк­тей ағып өтер өлкесінде туып-өскен Жұбан ақынның да, Илья композитордың да ұлы да­рияларға деген іңкәрлігі мен ма­хаб­баты ерекше екендігі даусыз. Ал ондай шексіз махаббат жаман ән тудырмаса керек-ті. Алайда қаламнан төгіліп түсер әр сөзге, оның ішінде өзі жан-жүрегімен жазған ән сөзіне терең талап-талғаммен қарайтын эстет эссеист осы бір әнге сөз жазуға келгенде алапат сезімді ақынды біраз азапқа салып қинаған да жайы бар.

– Ертеңінде Жұбанның үйіне тағы келдім. Жұбан әдетте­гісіндей залда қарсы алды. Үстінде ақ­сарғыш көйлек, көк джинси шор­тикпен отыр. Орнынан түре­гел­генде Шәкен Айманов ойнайтын Петруччиодай сондай сәулетті көрінді. Қандай сұлу келбет! Ірі тұлға! Кесек бітім!

– Дачадан келген бетім, Илья... тағы бір түрі... міне, оқышы... не әндетіп айт, – деп Жұбан маған екі бет қағазды ұстата берді.

Бір бетте бір шумақ. Ойдақтата жазыпты. Екі бет қағаз екі қо­лымда. Көзім көреді, көрмейді. Мәңгіріп тұрмын. Жұбан:

– Қалай? – деді тесіле қарап.

Мен басымды шайқадым. Жұбан менің қолымдағы екі бет қағазды жұлып алды да, оны ортасынан қақ айырып, умаждап:

– Сенің... сенің бұл әніңе жі­берген уақытым... мен... мен... екі поэма жазып тастайтын едім. Саған... Илья, ешуақытта өлең жақпайды. Болды. Жетеді әурең! – деп шарт ете қалды.

Не деуге болады? Үнсіз тындым. Сол сәтте... залдың есігі ашы­­­лыңқырап тұр екен, Софья жеңгей өзінің сынық, биязы қал­пымен:

– Жұбаға, Илья шай ішсін де! – деді

 – Е, ішсе ішсін! – деп Жұбан гүрс ете түсті. Шай үстінде Жұбан екеуміз дүрдиісіп, іштей арбасып, тіл қатысқан жоқпыз. Бір-ақ кесе шай іштім. Софья жеңгей көзінің астымен маған қиылып, аяй қарайды. Жұбан сіресіп, сыртын берер емес. Мен үйден шығарда орнынан қозғалған да жоқ.

Жолда трамваймен изеңдеп бір сағатта он бірінші шағын аудандағы үйіме жеттім. Үйге кіре бергенім сол еді, телефон шыл­дырлады:

– Алло... алло... бұл... бұл Ильяның үйі ме? – дейді бір тұтыққан дауыс.

– Иә... иә... – деймін.

– Мен Жұбан... ә, сен Ильясың ба? Амансың ба?

– Үйіңізде жаңа ғана болып едім ғой, Жұбаға, – дедім еріксіз жымиып, – айта беріңіз... құлағым сізде, Жұбаға...

– Мен жаңа сен кеткен соң... тағы бір нұсқасын жаздым. Тыңда.

Бағанағы шатақтан жүрегім ұйып тұрып:

– Оқыңыз, – дедім тұнжырай түйіліп.

Құлпырады дала,

гүлдейді орман,

Емізеді егіз Еділ мен Жайық.

Ақ шағала айдын,

ақталған арман,

Тербеледі кеме,

ойнайды қайық.

А-а-а, ағады шалқып,

Аққулары қалқып,

Еділ мен Жайық!

Атақты «Еділ-Жайық» әні осылай өмірге келіп еді.