Оқиға • 12 Қараша, 2020

Әсерлі кездесу

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәжіліс залында Ақжайықтың «Ақ шағаласы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның және «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, жас ақын Олжас Қасымовтың қатысуымен «Қаламгерлер әлемі» атты әдеби кеш өтті.

Әсерлі кездесу

Кешті ақын, кітапхана қыз­меткері Талғат Тілеулесов жүргізді. Шараға Мәде­ниет қайраткері Еркін Құрманбек, ақын Нұрлыбек Қалауов, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова және кітапхана қызметкерлері, поэзияны сүйетін, әсемдікке жаны құмар жастар қатысты.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева өмір мектебінде кездесетін өзекті мәсе­лелерді қозғап, өлеңсүйер қауым­ды бір серпілтіп тастады. Әсіресе бү­гінгі аналардың ұлт болашағы бо­­лып саналатын қыз тәрбиесіне ерек­­ше ден қойып қарауын айта оты­­рып, алаңдаушылық білдірді. Ақынның айтуы бойынша қыз баласы өзіне тән нәзіктікті, биязылықты, тазалықты ешқашан лайламауы керек. Сонау заманнан келе жатқан тектілік пен қайсарлықты бойына жинаған қазақ қыздарының ізін жалғайтын, ұлтымыздың қанын сақтап қалатын нағыз «қазақ қызы» деген атқа лайық болу керектігін жеткізді. Ақұштап Бақ­тыгереева өзінің аяулы анасына деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізе отырып, асыл аналарды қастерлей білуге, жүректеріне сызат түсірмеуге шақырды. Ақын адам өміріне азық боларлық дүниелерді айта отырып, өз шығармашылығынан сырға толы өлеңдерін оқыды.

Жас ақын Олжас Қасымов Ақтөбе жеріне алғаш рет келгенінде дәл осындай әдемі, әсерлі кеште жолыққанына ризашылығын білдіре отырып, кө­рер­мендерге өлең жолдарын тарту етті. Әдеби кешке жиналған өлеңді сағынған көрермендер үшін бұл рухани демалыс болды. Киелі ордамызда осындай шаралардың саны арта түссін демекпіз!

 

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері