Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Мұрат Әйтенов аудандарда мал шаруашылығы кластерін дамытуды тапсырды

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі А. Әліқұлов ауданда ауылшаруашылық саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. 2020 жылы ауданда ірі қара саны 2019 жылмен салыстырғанда 113,8 %, жылқы 101,6 %, ал, құс 114,1 % пайызға артқан. Биыл мал шаруашылығы өнімдерінің жеке түрлерін өндіру көлемі де ұлғайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мұрат Әйтенов аудандарда мал шаруашылығы кластерін дамытуды тапсырды

2020 жылдың 9 айында ауданда «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша 167 956 млн теңге субсидия берілген. Атап айқанда, мал бордақылау үшін – 25,9 млн, сүт өндіру, ірі қара малды селекциялық және асылдандыру жұмыстарына – 67,5 млн, құс шаруашылығына – 23,7 млн, бал ара шаруашылығына – 44,7 млн теңге субсидия берілді.

Қала әкімі М. Әйтенов ауданда ауылшаруашылығы кластерін дамыту, тұрғындарды өз-өзін жұмыспен қамту бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Ауданда ірі қара мал, жылқы саны артып, ет-сүт өнімдері көбейген. Өз-өзін жұмыспен қамтудың өскенін көріп отырмыз. Бүгін ауданды аралау барысында Асар - 1, Асар - 2 шағынаудандарында жылыжай салып, өз-өзін жұмыспен қамтыған қала тұрғындарының кәсібін аралап көрдік. Бұны әрі қарай дамыту қажет. Аудан әкімдерінің алдында тұрған бірінші басты мақсат – азаматтарды жұмыспен қамту. Қалада ауылшаруашылығы саласына маманданған шағынаудандарды көбейтіп, жұмыссыздық мәселесін шешуге болады. Бізде мал шаруашылығын кластер ретінде дамытуға барлық мүмкіндік бар. Инфрақұрылымы бар шалғайдағы елдімекендерде тұрғындарды мал шаруашылығы кәсібіне үйрететін семинар-тренинг өткізуді қолға алайық. Аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығы және ветеринария, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшыларына осыны жүзеге асыруды тапсырамын. Қаланы отандық мал етімен, құс етімен қамтамасыз ету керек. Әрі экспорт әлеуетін дамытуға мүмкіндік бар, деді Мұрат Дүйсенбекұлы.