Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Медициналық мекемелерге 44 жаңа санитарлық жедел жәрдем көлігі табысталды

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен орталық алаңда аймақтағы бірқатар медициналық мекемелерге санитарлық жедел жәрдем көліктерін табыстау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz

Медициналық мекемелерге 44 жаңа санитарлық жедел жәрдем көлігі табысталды

Қырық реанимобиль кілті облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Төретам жедел жәрдем бөлімдеріне табысталды. Қармақшы және Жалағаш аудандарына 2 жылжымалы медициналық кешен берілсе, «Аралтұз» акционерлік қоғамы демеушілігімен Арал ауданаралық ауруханасына 2 реанимобиль автокөлігі табысталды.  

"Пандемия кезінде өңірдегі медициналық жедел жәрдем стансасының жұмысты сауатты және ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде барлық республикалық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етті. Халық денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте, алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде халықтыңөмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі", - деді облыс әкімі.

Бүгінде облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман медициналық қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап өңірге қажетті медицина мамандықтары бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды.

Одан бөлек, 2018 жылдан бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен жасалған меморандум  аясында облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, қазір 100 жалпы тәжірибелік дәрігер жергілікті бюджет қаражаты есебінен даярлануда.  

Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында облыс орталығы мен аудандарда жедел жәрдем қызметі бір деңгейде көрсетіліп отыр.

Сапалы көрсеткіштерге тоқтала кетсек, 2020 жылы шақырыстарға кешігу көрсеткіші 2,5 %-дан 1,9%-ға азайса, жедел жәрдем тобының көз алдындағы өлім көрсеткіші 3,2%-дан 1,6%-ға төмендеп, нәтижелі реанимация 47,2%-дан 56,3 %-ға ұлғайды.

Шара соңында сала ардагері Тұрғанбай Маханов мемлекет тарапынан медицина саласына көрсетілген қолдауға алғысын жеткізіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.