16 Сәуір, 2010

ҒАББАС ПЕН ШУРА

797 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Осы әңгімені алғаш естігенде әлдебір өкініш аш өзегімізді өртегендей күйге түсіп, қатты тебіренгеніміз бар. Әңгіменің ұзын-ырғасын алдымен Мұхтар Құл-Мұхаммед айтып беріп еді. “Жазып жүрген жаңа циклыңызға қатып тұр, осыны қолға алсаңыз”, деп ұсыныс жасаған. Соңынан бұл баянның бас кейіпкерінің үзік-үзік естеліктері мен жазбаларын оқудың да жөні түсті. Сөйтіп, осы оқиға арқылы әйел затының көк аспандай тұңғиық жеке әлем екеніне біз тағы бір көз жеткізгендей болғанбыз. Қыл пернеден де нәзік әйел жанының жұмбақтығына қайран болып, лажсыз оны тағы да мойындауға тура келген. Біз, еркек ағайын, енеден енді екі туып келсек те бұл сиқырды мәңгі түсінбей өтетінімізді мықтап ұққанбыз. Алдымен, кейіпкерлердің аттарын өзгертіп, судай сапырып қиялға біраз ерік берейікші деп те ойладық. Артынша бұл ойдан айнып, аттарын да, заттарын да естіп-білген сол қалпында қалдырғанды жөн санадық. Өзгертіп жазсақ өтірік шы­ға­тын­дай, әрі ол кісілердің ар-ұятына қамшы басып, обалына қалардай сезіндік. Қысқасы, адалынан ғұмыр кешкен адамдардың аруағы алдында күнәһар болғымыз келмеді. Оның үстіне бұл әңгімеге бірдеңе деп ойдан қосудың қажеті де шамалы еді. Бәрі де тайға таңба басқандай айқын, өмірдің өзінен ойып алынған айдай шындық-ты. Сол себепті де, қымбатты оқырман, естіген әңгімемізді шашау шығармай, қаз-қалпында сіздермен бөліскіміз келді. Бірінші желі Олар бір әке-шешеден екеу еді, ағасы Қалихан мен өзі – Гүлжан. Ағасымен аралары он жас-ты. Гүлжан әке-шешесі мен жалғыз ағасының орта­сында тұлымшағы желбіреп, балалықтың уайымсыз қызы­ғына балдай батып жүріп жат­ты. Бұл оның, қазақ айтатын, ақ жұмыртқа, сары уыз алаң­сыз шағы болатын. Соғыс де­ген суық сөз, көпке келген селе­бе, бел қайыстырған ауыр жылдар пәруейіне де кірмейді, оның не екенін ұғып жатқан Гүлжан жоқ. Бірақ, жылаған бала, боздаған ана, күңірене күрсінген кемпір-шалды сәби Гүлжан да ауыл арасында жиі көріп жүретін. Бұлар төбетайлы тепсеңге салынған еңселі үш бөлмелі үй­де тұрып жатты. Әкесі Қа­лиасқар соғысқа дейін көп жыл қара табан шахтер болған кісі еді, содан өкпесі қабынып, көк­сау боп қалған-ды. Құдай­дың тегін ауасын армансыз бір жұта алмай тұншығып, ылғи да көгеріп-саза­рып күркілдеп жүргені. Соғысқа жарамай ақ белетпен қалған. Қорада бірер малы бар, ала көбең шаруасын күйттеп жүріп жатты. Көксау болса да ол кісі ағаштан өрнек салып, темірден түйін түйген шебер еді. Көңіліне медет, арқа сүйер қуаты – азамат болған жалғыз ұлы Қалихан. Үйге кіре берісте қос терезелі ұзынша се­нек. Сенектің дәл ортасында тербетіліп Гүл­жан­ның әткеншегі ілулі тұр. Әткеншек­тің қызыл-ала жібі қыз бұрымындай өрілген әсем, отыратын тақтайшасында зытып бара жатқан қоянның бедерлі суреті. Сенектен өткен бетте – ас үй, ас үйден екі жаққа екі бөлме тарайды. Олар жатын бөлмелер. Жатын бөлменің алғашқысында әлеміш оюлармен нақышталған екі бірдей ағаш төсек тұр. Төр жақтағысы – шешесі мен Гүлжандікі, бергісінде әкесімен Қалихан жатады. Екінші бөлме – Ғаббас ағайдың бөлмесі. Ол жерде жүгі сіресіп жиналған, үстін ақпен жауып қойған тағы екі төсек тұр. Анау бөлмедегі ағаш төсектердей жалпақ емес, ықшам, орыстың жалтыраған темір кереуеттері. Бұл бөлменің есігі көбінде жабық тұрады. Ғаббас – әкесі Қалиасқардың інісі, араға бала түспеген жалғыз туысы. Ол кісі соғыс бас­талған жылғы қыста майданға кетіпті. Қырық үштің жазына дейін аман-саулығын білдіріп, ағайын-туғанға үшбу сәлем жолдаған бірер хат келген көрінеді. Содан кейін хабар-ошар жоқ ұшты-күйлі жоғалған. Сол жылдың күзінде Ғаббастан “ерлікпен қаза тапты” деген “қара қағаз” келеді. Қызық болғанда, қырық төрттің жазында дәл осындай тағы бір “қара қағаз” келіпті... Яғни, Ғаббас ағасы екі рет ерлік жасап, араға жыл салып екі мәрте қаза тапқан. – Сонда қалай, ағай екі рет өлген бе? – деп ересек Қалиханның да түсінбестік танытқаны бар. – Жоқ, балам, ағаң тірі, жүрегім бірдеңе сезеді! Бұлай деген Сағила шешесі. “Қара қағаз” алғаш келгенде көңіл айтып азалаған ағайынды Сағила басына қара салып жоқтау айтып қарсы алып еді. Екінші жолы бозінгендей боздаған қалың әйелді бір-ақ сөзбен ауыздарын жапты да, жамандықты қолымен аластап, қайтарып жіберді. Кейін де Ғаббас жайында сөз бола қалса: – Қайным тірі, бұлары несі-ей! Адам екі рет өлуші ме еді? Өтірік... сенбеймін! – деп шам шақырғандай болып жүрді. Сөйтіп, Сағила шешей Ғаббастың төсегін тап-тұйнақтай етіп жинап, есік-терезесін айнадай ғып жуып, еденге алаша төсетіп, бөлмесін жаптырып қойған. Содан бері Гүлжанға Ғаббас ағасы алыста аюдай үлкен, үсті-басы шуда-шуда жүн, әлдебір айбынды жаумен жалғыз өзі алысып жүргендей елестейтін. Айбынды жау ағасын екі рет өлтірген екен, бірақ екі ретінде де күш-қуаты мығым, алапаты басым ағасы бой бермей, дүр сілкініп қайта тіріліп кетіпті. Сондықтан ол кісі, Гүлжанның болжауынша, жауды біржола жеңген соң ғана ауылға қайтуы тиіс. Гүлжан батыр ағасын балалар арасында ашықтан-ашық мақтан тұтатын, қашан келер екен деп іштей арман етіп жүретін. Барына шүкір, жоғына сабыр еткен алаңы көп заман ғой. Құдайдан сұрағаны ақ, тілегі түзу, ниеті таза бұл шаңырақ біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өстіп жұрт қатарлы өмір сүріп жатты. Гүлжан алтыға толғанда жер-дүниені тітірентіп өткен соғыс та біткен. Қасірет­пен қан құстырған қаралы жылдар, жылау күндер мен бұлау түндер артта қалғандай еді. Көтерем ел есін жинап, етегін түрініп, жан шақыра бастады. Түтіндерін түзеп, үміттерін жалғап, бейбіт тірліктің қаре­кетіне кірісті. Зәрулікпен соғыстан соңғы жаз өтті, қуанышы мен қайғысы қатар тайталасқан тағы бір қыс аяқталды. Сүзек­тей созылып қырық алтыншы жылдың көкөзек көктемі де келіп жетті. Балалық шағы тайраңдаған ботадай бейкүнә еді. Талтүс болғанша тырп етпес­тен ұйқы соға­ды. Содан көзін тырнап ашқаннан қас қа­райып, көз байланғанша үйге жоламайды, безек қағып далада секеңдеп жүргені. Сол әдетімен бірде су ішпекке апыл-ғұпыл жүгіріп үйге кірген. Көк­темнің шағырмақ шуа­ғы қайтың­қырап, күн ұясына еңкейген ақ пен қызыл арасы еді. Кірсе – табалдырықта бұрын бұл ауылдан көрмеген, өзі жалаңаяқ, жалаңбас бір бөтен әйел тұр. Жаман түйенің жабуындай киімі де алба-жұлба, өзінің кірген беті де осы болса керек. Арсалаңдап жеткен Гүл­жан бейсауат жанды көріп, абдырап тұрып қалды. – Қалиасқардың үйі осы ма? – деді келген әйел үй ішін көзбен шолып. Дау­сы ентігіп тұр, еркектің үнін­дей тарғылданып шықты. Шешесі бір бұрышта бүкшеңдеп кір жуып жатыр екен, сусып түсіп кеткен орамалын басына жапты да, әйелге мойын бұрды. – Иә, осы! – деді таңданған пішінмен. – Осы болса, сүйінші! – деді бөтен әйел әлі де ентігін баса алмай. Солай деді де, Сағила­ның басындағы ора­ма­лын сыпырып алып, өзінің мой­ны­на орай салды. Сағила кібіртіктеп, кірін тастай бере орнынан тұрып кетті. – Сүйінші, сүйінші! – деп бөтен әйел шаншыла түсті. – Қалағаныңызды алыңыз... Дегбірді қашыр­май, тез айтсаңызшы енді? – Айтсам сол... Мен Жаң­ғызтөбеден келіп тұр­мын. Байқаймын, жасымыз қарайлас сияқ­ты... Менің атым Қазинеш. Вокзалда тех­ничка болып істеуші едім. Сіздің қайныңызды көрдім... – Үйбу-у... не дейді... Көз­жақсымды айтып тұрсыз ба? – Көзжақсыңның кім екенін мен қайдан білейін. Мен Ғаббасты айтып тұр­мын. – Шын сөзіңіз бе? – Шын болмағанда, отыз шақырым­нан несіне жүгіріп келді дейсің! – Көзжақсымды таниды екенсіз ғой? – Соғысқа дейін талай көргем. Жазбай таныдым, шүбәңіз болмасын... Бұл арада менде жаңылыс болған жоқ! Бұл хабарды естігенде Сағила есінен айры­лып қала жаздады, көзінен бірер тамшы ыстық жас шығып кетті. Екі қолын қоярға жер тап­пай, асып-састы, тіпті үні де құбылып шықты. – Асыл қайным еді... Қалиасқардың соңы­нан ерген жалғызы еді... Тірі екенін сезіп едім... – Құрбым, зар-запыраныңды сосын төге жатарсың, мен асығыспын. Сағила жанары жасаурап, айтар сөзі ернінде бөгеліп, еңкейіп Гүлжанды маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. Сосын: – Оразбай ағаң үйде шығар, шақырып кел, марқаны сойып берсін! – деді. Қуанышты хабардан Гүлжанның да көңілі судай тасып, зуылдап көрші үйге барды. – Марқа сою керек! – деді кірген бетте. – Оны қайтпексіңдер? – Ғаббас аға келе жатыр! – Қай Ғаббас.. Үйбәй, әлгі “өліп қалды” дейтін баяғы Ғаббас па? – Иә, солай... – Не дейт! – Иә, солай... Сол-ақ екен, Оразбайдың үйіндегі үлкен-кі­шінің бәрі өре көтеріліп, Қалиасқардыкіне шұ­бырды. Хабарды естіп, басқа көршілер де жина­лып жатыр. Аздан соң үйдің іші-сырты ақ жау­лық­ты әйелге, кемпір-кепшікке толып кетті. Бала-шаға да шу-шу етісіп, олар да аяққа оратылып жүр. Денсаулығына байланысты жеңіл жұмыс деп, әкейді колхоздың дабылшысы етіп қойған. Қалихан атқа міне шапқы­лап, ауылдың арғы шетінде жүрген әкесін шақыруға кетті. Оразай ағай ілездің арасында марқаны жіліктеп сойып, жайратып тастады. Сағила сойылған марқаны бас-сирағымен, ішек-қарнымен қоса қоржынға нығарлай салып, Қазинешке арқалатып жіберді. Қап-қара түн түндігін жамылған меңіреу далаға сіңіп жоғалғанша жиналғандар Қази­неш­тің соңынан қарап тұрды да қойды. Бұл шаңы­раққа көптен күткен жақсылық хабарды екі өкпе­сін қолына алып, асығып-апты­ғып жеткен бейтаныс әйелге ағайын­ның айтар рахметі шексіз еді. Қалиасқар мен көр­ші Оразбайдың үйін­де түні бойы ұй­қы болған жоқ, қазан көтеріп, от жағып, екі үй де абыр-сабыр күй­ге түсті. Оқыс ха­бар ағайын-ажынның дегбірін қашырып, дертті етіп кеткендей еді. Ересек Қалихан да ерте тұрып, күн шықпай Гүлжанды оятып жіберді. Әкей ат-арбаны жегіп, таң жаршысы тауық шақырғаннан Ғаббас інісін алып келуге станция жаққа кетіп қалыпты. Күн көтеріле “Ғаб­­бастар көрінді” деген зарыға күткен хабар да жетті-ау! Онсыз да түн ұй­қысын төрт бөліп ты­қыр­шыған ағайын сыл­тау таппай, азар отыр екен. Сәттің ара­сында ауыл сыр­тында­ғы күре жолдың бойы қарақұрым халыққа толып кетті. Соғыс біткелі жыл­дың жүзі өтсе де, мұн­­дай уақиға бұл ауылда көптен кез­дес­кен жоқ-ты. Ғаббастың әлдеқашан өліп қалғанына Сағи­ладан басқа осы ауыл­дың бәрі баяғыда-ақ иланған болатын. Енді мінеки, екі рет өл­ді деген сол кісіңіз ғайып­тан тірілгендей еліне аман-есен келе жатыр деседі... Ал керек бол­са! Адам сенгісіз әңгі­ме емес пе! Олай болса, әркім осы хабардың шын-өтірігін өз көздерімен көруге асыққан еді. Не заматта бергі­дегі бүк түскен бұл­ғыр жотаның бау­райы­нан қараң етіп арба да көрініс берді. Төбе басында жиналған үркін ел үдере қозғалып арбаға қарай жылжыды. Қақ­шаң­даған шал, кемсеңдеген кемпір, бал­дақ сүйенген, таяқ тіреген ақсақ-тоқсақ­тар. Олардың соңын ала қара жамылған, ала жамылған бір қора келіншек, қыз-қырқын. Әйтеуір іркес-тіркес шұбырған аламан жұрт. Бала-шаға құйындай ұшып, қиқуласа шаңдатып алға кеткен. Ауылдың жалбағай иттері де шәуілдей үріп, жол жиегінде ойқастап беталды шапқыласып жүр. Көңілі алып ұшқан Гүлжан да балалармен бірге біраз жерге дейін қабаттаса жүгірген. Сосын ағасы болғанымен бұрын көрмеген кісісі екені есіне түсіп, біртүрлі тайсалыңқырап тұрып қалды. Көпшілікпен бірге соңында келе жатқан шешесін күтті. Үлкендер жағы келесі бір тепсеңге шыға бере үйіріле тоқтаған. Майдангер азаматты осы арадан қарсы алмақ ойда секілді. Шешесінің қасында көзі бақырайып, еліктей елеңдеген Гүлжанды арба жақындай бере көп әйелдің біреуі: – Әй, еркем, бұл арада сен неғып тұрсың? Жүгір ағаңа... Бірінші болып сен құшақта! – деп жеңінен тартып қалды. – Сөйте ғой, күнім... Жүгір ағаңа! – деп шешесі де жайымен арқасынан итеріп жіберді. Сол-ақ екен, Гүл­жан қанат біткен­дей көңілі тасып, арба­ға қарай құстай ұшты. Жеткен бойда тыпың­дап арбаның қамсаулы қанатына жармасты. – Балам, байқа, арбаның астына түсіп қалма! – деп әкесі тізгін тежеп жатыр. Сол сәтте әлдебір қуатты қол Гүлжанды қолтығынан көтеріп алды да, өзінің алдына топ еткізіп жатқыза салды. Өзін лып еткізіп көтеріп алған қарулы қол бөтен емес, Ғаббас ағасы екенін іштей сезді. Ағасы еркелетіп жатыр, аялап шашынан сипады, еңкейіп маңдайынан иіскеді, еміреніп бетінен сүйді. Көп жыл күткен, екі рет өлді деп “қара қағаз” алған жан ағасы осы! Гүлжан­ның кішкентай жүрегі майдай елжіреп, қос тамшы ыстық жас жанарын­да іркіліп қалды. Еңіреп тұрып жылағысы келді, бірақ жылаған жоқ. Кішкентай қолымен ағасының белі­нен құшақтады да, сарыала гимнас­тер­касына тұмсығын тығып, иіскеп-иіскеп жіберді. Ағасы үнсіз, қарындасы­ның күн­сі­ген шашын алақа­нымен сипай береді. Ырдуан арба да ырғатылып көпшілік­ке жақындап қалған. Ағасына іштей болса да еркелеп мауқы басылғандай болған соң, Гүлжан шалқалап көзін ашты... Ашқан бойда жылан шағып алғандай шар ете қалды. Шошынғаны соншалық, екі қолымен бас-көз жоқ ағасының кеудесін төпелей бастады. Тура әзірейілдің тырнағына түскендей, құтылуға тырысып, құлындай шырқырады. ...Сақал-мұрты тікірейген, бет-аузы кірпідей, жақ сүйегі шөмиген, өзі шөл­мек­тей арық, өліктей сұп-сұр біреу төбесінен төніп тұр. Ең сұмдығы сол – екі көзі жоқ! Екі көздің орнында дөңгеленген қып-қызыл қотыр жара. Көртышқанның ініндей үңірейген қап-қара қос тесік. Миға қонбайтын, санаға сыймайтын, адамның өңі түгілі түсіне кірмейтін қорқынышты бейне! Үңірейген қос тесік мұның іші-бауырын тесіп жіберердей, тірідей жұтып қоярдай, түпсіз тұңғиығына суырып тартып бара жатқандай көрініп кетті... Қолды-аяққа тұрмай шыр-шыр еткен Гүлжанды ағасы көтеріп, бірдеңе деді де, қасындағы әйелдің алдына аудара салды. Гүлжан дір-дір етеді, денесі безгек тигендей бір ысып, бір суыды. Бүктетіле бүрісіп, шашы­ның түбіне дейін шымырлап, тілін тістеп алды. Пана іздеп әйелдің құшағына тығыла түсті. Әйел де аймалап бауырына тартып, бұрыннан танитын жандай бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр. Іштей мақтан тұтып, қиялында әлдилеп жүрген асыл ағасын, жауды жеңіп қайтқан күшті батырдың бейнесін жаңағы елес бір-ақ сәтте тас-талқан еткендей болды. Енді бір мезетте мұны құшақтап отырған әйел де бірдеңе деп сөйлеп қоймасы бар ма! Сөзі бөтен, мақамы бөлек тілде шүлдірлеп жатыр. Жаңағы дөкір тажалдың не екенін түсінбей, онсыз да жанын қоярға жер таппай жатырқаған Гүлжан әнтек селк ете түсті. Жарқ еткізіп жалма-жан көзін ашып жіберді. Масқара, тас төбесінде шаншудай қадалып өмірі көрмеген көз тұр. Көз болғанда – тұздай көкпеңбек, баданадай үп-үлкен. Өзінің бет-жүзі аруақтай аппақ, шашы сайтан­дай сап-сары. Гүлжан тағы баж ете түсті. Баж етіп шиыршық ата бұл­қына қашты. Екі аунап барып ар­баның қанатынан аса құлады. Жерге бұрқ ете түскенде арбаның артқы дөңгелегі дәл тұмсығының қасынан шиқылдап өте шықты. Гүлжанның арбадан құлап қалғанын көріп тұрған қалың жұрт азан-қазан шуласып жатыр. – Ойбай, бала өлді емес пе! – Арба басып кетпесе неғылсын! – Жоқ, аман секілді... Шешесі топ ішінен бөлініп, шәлісін желбіретіп жанұшыра жүгіріп келеді екен. Үсті-басы шаң, шашы ду­дырап, бетін айғыз-айғыз жас жуған Гүлжан өкіре жылап, ол да шешесіне қарай ұмтылды. * * * Бала Гүлжан осы уақиға­ның мән-жайын кейінірек, есейген кезде бір-ақ білген болатын. Ағасы қырық екінің жа­зын­да қатты жараланып, жау тылында қалып қойып­ты. Есі бірде бар, бірде жоқ, орман ішінде қу жа­нын сүйретіп келе жатқан­да мұны партизан отряды­ның Шура деген байланыс­шы қызы кезіктіреді. Жарақаты жазылып, сауы­ғып тұрған соң барар жер, басар тауы жоқ Ғаббас партизандар арасында қала береді. Үлкен жермен байланыс қиын, хабарсыз кеткен Ғаббастан алғашқы “қара қағаздың” келу сыры осы екен. Орыс тіліне жүйрік, соғысқа дейін техникумда оқығаны бар Ғаббас жұқал­таң шілтік болса да зейінді, алғыр, арада көп ұзамай взвод командирі боп тағайын­далады. Анау жолы өзін өлімнен арашалап қал­ған он тоғыздағы киіктің асығындай сүйкімді Шура қызбен жұбы жазылмай бірге жүреді. Соғыстан аман-есен оралар болса, Қазақстанға бірге барып, отау құрып үйленіп, өмірлерін бірге өткізбек болып серттеседі. Күндер заулап, айлар жылжып өтіп жатады. Бірде партизандар темір жолды мина­лай­ды. Бірақ түтінін будақтатып, қышқырып-пысқы­рып жаудың эшелоны жақындай бергенде, мина жарылмай қала­ды. Қопарғыштың тетігін қалай бұраса да былқ етпейді. Бұл деген адам­ның миы теріс айналып, сәттің арасында шашы ағарып кететін қиын жағдай еді. Ондайда ойланып жатар уақыт қайда, Ғаббас жатқан жерінен атып тұрып, сымның бойымен темір жолға қарай ұмтылады. Соны күтіп тұрғандай, Ғаббас темір жолға жақындай берген мезетте мина бұрқ етіп жарылып кетеді. Үсті-басында сау-тамтық жер жоқ, Ғаббас өлімші боп жараланады. Содан өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ, екі дүниенің ара­сын­да жыл жарым уақыт емделеді. Соғыс біт­кен соң да Ғаббас госпитальде ұзақ жатыпты. Сөйтіп, қырық алтының көктемінде ғана қалқиып госпитальден аман-есен шыққан екен. Аман-есен шыққанымен не шара, минаның жарықшағы қос жанарын бірдей ағызып түсі­ріпті. Жылт еткен сәуле жоқ, қылаудай саңылау жоқ – Ғаббас су қараңғы соқыр боп қалады. Бұл қу тағдыр дегенге шара бар ма! Әйтеуір, қасынан Шура кетпепті. Баяғы уәдесінде тұрып, қалған ғұмыры біреуге кіріп­тар болып қалған, өзі ақ­сөңке­дей арық, уайым жеп солған Ғаббас­ты госпитальден шыққан бойда үйіне кіргізіп алады. Біраз әл бітіп, өңі түзеліп, жөнге келді-ау деген кезде екеуі қол­тықтасып, Қазақстанға қарай тартып кетеді. Бар жағдай осы екен. Осылайша Ғаббас ағасын қарсы алған сәт бала Гүлжанның есінде ғұмыр бойы жатталып қалған. Қарғыс атқыр соғыс дегеннің бейнесі қандай болатынын алты жасында-ақ көріп-сезінді ғой бұл Гүлжан! Екінші желі Соғыс десе қазір де Гүлжанның көз алдына қатар қазған көртышқанның ініндей үңірейген Ғаббас ағасының қап-қара екі көзі елестей қалады. Құдай сақтасын, адамның қос жанары жоқ деген ұғым әлі күнге миына сыймай-ақ қойды. Бәрі де сұм соғыстың қасіреті ғой. Қай­ра­­ның жоқ, көкірегің қарс айрылып, құр күрсінесің де қоясың. Жүрегіңді әлде­бір ала мысық тырнаптырнап жібер­гендей өзекті ашытқан өкініш көңілден кетпейді-ау, кетпейді. Бейнебір тасқа қашал­ған бә­діз­дің ізіндей санадан мәңгілік өшер емес. Гүлжан Қалиасқарқызы бүгінде өсіп-өнген өнегелі шаңырақтың ардақты анасы. Былтырғы жылы дүниеден өткен марқұм Дулат Құрман­ғалиев деген ақынжанды, ақпейіл азаматпен ұзақ жыл отасып, ұрпақ өсіріп, балалы-шағалы болды, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Шүкіршілік, балаларының бәрі де қазір жоғары білімді, түрлі қызметте абыроймен еңбек етісіп жатыр. Гүлжанның өзі секілді өр мінезді, арда өскен алғыр қызы Жанна үлкен бір министр­ліктің басшыларының бірі. Жалғыз ағасы Қа­ли­хан Алтынбаев болса қазақтың қара тілінің шешені, қара сөзінің көсемі атанып, халқының сый-құрметіне бөленіп өтті. Суырып салма өнердің көмейсіз дарасы, ұлттық айтысты қайта түлеткен саңлақтың бірі болды. Қазақстанның халық ақыны атағын иелен­ген ол кісі де бүгінде өмірде жоқ, бұдан біраз жыл бұрын марқұм болған. Ал біздің әңгімеміздің арқауы Ғаббас пен Шура­ның жайы еді ғой. Гүлжан­ды шошытқан әлгі оқиғадан соң, балаларды өйтіп үрей­лендіре береме деді ме, артын­ша Шура күйеуінің көзіне шыны салдыртып берген, сөйтіп Ғаббас қалған ғұмырында қара көзілдірік киіп өтті. Бақан тірес, ит тартыс бұл өмірде олардың да көр­гені көп болды, қиын­дық­тың қысасын, тір­шіліктің тауқы­метін бастарынан біраз өтке­рісті. Әйтеуір, барға мәзір, жоққа әзір жұрт қатар­лы тату-тәтті өмір сүрісті, берекелі ғұмыр кешті. Осы арада бәрін болмаса да, екеуіне қатысты мына бір оқиғаларды айта кеткен­ді жөн санап отырмыз. ...Жұттан шыққан жұрын­дай болған қазақ ауыл­дары қыр­қын­шы жылдардың соңы­на қарай еңсе тіктеп, бой жинап, шаруашылықта­ры­ның тасы өрге домалай бас­таған-ды. Азық-түлікті жырымдап-өлшеп бере­тін “кәртішке жүйесі” жойыл­ған соң, ағайынның бойына қан жүгіріп, енді олар бейбіт тір­лік­тің қам-қарекетіне бекем кіріскен шағы-тын. Ағалы-інілі екеу – Қалиасқар мен Ғаббас бала-шаға­ла­рымен орыс-қазақ болып бір үйде жарасып тұрып жатты. Келген жылдары Шура бір ауыз қазақша білмейді. Ғұмы­ры тірі орысты көрме­ген қарапайым қазақ ауылы емес пе, орысшаға келгенде бұлар да аузын буған өгіздей. “Біздің үйге келін бола­рын білдің, анау жақта соғы­сып жүргенде бір­деңе­ні үй­рет­педің бе?” деп жең­гесі қиналған кезде қайнысын сөзбен түйреген болады. Арада­ғы аудармашы Ғаббастың өзі. Әй­теуір, кіш­кен­тай Гүлжан жең­­гесіне бірдеңе деп ымдап жүріп, біл­генін­ше былдырлап көрсе­тіп жү­ріп, жарты жылдан соң екеуі өздері ғана ұғы­­нықты ыңғайда түсінісетіндей халге жеткен. Бірде Қалиасқар інісіне жеке үй салып бермекші бола­ды. Бала-шаға, көрші-қолаң­ды жинап, алдымен жеткілікті етіп кірпіш құюға кіріседі. Соғыс мүгедегі ретінде Ғаббасқа үй салуға қажет құрылыс мате­риал­дары қоғам есебінен тегін бөлі­­не­ді. Сөйтіп, үй салудың дайын­дығы қауырт басталып кетеді. Үйдің іргетасы құйылып, материалдар дайын болған кезде Ғаббас шулаған бала-шағаны таратып жібереді де, құрылыстың маңына адам жолатпай қояды. – Жетті! – дейді ол. – Сендерге бек рах­мет, ағайын, енді қалғанын мен өзім жасаймын. Ғаббастың бұл сөзіне жұрт аң-таң, қалжыңы ма, шыны ма – ол да белгісіз. – Ойбу, бұл не сөзің, Ғаббасжан-ау? – Қалай жалғыз салмақсың? Асар жасап екі-үш күнде көтере салмаймыз ба? – Жоқ! – дейді Ғаббас айтқанынан қайтпай. – Еркек деген өз үйін өзі салуы тиіс... Балалар балшығын әперіп қолқабыс етсе болады, қалғанын өзім реттеймін. Болысам деген ниеттеріңе рахмет! Ғаббасқа ешкім қарсы сөз айтпайды, шақырылған көпшілік тарқайды, інісінің қайсарлығына басын қайта-қайта шайқап ағасы жөнеледі. Ғаббас болса қабырға үшін арқанды түзу етіп кергізіп тастап, жүріп-тұрар жолын, алып тұрар заттарын белгілетіп алады да, сол күннен бастап қауырт жұмысқа кірісіп кетеді. Бөрене көтеру, белағаш орнату сияқты қосалқы көмектің қажеті керек тұста болмаса, негізінен кірпіштерін қалап, кәсектерін орнатып, бөлмелерін жобалау­ды Ғаббас өзі қолға алады. Бұл жұмысқа әлдебір тың күш-жігермен құлшынып, білек сыбанып кіріседі. Тіпті түскі асты да Шура көбінде құрылыс басына алып келіп жүреді. Үйді ала жаздай, алты ай бойы салады. Шаршауды білмейді, күндіз де, түнде де жұмыс істей береді. – Түнде жұмысқа шықпай-ақ қойсаңшы! Біруақ демалсаң етті? – дегендерге: – Соқыр жанға күні не, түні не? – деп қалжыңға бұрып жібереді екен. Сөйтіп, күзге қарай төрт бөлмелі үйді бітіреді де, ауылдастарын шақырып, ұлан-асыр қоныс тойын жасайды. Қысқа қарай жоғары жақтан “соғыс мүгедектеріне үй берілсін, бұзаулы сиыр берілсін” деген нұсқау келгенде Ғаббас үйден бас тартыпты. “Үйді мұқтаждарға беріңдер, менің басымда өзім салған қара шаңырағым бар!” депті. Бұзаулы сиырды ғана алыпты. Бұзаулы сиырдың үстіне ағасы өз есебінен екі қой, екі ешкі береді. Шура қой-ешкісіне түрлі шүберектен белгі тағып, еншілеп қояды. Содан үйдің шаруасы бастан асып, Шура жұмыс істемей қалады. Оның үстіне күйеуі жарымжан, қасынан ұзап кетпей, үйде жүреді. Кір жуса да Ғаббас жанында, қора тазаласа да бірге, бау-бақшада шөп отап, жер қазса да қасында. Екеуі егіз жандардай қыста да, жазда да, таңертең де, кешке де бірінен бірі екі елі ажырамайды. Жылдар өте қора малға толады, үй балаға толады. Шура расында да кереметтей көркем, тең­дес­сіз сұлу әйел болады. “Апырмай, Алматы мен Өскеменнен орыстың талай аруларын кез­дестіріп едік, дәл мына Ғаббастың келінше­гіндей сұлуды көрмеп­піз” деп таңданады екен ауыл азаматтары. Әсіресе, Шураның алтындай толқыған қою шашы бұл маңайда жоқ ұзын, жайып жіберсе тілерсегіне дейін түседі екен. Сағила шешей келінінің сол ерекшелігін ылғи да айтып отыратын көрінеді: – Менің келінімнің шашындай ұзын шаш қазақтың қыздарында да жоқ! – дейді екен мақтанып. – Оның жөн, сонда келініңнің төркіні қай жақтан болады өзі? – Мәскеуден де ары... Псков пен Тверьдің арасында. Сол бір аяулы күндерді Гүлжан Қалиасқарқызы былай деп еске алады: “Бақыттары бастарынан асып, мәз-мейрам болып жүргенде бұл шаңыраққа тағы бір қасі­рет келді... Екі ұлы бірдей қатты ауырып, ауру­хана­ға түсті. Үлкені бесте, кішісі үш жаста еді. Бір аптадай емделіп жатты. Күнде барамыз, “Мына дерттің беті қайтпай тұр” деп Шура жең­гем көзін сығымдайды. “Балаларым қа­лай?” деп Ғаббас аға да сұрай береді. Екі қолы ал­­дына сыймай бір отырып, бір тұрады. Тағат­сыз­данады. Мен не дейін, бәрі дұрыс деймін. Ғаббас аға төсекте жатса – жай дем алып жа­тыр ма, ұйықтап жатыр ма білмеуші едік. Көзі шыныдан ғой, жабылмайды, көкке шаншылып бақырайып жатады да қояды. Бірде солай жат­қан ағам шошына атып тұрды: “Гүлжан, Шура тәтеңе жүгір, екеуің бала­лар­ды біліп келіңдер­ші”, – деді. “Аға, әлі таң атқан жоқ, дала қараңғы ғой” деймін мен. “Жаным-ай, мен бір жаман түс көрдім... Қолымдағы пышағымды біреу күшпен тартып алыпты”. Мейлі сеніңіз, мейлі қойыңыз, Алла тағала Ғаббасқа дәл осы сәтте бірдеңені сездіргені рас екен. Ауруханада жатқан үлкен ұлы Өмірлік осы түні дүниеден өтіп кетіпті. Ботадай боздап, Өмірлікті жерлеп қайтқан күні екінші ұлы Тоқтамысхан да ауруханада көз жұмады. Сонда ештеңеге мойымай келген, қайсар туған Ғаббастың өзі алғаш рет көкірегі қарс айрылып, күйреп түсіпті. – Ей, сұм тағдыр! – деп күңіреніпті. – Жиырма бесімде екі көзімді алдың, жартылай өзімді алдың, енді екі қозымды алдың. Осын­шалық қинай­тындай мен саған не жаздым! Ғаббас егілген кез­де жиналған жұрт­тың сай-сүйегі сыр­қырып, әйел біткен ұлардай шулап қоя беріпті. Баланың екеуіне де қате диагноз қойыл­ған екен. “Суық тиді” деп емдеген, сөйтсе екеуі де қызылша болып шыққан. “Жас кезі ғой, ол заманда Шура жеңгем араға жыл салып босанып тұрушы еді, – дейді Гүлжан. – Екі ұлы өлген кезде жеңгеміздің аяғы ауыр болатын. Ондай кезде Ғаббас ағада жан жоқ, ылғи да жең­геммен бірге тол­ғатқандай қиналу­шы еді. Өзін қоярға жер таппайтын. Екеуі дүниеге он бір бала әкеліп, олардың тоғызын азамат етіп тәрбие­леп, жеткізіп кетті. Бүгінде тоғызы бірдей жоғары білімді, дәрігер, инженер, мұғалім, агро­ном. Олар Ғаббастың атын өшірмей, ұрпағын жалғастырып, біреуі ойда, біреуі қырда аман-есен жүріп жатыр. Ғаббас Алтынбаев сексеннің алтысына жетіп, 2004 жылы бала-шағасының ортасында қайтыс болды. Ол кісінің топырағына алыс-жақын­дағы ел мен жерден қарақұрым халық жиналыпты. Кіндігінен тараған ұрпақтың өзі бір ауылға жетіпті. Бала­лары, қыздары, келіндері, немере­лері, шөбе­ре­лері, үлкен шоғыр шөпшегі және бар – бәрі-бәрі атасының қара шаңыра­ғында ойдан-қырдан бас қосыпты. Адам­ның маң­­дайы­на жалғыз-ақ рет жазылар тірлікте екі рет өлген, соңынан қатал тағдырға қайсарлық­пен қасқайып қарсы тұрып өткен ардагер атасы үшінші рет қайтпас жолға аттанғанда соңындағы қалың ұрпағы ботадай боздап жылапты. Қос қарашығы­нан бірдей айырылып, алпыс екі жыл қара түнек өмір кешкен асыл текті азаматты, қаһарман солдатты соңғы сапарға шығар­ғанда ол кісінің ағайын-туғаны ғана емес, сол араға жиналған мыңдаған жанар ағыл-тегіл егіліпті. Бүкіл ел болып күңіреніп кетіпті. Арада бірер айдан соң ол кісінің жан жары, орыс халқының меңсіз сұлуы, қасынан қарға адым ұзап көрмеген Шура жеңгей – Александра Александровна Рустикова да жарық жалғаннан қайтты. Қан майданның қанды қасабынан қол ұстасып қатар шыққан, қалған өмірлерін жұптарын жазбай бірге өткерген шерлі екеу мәңгілік сапарға да бірге кетті. Зираттары да қатар жатыр. Түйін Көрден тірілгендей қу сүйек, үміттен ада мүгедек жігіттің етегінен ұстап, ол байғұсты сұм тағдырдың тәлкегіне тастап кетпей, өмір бойы имандай қадірлеп өткен Шура жеңгейдің ғазиз жүрегіне, шексіз ізгілігіне, кіршіксіз жан тазалығы­на таң- қалмасқа лажың жоқ. Өмір бойы өзінің мойнына масыл боп өтетін сорлы жан екенін біле тұра оны адамдықтан айырмай, өмірден түңілдірмей ел қатарлы асырады, жадаған жанына шуақ құйды, басына бақ қондырды. Адал махаббаты­мен өзі де текті, қайсар Ғаббастың рухын қайта көтерді, намысын тірілтті, қайнаған өмірдің ортасына қайтарды. Айтары жоқ, бұл көңіл тазартып, жүрек жуғандай кісі­лік әрекет. “Махаббат қой, қатты сүй­ген болар, шы­найы сүйіспендік” дерсіздер. Ол да жөн, бұған дауымыз жоқ. Бірақ, Ахтановша айтсақ, сонда олар қашанғы жаласып сүйісе бермек? Сиыр да бұзауын бір мау­сым ғана жалайды емес пе. Оның ар жағында күн­де­л­ікті тіршілік, отбасы­ның қамы тұрғанын ұмытпайық. Иә, кезінде Ғаббас ағамыз қыз жүрегін жаула­ған аңызға бергісіз ерлік те жасаған шығар. Мей­лі, бірақ жылдар өте ерлік те көмес­кі­ленеді, соғыстың азабы да ұмытылады. Уақыт денеге түскен жараны ғана емес, жүректің жарасын да жазады. Өмір тек естеліктен тұрмайды, оның қатал өз заңы бар, басқан ізде белгі жоқ. Сондықтан өмір өз дегенін бәрібір істейді, ырқына көн­діреді. Сөздің турасы – бұл дүниеде мәңгі­лік ештеңе болмайды. Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзгендей дендері сау адамдар­дың арасындағы сүйіспендік те, қанша­лықты күйіп-жанып жатса да, жылдар өте жалыны бәсеңсиді, жарқылы басылады. Содан кейінгі қарым-қатынас әншейін үйреншікті дағдыға, сыйластыққа, туыс­тыққа ауысады. Қысқасы, бірде олай, бірде бұлай болып жататын ала-құла тірліктің өзіндей адамның сезімі де өткінші. Олай болса Шура жеңгеміздің бұл әрекетінен биік парасатты, сара жүрек, үлкен адамгершілікті танымасқа лажың қайсы! Бұл әрекет ердің ері, егеудің сынығына лайық, ерлікпен пара-пар көзсіз шешім дер едік. Дариға-ай десеңші, егіз қозыдай екеуінің өмірі өтеуі жоқ армандай аяулы, сағыныштай әсем көрінеді де тұрады бізге. Сізді ежелден таныған, көріп-білген туыс-жұрағаттарыңыз ғана емес, осы әңгімені естігеннен кейін, бүгінгі біз де аруағыңыз алдында тізе бүгіп, иіліп тағзым етеміз, Валдай топырағының ару қызы Александра Александровна! Әлібек АСҚАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.