
Мырзатай Жолдасбеков – бар өмірін туған халқына, еліне қалтқысыз, жан-тәнімен қызмет көрсетуге арнап келе жатқан мемлекетшіл үлкен тұлға, ел ағасы. Тәуелсіздік алмай тұрып, еліміздің басына аса қиын күндер туған, республика басшылығына тоталитарлық орталық биліктің шешімімен «көлденең көк атты» Колбин келген, қазақ халқы нақақтан-нақақ «ұлтшыл» атанған аса қиын жылдарда сол кездегі Министрлер Кеңесінің басында Нұрсұлтан Назарбаев, Орталық партия комитетінде идеология жөніндегі хатшы болып Өзбекәлі Жәнібеков, бөлім меңгерушісі болып Мырзатай Жолдасбековтің отыруы Алланың, тағдырдың қазақ халқына оң көзбен қарағаны екен-ау деп ойлайсың кейде еріксіз. Жоғарыда аталған ұлтымыздың адал ұлдарының қылыш жүзінде жүргендей қиын шақтағы айқын ақыл, ыстық жүрек, жанкешті еңбектерінің арқасында Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары, ардақты ақын-жазушыларымыз тәуелсіздікке дейін-ақ түгел ақталды, Наурыз мерекесі халқымызбен қайта қауышты, еңсесі басылып, от басы мен есіктің көзіне дейін ысырылып қалған ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында КПСС Орталық Комитеті қазақты «ұлтшыл» атандырған өз қаулысының күшін өзі жойды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қыл көпірден өткендегідей қиын кезеңде «Елбасы – біреу, қалғанымыз – тіреу» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, өз елін, өз халқын өрге сүйреген Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі болып жанында тағы да Мырзатай ағамыз жүрді. Мен соңғы кезде ел ағасы М. Жолдасбеков туралы сыр-сұхбатқа құрылған роман жазу үстіндемін. Сол шығармадан ықшам үзіндіні ел газеті «Егемен Қазақстанның» оқушыларына ұсынуды жөн көрдім.
Мырзатай Жолдасбеков – бар өмірін туған халқына, еліне қалтқысыз, жан-тәнімен қызмет көрсетуге арнап келе жатқан мемлекетшіл үлкен тұлға, ел ағасы. Тәуелсіздік алмай тұрып, еліміздің басына аса қиын күндер туған, республика басшылығына тоталитарлық орталық биліктің шешімімен «көлденең көк атты» Колбин келген, қазақ халқы нақақтан-нақақ «ұлтшыл» атанған аса қиын жылдарда сол кездегі Министрлер Кеңесінің басында Нұрсұлтан Назарбаев, Орталық партия комитетінде идеология жөніндегі хатшы болып Өзбекәлі Жәнібеков, бөлім меңгерушісі болып Мырзатай Жолдасбековтің отыруы Алланың, тағдырдың қазақ халқына оң көзбен қарағаны екен-ау деп ойлайсың кейде еріксіз. Жоғарыда аталған ұлтымыздың адал ұлдарының қылыш жүзінде жүргендей қиын шақтағы айқын ақыл, ыстық жүрек, жанкешті еңбектерінің арқасында Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары, ардақты ақын-жазушыларымыз тәуелсіздікке дейін-ақ түгел ақталды, Наурыз мерекесі халқымызбен қайта қауышты, еңсесі басылып, от басы мен есіктің көзіне дейін ысырылып қалған ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында КПСС Орталық Комитеті қазақты «ұлтшыл» атандырған өз қаулысының күшін өзі жойды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қыл көпірден өткендегідей қиын кезеңде «Елбасы – біреу, қалғанымыз – тіреу» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, өз елін, өз халқын өрге сүйреген Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі болып жанында тағы да Мырзатай ағамыз жүрді. Мен соңғы кезде ел ағасы М. Жолдасбеков туралы сыр-сұхбатқа құрылған роман жазу үстіндемін. Сол шығармадан ықшам үзіндіні ел газеті «Егемен Қазақстанның» оқушыларына ұсынуды жөн көрдім.
Автор.
Автор: Мырзеке, өткен жолғы әңгімемізде сіз университетте оқыған жылдарыңызды өміріңіздің ең қызықты, қимайтын, асыл уақытына балап едіңіз. Ұстаз тапқан, білімге құлаш ұрған, алдыңыздан тамаша көкжиектер ашылған жылдар еді дегенсіз. Енді сол кезең туралы әңгімеге көшсек.
Мырзатай: Аудан орталығында бір жыл қызмет атқарған соң, киімдерімді біраз түзеп алып, келесі жылы КазГУдің филология факультетіне емтихан тапсырдым. Конкурс өте қатты болды. Негізінен ұлдар еді. Ол кезде қыздар оқуға аз келетін. Әке-шешелері, туыстары оларды аз жіберетін. Сол жылы бір орынға 9 адамнан таластық. Жеті пәннен емтихан тапсырдық. Өзімнің түссем деп жүрген оқуым ғой, бұл жолы қатты дайындалдым, кенедей қадалдым.
Біраз сабақтардан емтихан тапсырып, ең соңында орыс тілінен диктант жаздық. Сонда елу орынға таласқан 450 баладан небәрі 25 бала ғана «қанағаттанарлық» деген бағаға ілінді. Соның ішінде екі-ақ бала 4 алдық. Бірі – мен, екіншісі – марқұм Мырзатай Серғалиев.
Автор: Екі «төртті» де екі Мырзатай алған екен ғой.
Мырзатай: Иә, солай болды. Сол орыс тілінен емтихан алған Яценко Валентина Михайловна деген кісі кейін бізге сабақ берді. Білімді, орнықты, жақсы кісі еді. Жақсы көріп кеттік. Ал оның өзі Ермек Серкебаевқа ғашық еді. «Қазақтың ең тамаша әншісі кім?» деп, бізден жақауратып сұрады бір күні. Ойында кім тұрғанын біз қайдан білейік. Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков дейміз. «Жо-о-оқ, – дейді. – Өзі сұлу, келісті, бүкіл Совет Одағына белгілі. Қай қалаға барса да, табынушылары қонақ үйді қоршап алады екен, ешкімді оған жолатпайды екен, ол кім?» Мен: «Әнуарбек Үмбетбаев» деймін. «Ой, нет же?». «Байғали Досымжанов» деймін. «Нет». Серғалиев марқұм: «Абдуллин, наверное» деп қояды. «Не-е-ет». Ақырында, біз таппай, өзі әбден шаршап, «Это же Ермек Серкебаев, неужели вы его не знаете?» деп мұңайған еді.
Содан жаңағы «қанағаттанарлық» деген бағаға іліккендердің барлығы оқуға түсті деуге болады, ал қалған 25 орынға өзге пәндерден жоғары баға алғандардың ішінен іріктеп алады екен деген сөз тарады. Бас пошта жақын болатын, келдім де «оқуға түстім» деп ауылға телеграмманы ұрдым да жібердім. Жамбылдан бізбен бірге оқуға түскен 5-6 бала, ішінде Әуелбаев Шәріп деген кісі болды. Жасы бізден едәуір үлкен, соғысқа қатысқан. Ертеңіне мен «осылай телеграмма салып жібердім» деп айтып ем, «Ой, бекер өйткенсің, әлі деканмен «собеседование» (әңгімелесу) болуы керек, соның нәтижесі бойынша ұсыныс жасайды, шешім қабылдайды емтихан комиссиясы, соңынан ректор бұйрық шығарады» деп бәрін біліп отыр. Ой-буй, сорлы басым, түспей қалсам не болады деп пұшайман болдым. «Егер түспей қалсам, ауылға бармаймын, қайтып бару ұят. Не де болса осында қаламын. Жұмыс істеймін, келесі жылы қайта тапсырамын» деп қоямын.
Содан оқуға түсуге үміткерлерді әңгімелесуге шақырды. Декан Тауман Амандосов екен, өзі сұсты. Бір кезде бір батып, бір шығып, бір батып, бір шығып келе жатты. Бір аяғы екіншісінен қысқалау. Таяқпен жүреді екен. Саңқылдаған дауысы анадайдан естілді: «Немене, бәрің топырлап тұрсыңдар. Кезекке тұрыңдар... Шақырады. Сонда кіресіңдер», деді. Жазған басымыз, есікке жақын тұрсақ, бірінші кіреміз бе деген ой ғой... Психология қандай. Сөйтсек, онда алған балы бойынша тізім бар екен...
Ертеңіне бұйрық шығып, тақтаға ілінді. Филология факультеті, қазақ тілі және әдебиеті мамандығының бірінші курсына қабылданған студенттер тізімі. Соның ішінен өз фамилиямды көргенде қуанғаннан жүрегім аттай тулады. Сол сәтте жер бетінде менен бақытты адам жоқ боп сезілді. Алақайлап, поштаға келіп, екінші рет ауылға телеграмманы ұрдым.
Кейін ауылға келгенде «Бізді әбден шатастырдың, бірінші телеграммаңды алғанда, қой сойып, ағайындарды шақырып, кішігірім той жасап жібердік, ал екінші телеграмма келгенде не дерімді білмедім» дейді үлкен ағам Омартай.
Сол жылы оқуға түскен балалардың ішінен әуелде екі-ақ бала стипендияға іліктік. Ол кезде «үш» алғанға бермейтін еді. Кейін әкесі соғыста өлген, хабарсыз кеткен балаларға үшке тапсырса да стипендия беретін болды.
Автор: Сіз жеңешемізбен бірге оқып бітірдіңіз ғой. Ол кісі қалай тапсырып, қалай түсті?
Мырзатай: Жеңешең өзге пәндерден төрт пен бес, орыс тілінен үш алып түсті. Стипендия алды, себебі, әкесі майданда хабарсыз кеткен еді.
Оқуға түсерде әуелі КазГУ-дің Шевченко көшесіндегі спорт залында жатқанбыз. Содан неге екенін білмеймін, абитуриент кезімізде филфакқа түсетіндерді бөліп алып, Виноградов көшесіндегі жатақханаға орналастырды. Бірінші қабаттағы тоғызыншы бөлмеде он бір бала жаттық. Сол жерде журналистикаға түсетін балалар, солардың ішінде Зейнолла Серікқалиев те бар. Бір бөлмеде жатқандардың ішінен Зейнолла екеуміз ғана оқуға түстік. Ол Ганюшкиноданмын дейтін. Атырау облысынан. Өзі күй тартатын. Емтиханнан кейін «Зейнолла, күй тартшы» деймін, сонда «Алатау», «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйлерді беріле тартатын. Кейін тартпай кетті.
Автор: Сіз домбыраны қай кезде үйрендіңіз?
Мырзатай: Домбыраны мен университет бітірген соң, ғылыммен айналыса бастағаннан кейін ұстадым. Бұл өзі жын сияқты нәрсе. Менің үйренген әдетім, жазатын нәрсемді әуелі басымда әбден пісіріп аламын. Пісті-ау дегенде, қолыма домбыра алып шерте берем, шерте берем. Сонда өзінен өзі бір әуендер келеді, солар мені жетелейді. Менің ең бір ақылманым, сүйеушім де, жетектейтін де осы домбыра болады. Ол біразға созылады. Содан жүріп-жүріп, пісті-ау деген кезде столға отырамын. Осы жасқа келгенімше маған әлі бір кабинет біткен емес. Үш бөлмелі, төрт бөлмелі үйлеріміз болды, бірақ үйіліп-төгіліп жүрген жанбыз, бала-шаға бар, жеңгеңнің шешесі бар, оның інісі бар, ағайындар бар келіп кететін, сонымен кабинетім болған емес. Қазір де жоқ. Үйіміз төрт бөлмелі болғанда жатын бөлмеде үстел болды, бірақ оған отырмайтынмын. Залда отырып жазамын. Бұрындары таршылық көріп қалғаннан ба, тар жерде кеудем қысылады. Кең жерде отырып жазғанды тәуір көремін. Содан бұрқыратып жазып тастай берем, тастай берем. Ол ана жаққа, мына жаққа ұшып түсіп жатады. Сондай толғақ үстінде жеңгең «ал, тамақ дайын, кел» дейді. Мен «қазір» деймін де жаза берем, жаза берем. Содан кейде осы хал кешке дейін созылып кетеді. Суытылған аттай болып шыға келемін. Үлкен еңбектерді аяқтағанда жүдеп, көп салмақ тастаймын, бала тапқанмен бірдей боламын.
Автор: Университетте алғашқы сабақтың қалай басталғаны есіңізде ме?
Мырзатай: Есімде. Аудиторияда бірінші сабақ қалай өтер екен деп елеңдеп отырмыз. Бір кезде Зейнолла Қабдолов аға кіріп келді. «Әдебиеттануға кіріспе» деген сабақ еді. Әппақ, келісті кісі екен, қыздардың екі көзі ана кісіні тесіп жеп қоя жаздады. Жас кезі, сұмдық әдемі болатын. Лекцияны сондай жақсы оқиды, даусы жұмсақ, үні де жайлы. Сөзі де жатық. Содан бастап Зейнолла ағаның лекциясын асыға күтіп отыратын болдық.
Сондағы сабақ берген кісілердің ішінен студенттерге етене жақын, жанындай сүйген, ешқандай бір артық мінез көрсетпеген, өзі де кең, болмысы да кең мұғаліміміз осы Зейнолла аға болды. Келіннің бетін ең бірінші кім ашса, сол ыстық дегендей, университет есігін ашқан бойда алғашқы сабақты берген еді. Ең соңынан университет есігін жаптырған да Зекең болды... Зекеңмен, сол кездерде тонның ішкі бауындай деп айту қиын шығар, дегенмен рухани жақын болған студенттер көп емес-ті. Соның бірі болдым мен. Әрі ағам, әрі досым сияқты болып кетті. Керемет, кең адам еді. Менен он жас үлкен болатын. Мен КазГУ-ді бітіріп, университетте қалғанымда, «Мырзатай, осында қалғаның дұрыс болды» деп қолдап, дипломыма рецензия берген. «Табаны күректей тура он жыл бұрын мен қалып едім, менен кейін он жылдан кейін сен қалып отырсың мұғалім болып. Құтты болсын!» – деп еді.
Автор: Мырзеке, студенттік шақ туралы айтқанда сол кездегі жастар арасындағы шынайы қарым-қатынас, бозбалалық, аңғалдық жайларды да табиғи қалпында еске түсіре кетсек. Студенттік жылдар материалдық, тұрмыстық жағынан жеңіл болмаған шығар сіздерге. «Собеседование» кезінде Тауман ағай айтты дедіңіз ғой, «жатақхана алдымен жетімдерге беріледі» деп. Жатақханадан да орын тиген шығар?
Мырзатай: Иә. Орын тиді. Виноградов көшесінен. Жатақханада тұрдық. Никольский базарының жанындамыз. Сол кезде өкпе-бауырдан жасаған арзан шұжық болатын, «ливерная колбаса» деуші еді. Жаздан бастап күздің аяғына дейін помидор болады, оны қазақша қызанақ деп жүрміз бе?
Автор: Иә.
Мырзатай: Сол қызанақты көп қылып аламыз да, жаңағы өкпе-бауыр шұжығына, нанға қосып жеп аламыз. Сөйтіп күнімізді көрдік. Ол кезде бір жақсы жері асханада нан тегін болатын. Тау-тау ғып турап қояды. Студенттер жайпап салады. Көкқасқа шегірткедей қаптайды. Нан, шәй аламыз. Екі стақан шәй, нан тегін, қант бар. Қантты салып, шәйді тәп-тәтті қылып, нан жеп, тойып жүре беретінбіз.
Балалардың арасында неше түрлісі бар ғой. Бірге оқыған Қазтай Айтазин деген жігіт болушы еді, қайтыс боп кетті. Менен екі жас кіші, өте ақкөңіл болатын.
Автор: Мен көргем ол кісіні. Сыпайы, көрікті, сұлу жігіт болатын.
Мырзатай: Кейін академияда, тіл институтында істеді. КазПИ-де сабақ берді. Кафедра меңгерушісі болды. Соны үйлендірген біз едік. Мәрия екеумізді өзімсініп, жақын тартып, «Мен сендердің тұңғыш балаларыңмын» дейтұғын.
Үйленбей көп жүріп қалған соң, Мәрия екеуміз үйлендірген едік. Қазтайдың әйелі Райхан біздің үйдегі жеңгеңе жақын туыс болып келеді. Екеуін де жақсы білетін болғандықтан, қостық қой бұларды. Кейінірек Айбек, Айдарбек, Айдос деген ұлдары туды. Араласып тұратынбыз. Біз пәтерлі болғаннан кейін балаларымен біздің үйге келетін. Айбегі біздің үйден шықпайды. «Мәкәл жеймін, көке» деп қасыма келеді. Мәкәлі кәмпит, шоколадтан басқаны жемейді. Соны алып қоямыз. Сосын екінші ұлы Айдарбегі туды. Айдарбектің кіндік шешесі біздің үйдегі жеңгең, кіндік әкесі мен болдым. Менде кілең қыз балалар ғой. Қазтай әйелі екеуі соны да ойлайтын болуы керек. Екінші ұлы бірге толғанда әйелі екеуі біздің үйге келді. Балаларымен. Сонда айтқаны ғой: «Мырзааға, тумасақ та туғандай болдық. Мына балаларың бірге толды. Құдай алдында, адам алдында адалмыз. Ешкімнің дауы жоқ, мына баланы өзіңнің атыңа жазып ал» деп. Шын көңілдерімен айтып тұр ғой. Мен «ойланайын» дедім. Неге екенін білмеймін, «құлдан туып би болмас, өзіңнен тумай ұл болмас» деген қазақтың мақалы ойыма келе берді. Құдай бермегенді сұрап алуға болмайтын шығар деп толғандым. Содан үйге шақырып, дәм беріп, «Қазтай, мен риза, Құдай риза. Мен алдым деп есептейін, сен бердім деп есепте. Бала екеумізге ортақ. Айдарбектің жасы ұзақ болсын» деп батамды бердім.
Автор: Өзі шынында да мәрт екен, азамат екен ғой. Әйтпесе қандай жас жігіт пен жас келіншек өздерінің іштен шыққан ұлдарын жаңағыдай сөздер айтып, дос тұтқан, аға тұтқан адамына қиып береді.
Мырзатай: Өзі де солай. Және балаларының бәрі мені «көке» дейтін. Сол Айдарбек әнеукүні, осы 2013 жылдың 22 наурызында, 40 жасында үйленді.
Автор: Айдарбек те әкесі Қазтайға ұқсап, көп жыл үйленбей жүрген екен ғой.
Мырзатай: Иә, үйленбеген. Қазтай бұл күнге жетпеді, марқұм болып кетті ғой. Содан сол үйдегі келін, Райхан, біздің үйдегі жеңгеңе: «Апа, Мырзаағаның, сіздердің балаларыңыз ғой бұл. Ел біледі. Мырзаағам келіп батасын берсін» дегесін, 20 наурызды осында өткізіп, Алматыға 21-інде барып, 22-сі күні тойға қатысып, батамды бердім. Баланы үйлендірдік сөйтіп.
Автор: Мырзеке, сіз мектеп бітіргенде, жас кезіңізде ұялшақ болғаныңызды айтқан едіңіз. Ұялшақ болудың табиғатында адамның өзіне көңілі толмауы, сенімсіздігі жататын сияқты көрінеді маған.
Мырзатай: Кім біледі. Мен мына ұялшақтық дегенді өзіне сенбегендіктен болады деп ойламаймын. Ондай комплекс менде болған жоқ. Табиғатым сондай болды... Әсіресе, мынау, тұла бойым түлеп дегендей, жігіт боп келе жатқан шағымда қыздармен сөйлесе алмайтынмын. Мектепте жақсы оқыдық, студент кезімде де оқуым жаман болған жоқ. Батыл қыздар болады ғой, солардың кейбірі икемдеп, игеріп әкеткісі келгендері болды. Солар сөз бастаса болды, екі бетім оттай жанып, дуылдап қоя беретін. Беті ашылған ұятсыз адамда ұят болмайды ғой. Қызбен қыдырудың не екенін білмегендігімнен де болған шығар.
Автор: Мырзеке, өзіңіздің бір мақалаңызда : «Мен Қазақ ұлттық университетін мақтан тұтып қана қоймай, ардақ тұтатын қазақтардың бірімін. Өйткені, осы университетте ғылым мен білімінің жақсылары мен жайсаңдарынан, марғасқаларынан дәріс алдым. Бұл жарығы да, жалыны да ерекше аяулы, ардақты мектеп еді», – деп жазған едіңіз.
Мырзатай: Біздің студент кезімізде қазақта жалғыз ғана университет болды ғой. 1934 жылы университет КазПИ-ден бөлініп шыққанда кадрлар жетіспегендіктен, Одақтың шешімімен Мәскеуден, Ленинградтан атақты оқымысты ғалымдар келген. Университеттің іргетасын қаласқан. Осында еңбек еткен. Солардың бірталайы кейіннен біздің кезімізде де сабақ берді. Атақты математик Персидский, химик Козловский, Усанович, Сонгина, заңгер Ваксберг секілді ғалымдардың университеттің тез еңсе көтеруіне, қалыптасуына көп еңбектері сіңді. Әдебиеші ғалымдардан «Антикалық дәуір әдебиеті» пәнінен дәріс оқыған Гербстманды ерекше атап өту жөн болар еді.
Университетте біздерге қазақ тілінен, әдебиетінен талай аяулы ұстаздарымыз сабақ берді. Олар бізге терең білім берді. Бірі Оралдан, бірі Көкшетаудан, бірі Павлодардан, бірі Оңтүстіктен... Біразын мен «Асылдарым» деген кітабымда жаздым да. Мұғалімдердің бәрі бірдей болған жоқ, әрине. Бірақ әрқайсысы өзінің хал-қадерінше оқытып бақты. Кәкен Аханов дейтін кісі болды. Бір кезде ол кісі декан да болды. Бірақ тілі ауыр еді. Пәні де ауыр болды. Жан-тәнін салып лекция оқушы еді. Тіл біліміне кіріспе. Үлкен кітабы болды. Соны оқығанда бейнебір шет тілін оқығандай, «әбден миымыз ашып кетті, бұдан математика оңай» десіп жүретін едік.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен Бейсенбай Кенжебаев оқыды. Бейсекең сұмдық көп білетін, бірақ шешіліп, соларды ақтарып айта бермейтін. Лекцияны әлдеқандай әдіс-тәсілдермен қызықтырып оқуға тырыспайтын. Бірақ ден қойып тыңдаған адамға лекциялары өте мазмұнды болатын. Жалпы, менің көңілімнің төрінде жүретін кісім, қолымнан жетелеп жүріп, үлкен өмірдің есігін аштырған, биік шыңына шығарған ғазиз ұстазым – Бейсекең. Мен саған ол кісі туралы кейінірек жеке бір әңгімелеп берермін.


Темірғали Нұртазин деген ағамыз «Қазақ совет әдебиетінен» сабақ берді. Қазақ тілінен Мәулен Балақаев берді. О кісі туралы неше түрлі аңыз бар ғой. Әңгімелер көп. Әркім әртүрлі айтатын бұл кісі туралы. «Бұқардың еврейі, қазақ болып кеткен» дейтін. Мұрны қолағаштай, түрі қазаққа ұқсамайтын еді ғой. Десе де қазақ тілінің белгілі профессоры. Жақсы маман, талай кадрды дайындады. Үшінші курстан бастап тілшілер, әдебиетшілер болып бөлінген кезде, маған «тілге келсейші» деген. «Жоқ, аға, мен әдебиетке барамын» дегенмін. Сөйтіп Бейсекеңнің жетекшілігіне кеткенмін. Мәулен ағамыз лекцияны анық етіп, өте жақсы оқитын. О кісі туралы әртүрлі алыпқашпа әңгімелер естіп жүрдік. Бір күні ресторанда отыр екен дейді. О кезде Алматыда, соғыстан кейінгі кез, ерігіп, ұрынып жүретін келіншектер көп болады екен. Бірде екі келіншек Мәулен ағаға жақындап келіп отырыпты. Мына кісі өзі тамақ ішейін деп келген болу керек. Әлгі әйелдердің пысықтау біреуі, «қарап отырамыз ба, мынаның басқа адамы жоқ сияқты, барып бірге отырайық» деп, орысша «можно с вами» депті. «Пожалуйста» депті. Екеуі отырып алып, әңгімені гөйітіпті қазақшалап. Әй, сопайған мынауыңнан бірдеме шыға қоя ма депті біреуі. Өздері де бірдеңені алып, ішіп отырған болу керек, бірдеңе өне қояр ма екен деп отырса керек. Мына кісі сыра ішіп отыр екен. Екіншісі, қайдан білейін, мұрны қолағаштай екен, нәсіп болып, кездесе қалсақ, жаман болмас, кім біледі депті. Екеуі талай жерге барыпты. Сосын біреуі айтыпты, әй, екеуміз талай әңгімені айттық, мына кісінің төбесі тесік емес пе екен... депті. Со кезде Мәулен аға: «Ия, қыздар, төбем тесік болса, айран құйып ішейін деп пе едіңдер» депті. Ана екеуі көздері тас төбесіне шығып, рестораннан тұра қашыпты. Осындай әңгімелерді еститін едік. Әзілі көп болатын, әзілдесіп отыратын.
Автор: Мектеп бітірерде «профессор болсам» деп, болашағыңызды дұрыс болжағаныңыздай, үшінші курста тіл саласын емес, әдебиет саласын, Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігін таңдап, өзіңіздің келешектегі жемісті жолыңызды өте дұрыс бағамдаған екенсіз. Бірақ Бейсекеңнің сізді қазақ әдебиетінің зерттелмей келген ертедегі дәуіріне, көне түрік әдеби ескерткіштерін зерттеуге, сегізінші ғасырда тасқа қашалып жазылған Орхон ескерткішіндегі Күлтегін, Тоныкөк жырларын қазіргі қазақ тіліне аударуға салатынын, сөйтіп өзіңіздің ерлік жасап, әдебиетіміздің тарихын бір мың екі жүз жылға тереңдететініңізді ол кезде әлі білген жоқсыз ғой.
Мырзатай: Иә, білген жоқпын. Өзің айтқан бұл тақырыпты Бейсекең маған аспирантураға түскеннен кейін берді ғой.
Ханғали Сүйіншәлиев деген ағамыз сабақ берді. Жақсы кісі еді. Дастарқанды кісі болатын. Жеңгей де Оралдың қызы еді. Үйінде болып жүрдік. Құдай сақтасын, дастарқаны мол, үстелі майысып тұратын. Қазақ әдебиетінен Мәлік Ғабдуллин ағай сабақ берді. Адам баласының ішіндегі жаратылысы ең жақсы кісілердің бірі еді. Бізге Есмағамбет Ысмайылов аға да сабақ берді. Халық поэзиясының өкілдері туралы «Ақындар» деген монографиясы шыққан кез. Лекцияны жанын салып оқитын еді. Осындай ұстаздардан білім алдық, шіркін! Біз өте бақытты екенбіз деймін. Солар қазақ әдебиетінің тарихын қалыптастырған адамдар. Пән ретінде қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен кісілер.
Енді сол кездегі тағы бір байқағанымды айта кетейін. Нығмет Сауранбаев деген ағамыз болды. Бұ кісі жастайынан академик болып сайланған адам ғой. Сол кезде ғылым академиясында вице-президент еді. Бірінші-екінші курстарда Әуелбаев Шәріп деген ағамыз староста болды. Біз «Б» группасында оқыдық. 25 баламыз. Үшінші курстан бастап, бітіргенше мен староста болдым. Сауранбаев үшінші курста берді бізге сабақты. Вице-президент қой, кейде айлық алатын. Маған сенетін. «Сен өзі қай жақтың баласысың?» «Жамбыл облысы, Талас ауданынан». Менің інім екенсің, мен Қордайданмын деді. Дипломатпен жүреді. Онша үлкен емес. Бір күні маған айтты, Мырзатай, сен жұмысқа барып, пәлен деген кабинетке кіріп, пәленше деген орыс әйел бар (сөйтсем, кассир екен), мен айтқам, біледі, ескерткем староста келеді деп, айлығымды алып келші деді. «Дипломатты бересің, өзі салып береді» деді. Салып жатқанда бір дипломат толы ақша болды. Сол кездегі ғалымдардың қанша алатынын мен білмеймін, сұмдық көп болатын. Әкеп берем, санамай алатын.
Автор: Сіздерге Мұхтар Әуезов те сабақ берді ғой.
Мырзатай: Өзім де соған келе жатырмын. Біздер Әуезовтің алдын көрген буынбыз. Біздер Әуезовтен дәріс алғанымызды, оның шәкірті болғанымызды мақтан тұтамыз. Асыл ағадан, кемеңгер жазушыдан, ұлы ғалымнан дәріс алу, мұхиттай шалқыған терең ұстаздан лекция тыңдау біздердің басымызға қонған бақыт еді.
Мұхаң ғаламат жазушы ғой, ғалымдығы және бір төбе. Ол кісі, әсіресе, қазақ фольклорының, абайтанудың, «Манастың» бағын ашқан. 1952 жылы бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкекте Манасқа арналған Бүкілодақтық конференция өткен. Жұрт баяғыдан белгілі Алпамысты, Қобыландыны ғана жаттап жүрген кезі ғой. Манасты үстем тап өкілдерінің, хандардың жыры деген пікір болған. Сол жиында Мұхаң суырылып шығып, баяндама жасап, «жоқ, Манас халықтық поэзия, халықтық эпос, ол қазақ халқына да жат емес» деп барынша дәлелдеп, жұрттың көзін жеткізіп айтқан. Содан кейін барып Манаспен қырғыз халқы қайта табысты. Еңбегін бағалаған қырғыздар ол кісіге Ыстықкөлдің жағасынан саяжай берді.
Автор: Оны қырғыздар салып берген екен ғой?
Мырзатай: Иә, қырғыздар салып берді. Әнеукүні телевизордан көрдім, қырғыздар Мұхтар Әуезовтің атына көше беріпті, Мұхаңның ұлы Мұрат соның ашылу салтанатына барып қайтты.
Автор: Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында ғой деймін, Алматыда өткен бір жиында Шыңғыс Айтматовтың сөйлегенін естігенім бар еді. Сонда ол: «У меня есть две святыни: эпос моего народа «Манас» и писатель Мұхтар Ауэзов. Когда тучи сгустились над «Манасом», их развеял Мұхтар Ауэзов» деген болатын.
Мырзатай: Иә, Мұхаң Манас, манасшылар туралы керемет байтақ әңгімелер айтатын. Үлгергенімше жазып алған конспектім бар еді, өкініші, содан айырылып қалдым. Аузынан шыққанның бәрін жазып алуға тырысып ем. Кейін Мұхаң Индияға барып келгеннен соң, біздің университеттің Комсомол көшесіндегі ғимаратында ол кісімен кездесу болды, оған қырғыздың жазушылары да келді. Біз ол кезде студентпіз. 1957 жыл ғой деймін. Сонда жарықтық Түгелбай Сыдықбеков бастап келген қырғыз делегациясының ішінде Мұхаң айтатын атақты манасшы Қаралаев Саяқбай болды. Ол өзі төртбақ, екі иығына екі кісі мінгендей, жұмыр, домалақ, мұрты беліне түсетін кісі екен. Белінде жалпақ белдігі бар.
Автор: Өте келбетті екен ғой.
Мырзатай: Солай. Түгелбай мен басқалары сөйледі. Аалы Тоқомбаев келген. Ол да сөйледі. Өлең оқыды. Мұхаң төрде кездесуді өзі жүргізіп отырды. Не деген жиындар еді. «Ал енді мен осындағы шәкірттерге «Манас» туралы дәріс беріп, талай әңгімелерді айтып жүрмін. Көзі тірі ұлы манасшылардың соңы бүгін міне, ортамызда отырған Саяқбай Қаралаев. Енді «Манастан» бір үзінді тыңдайық», деді Мұхаң. Сахнаға жеке орындық қойған. Саяқбай барып соған отырды. Бір кезде екі қолды сермеп, қызынып, кетті дейсің елпілдеп.
Автор: Қомыз тартпайды.
Мырзатай: Жоқ, олар ешқандай қомыз, музыкалық аспап алмайды қолына. Елпілдеп отырып айтады. Дастан қып айтады. Біз қырғызға жақын болғандықтан ептеп түсініп отырмын. Кейбір жерін түсінбеймін. Бәрі бірдей түсіне бермеген соң, жұрт жалыға бастады. Мұхаң бір кезде «Әй, Саяқбай, жетеді енді, Саяқбай. Тәңір жарылқасын» деді. Тыңдамайды. Тоқтайтын түрі жоқ. Мұхаң орнынан тұрды. Жұрттың бәрі ду күлді. «Әй, Саяқбай...» десе де қарамайды. «Саяқбай, бүгінге жетеді... жетеді, қой енді» дейді Мұхаң. Содан амалсыздан «Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойдыра алмады дегеннің кері осы...» деді Мұхаң. Саяқбай сонда ғана жырлауын тоқтатты. Студенттік кезден есімде қалған ең жақсы кеш болып еді.
Автор: Сәті түскенде сіздер қырғыздың ең соңғы атақты манасшысын тыңдаған екенсіздер ғой.
Мырзатай: Иә. Соған ұқсас тағы бір кеш есімде. Оған да қонақтарды Мұхаң өзі бастап келді. Леонид Леонов, Корнейчук, Леонид Соболев, Степан Шипачев, меніңше Сергей Михалков та бар. Сонда бүкіл Кеңес Одағында Корнейчуктің «Над Днепром» деген пьесасы қойылып, дүркіреп тұрған. Украинаның жазушысы. Мұхаңмен қосқанда осы алты жазушы сол жылы Америкаға барған. Әңгіменің бәрін жаңағы қонақтар айтты. «Қай жерге, қай қалаға барсақ та, алдымыздан Әуезовтің кітаптары шығады. Шығармалары ағылшын тіліне аударылған. Барлық жерде бар. Әуезовті бәрі біледі. Ал біздің бірімізді білсе, бірімізді білмейді. Олардың сұрақтары да астарлы, өте терең сұрақтар қояды. Соның барлығынан «многоуважаемый Мұхтар Омарханович нас выручал» дескен еді олар. Білім ғой, телегей теңіз. Жер дүние әдебиетінің тарихын білетін адам ғой. Сонда әртүрлі кездесулерде қиын сұрақтарға Мұхаң жауап беріп құтқарады екен жанындағы серіктерін. Сөйтіп бәрі ризашылығын айтты. Сонда, «шіркін-ай, Әуезов құсап елдің атынан сөйлеп жүрсең, қанекей» деп армандадық. Оған жалғыз Әуезов жетті, басқа ешкім жете алмады.
Автор: Сіз Мәрия жеңгемізбен университеттің соңғы курсында қосылдыңыз емес пе?
Мырзатай: Иә. Оның өзінше тарихы бар. 1958 жылы ғой деймін. Төртінші курста оқимыз. О кезде педпрактика деген болады. Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепке кеттік. Мектептің завучы Сейітхан Исаев. Директоры Байжанов – момын кісі еді. Күнде жайлап ұрттап алып, ешкіммен сөйлеспей, үндемей жүретін. Сейітхан ағамыз тарихтан сабақ береді. Барғаннан кейін бізге қосымша міндеттер жүктейді ғой. Сол кезде мен мектептің завучы болып шықтым. Сейітхан ағаның әйелі райисполкомның жауапты хатшысы. Жұмысы көп, әйтеуір бірде анда, бірде мұнда деп кетіп жататын. Сейітхан ағай маған сенді де, мектептің завучының міндетін атқардым. Жұмыстың бәрін істеймін. Сабақты өзгерту, мұғалімдерді қадағалау – бәрі де менің міндетім болды.
Автор: Жақсы практика болған екен ғой.
Мырзатай: Жақсы практика болды. Бір күні директор: «Мырзатай, мен саған Сейітханнан да жақынмын ғой, менің де міндетімді атқарсайшы» деді. «Аға, қол қоятын жағын өзіңіз қойыңыз, жұмысты жүргізе берейін» деппін. Сөйтіп директордың да міндетін атқардым. Сол кезде мектептегі оныншы класта мықты балалар оқыды. Осы класта Нұрсұлтан Назарбаев та оқушы еді. Мен ол туралы жаздым. Ай маңдайы жарқырап, екі көзі оттай жанып отыратын.
Менің айтайын дегенім, Мәрия екеуміз бір группада оқыдық. Көңіліміз жақындай бастады. Өзі пысық, әкесі соғыста жоқ боп кеткен. Өзім сияқты жоқшылық, қиындықты көп көрген. Драптан тіккен жұқа көк пальтосы болатын. Тігісі әбден қырылып, өзі шеберханаға беріп, астарын қайта айналдырып тігіп, киіп алды. Өкшесі биік емес, қоңыр туфлиі болды. Ылғи осы туфлимен жүреді. Тап-тұйнақтай болып жүретін. Өте таза. Ол кезде киноға билет алғанда Мәрияға және жанындағы қыздардың бәріне бірдей алатынмын. Есесіне, олар стипендия алған сайын ақша жиып, бір айға жететін азық-түлік алады. Аш болмайтынбыз, өздері күніге біреуі кезекшілік етіп, тамақ істейтін. Соларға асыранды қазы болдық. Практикада Мәрия екеуміз жақындай түстік. Практика аяқталарда ауданның орталығында Әуезовтің «Абай» трагедиясын қойдық. Халық сыймай кетті, есігін сындырып кірді. Сонда мен – Айдарды, Мәрия – Ажарды ойнадық. Сол спектакльден кейін үйленейік дедім. Сөйтіп, Абай атындағы қазақ орта мектебі, Қаскелең, асыл Мұхаңның Абайы жетелеп, үйленуімізді тездетті.
Автор: Президент оқыған мектеп қой.
Мырзатай: Иә, Президент оқыған мектеп. Біз бесінші курсты бітіреміз деп жатқанда, тойымызды жасадық. Әрі бітірдік, әрі қосылдық. Ол кезде тұрмыс нашар. Менің ағам Шымыртай үй салам деп несие алған екен, үй салмады, тойға жұмсадық. Онысы да болар болмас ақша еді. Калининдегі студенттік жатақхананың асханасы, дастарқанда тұздалған капуста, помидор, елден әпкем бір қой, Шымыртай бір қой сойып әкелді. Арақ-шарап алдық. Той жасап, пәтерге шықтық.
Содан, оқу бітіретін жылы менің одан арғы тағдырымды тағы да Мұхаң шешті. 1960 жылы май айында бесінші курста оқып жүргенімде Жазушылар одағының драматургияға арналған пленумына қатыстым. Ол уақытта кез келген жиынға Мәскеуден біреу келіп қатысу шарт еді ғой. Сонда өкіл болып Афанасий Салынский келіп қатысты. Совет Одағы Жазушылар одағынан. Пленумда сөз кезегіне жазылып қойғам, маған сөз берді. Мұхаң президиумда отыр. Ғабит Мүсіреповтің «Известияның» меншікті тілшісі Бреуспен бірігіп жазған «Сен қайтер едің?» деген пьесасы Қазақ академиялық драма театрында жүріп жатқан. Мазмұны түк емес. Бір шопан мал жайып жүріп жауын-шашын болып, дауыл тұрып, адасып кететіні туралы түкке тұрмайтын, әрі кетсе бір очеркке жүк болатын дүние. Содан пьеса жазыпты. Негізін Бреус жазған да, оған бір атақты адам керек болып, Ғабеңнің атын қосып, қаламын бір-екі сүйкеп, екеуінің атынан шығарған деп ойлаймын. Студентпіз, кімнен қорқамыз. Алдым да сынадым. Сол кезде жұрттың бәрінің «Мұның арты не болар екен» деп отырғанын байқадым. Алдыңғы қатарда Ахмет Жұбанов, атақты әртісіміз Серке Қожамқұлов, тағы басқа да атағынан ат үріккендей өнердің, әдебиеттің қайраткерлері отырды. Мен мінбеде сөйлеп тұрмын. Залдың алдыңғы қатарынан айтылған кейбір сөздерді де құлағым шалып қалып жатты. Серке Қожамқұлов ағамыздың: «Әй, мынау әлі табанына шоқ баспаған бала ғой» деген сөзін анық естідім. Бір кезде залға жайлап, маңғазданып Ғабит Мүсіреповтің кіріп келе жатқанын көзім шалды. Ырғала басып, төрге қарай жүріп келеді. Жұрт сілтідей тынды. Ішінен демалды. Енді не болар екен дегендей, бірде маған, бірде Ғабеңе қарайды. Ғабең төрдегі орнына жайғасып, бұрылып маған қарап отырып, сөзімді мұқият тыңдады. Мен сол кезде «Шахмет Құсайыновтың драматургиясы» деген дипломдық жұмысымды жазып жүргем, драматургияның теориясын білемін. Әділ сынадым. Аяғында: «Ғабит аға, сіз қазаққа «Оянған өлке» сынды ғажап романды берген адамсыз. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды», «Ақан сері – Ақтоқтыны» берген данасыз. Пұшайман болған Ақанның жанын жалдап: «Ей, қарауылдың қазағы! Жүрегімді қолқасымен суырып ал да, құмға аунатып итке таста!» дейтін жеріңіз бар еді ғой. Олар классика ғой. Біз, жастар, Сізді мына пьесадан қызғанып жүрміз. Осыны сахна төріне шығармай, итке тастайтын-ақ жөніңіз бар. Сіз қазақтың Ғабит Мүсірепов деген ұлы жазушысысыз. Бәріміз сүйетін Ғабит ағасыз» дедім. Алдында бір түрлі болып қарап отыр еді, мына сөздерден кейін жіби бастады.
Пленумның соңында Бек Тоғысбаев жүгіріп келіп, «сені Мұхаң шақырып жатыр» деді. Мен сөйлеп тұрғанда Мұхаң сөзімді Салынскийге сөзбе-сөз аударып отырғанын байқағам. Одақтың бірінші хатшысы отыратын үлкен бөлмеге ендім. Төрде Әуезов пен Мәскеуден келген драматург Афанасий Салынский екеуі отыр екен.
– Бәлі, Мырзатай шырақ, өте жақсы сөйледің, біліп сөйледің. Сын осындай шын болуға керек. Расын айтпаған жалтақ сынның әдебиетке пайдасы жоқ. Әсіресе, өздерің секілді әдебиетке жаңа келген біздің жастарымыз әділ болулары керек. Сөзің ұнады. Білімнің пайдасы деген осы. Өзің университетті қашан бітіресің? – деп іштарта сөйледі.
– Осы жазда.
– Қызметке қайда бармақшысың?
– Биыл бітіретін жастар бәріміз Теміртауға барып бүкілодақтық екпінді құрылысқа қатысамыз деп жүрміз.
Мұхаң түтігіп кетті.
– Бәлі, Теміртауың темір балқытатын жер емес пе? Басқа басқа, сендерге не бар онда? Алған білімің құмға құйған су секілді болмай ма? Ол неғылғаның? Мәскен апайың, Есмағамбет те сені кафедрада қалдырсақ деп жүр ғой. Жөні осы болар еді.
Осыны айтып Мұхтар Әуезов хатшы келіншекке: «Мені университеттің ректорымен қосшы», деді.
Көп ұзамай телефон шылдыр етті. Мұхаң телефон құлағын көтеріп, университеттің ректоры Темір Байбосынұлы Дарқанбаевпен сөйлесіп жатты. Ту сыртынан естіп тұрмын.
– Темір Байбосынұлы, қазақ әдебиеті кафедрасына бір орын керек, Жолдасбеков деген бесінші курстың студенті бүгін Жазушылар одағының пленумында жақсы сөйледі. Келешегі бар жастарды кафедраға алып қалған жөн болар еді. Кафедра да осы пікірде көрінеді, – деп қоңыр үнмен ректорды иландырып жатты.
Жас та болсақ сеземіз, Мұхаңның атақ-абыройының асқақтап тұрған кезі, кім қарсы келе қоюшы еді. Дәл сол сәтте менің панам да, қамқоршым да, ең жақыным да Мұхтар Әуезов болып көрінді.
Ертеңіне ректор Дарқанбаевқа келдім. Ол кісі мені қазақ әдебиеті кафедрасының ассистенті етіп жарты ставкаға алды. Жалақысы 52 сом 50 тиын екен. Жарты жылдай осы жалақымен күн көрдім. Жарты жылдан соң Мәскен апай ректорға кіріп, мені толық ставкаға көшірді. Оның жалақысы 125 сом болатын.
Алғашқыда қиындықты көп көрдік. Бірге бітірдік қой. Жеңгең, университеттен кейін көк базардың аяғындағы кондитер фабрикасының жанындағы 2-ші типографияда корректор болып істеді. Сөйтіп жүргенде дүниеге тұңғыш қызымыз Ғайни келді. Сонда қызымызды емізу үшін Тастақтағы шөбере ағамның үйінен, жер түбіне таксимен алып барып, қайтып келемін. Үй жоқ, күй жоқ. 11 жыл осындай қиындықтарды көрдік. Студенттік кездерден еске түскен жайлар осы...
Жастық, жігіттік шағым университет аудиториясында қалды. Оның есесіне университеттен бақыт таптым. Университеттің берген білімі, тәрбиесі, білгендерім мен көргендерім, оқығандарым мен көңілге тоқығандарым бүкіл кейінгі өмірімнің игілігіне негіз болды. Өмірлік жолымда ұлттық университеттің, ондағы ғұлама ұстаздардың, ардақты ағаларымның берген тәлімі әркез өзіммен бірге жүрді. Әлі де бірге.
Болат БОДАУБАЙ, жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық
«Алаш» сыйлығының иегері.
Суретте: Мырзатай, Мәриям және Сәбит Оразбаев.