Құстардың қырылуы алғаш рет 4 қарашада белгілі бола бастады. Сол күні резерват қызметкерлері 16 құстың, дәлірек айтқанда, 11 суқұзғын мен 5 шағаланың өлексесін тауыпты. Ал келесі күнгі мониторинг кезінде тағы да 20 суқұзғынның өлгені анықталды. Сондай-ақ 6-7 қарашада 13 құстың өлгені тіркелген.
– Бізде сараптама қорытындысы болмағандықтан, нақты себебін айта алмаймыз. Қазір құстардың жылы жаққа оралу миграциясы жүріп жатыр. Құстардың әлсірегенін байқадық. Соған қарағанда, құстар миграция кезінде шаршап, әлсіреген болуы мүмкін. Осыған байланысты жұмыс комиссиясы құрылды. Өлген құстар негізінен балықпен немесе өлексемен қоректенетін қанаттылар қатарына жатады, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров.
Дегенмен табиғат қорғаушылар резерват аумағында жүргізілетін мониторингті күшейтіп отыр. Өйткені мұнда құстардың қырылуы алғаш рет емес. Мұнда 2013 жылы да құстардың қырылуы тіркелген болатын. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының акваториясына кіретін «Шалыга» аралында шағалалар жаппай қырылып, 1 250 құстың өлексесі табылған еді. Өкінішке қарай, сол кезде қанаттылардың ажалына не себеп болғаны ашық айтылған жоқ.
Ал бұл жолы құстар неден қырылды? Құс тұмауы ма, Атыраудың ластанған ауасының әсері бар ма? Тағы да айтылмай қалып жүрмесе...
Атырау облысы